Торғай өңірінде түйткілдер қалай шешіліп жатыр?

Бүгінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы туралы білмейтін адам кемде-кем

Мемлекет басшысы жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бүгінде жай ғана ұран емес, азаматтық қоғам белсенділігінің басты өлшеміне айналды. Билік пен бұқара арасындағы алтын көпір – мемлекеттік аппараттың халық мұқтажына жедел әрі тиімді үн қатуында жатыр.

Осы орайда, Торғай өңіріндегі қордаланған мәселелер жергілікті деңгейде қалай шешіліп жатыр? Атқарушы биліктің тұрғындар талап-тілегіне құлақ асу деңгейі қандай? Тілшіміз Жангелдин ауданы әкімі аппаратының басшысы Ерасыл Қойшыбекпен кездесіп, аймақтың тыныс-тіршілігін зерделеп қайтқан еді.

– Ерасыл Қойшыбекұлы, бұқараны мазалаған мәселелер мен өзекті сауалдарды жинақтау, зерделеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?

-Ең алдымен, халықпен кері байланыс орнатудың басты тетігі – ауыл тұрғындарымен өткізілетін есептік кездесулер. Өткен жылы осындай ашық дидарласу жиындарында тұрғындар тарапынан 81 сұрақ қойылып, оның әрқайсысы бойынша нақты жұмыстар жүргізілді. Әрбір өтініш жіті бақылауға алынып, тиісті сала мамандарымен бірлесе отырып пысықталды.

– Тұрғындар көтерген мәселелердің сипаты қандай, негізінен не нәрсеге басымдық берілді?

– Өтініштердің басым бөлігі табиғи апат салдарымен күреске қатысты болды. Өздеріңізге мәлім, 2024 жылы өңірімізде орын алған ірі су тасқыны кезінде екі бірдей ауылымыз су астында қалды. Содан бері зардап шеккен үйлерді жөндеу, кейбір тұстарда жаңа баспаналар салу жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеміз.

Екінші кезекте, жер қатынастары төңірегіндегі сауалдар өте көп. Ауыл шаруашылығымен, оның ішінде мал шаруашылығымен айналысатын ағайын жайылымдық жер бөлуді сұрайды. Бұл біздің аймақ үшін өте өзекті. Ондай өтініш иелеріне алдымен құқықтық кеңес беріп, жер заңнамасының талаптарын түсіндірудеміз.

Сондай-ақ Шилі ауылының тұрғындары көп жылдар бойы ауызсу тапшылығын айтып, мәселе көтеріп келген еді. Кейінгі уақытта бұл түйткіл де оң шешімін тапты. Онда құны 314 миллион теңге болатын су ұңғымасы мен тиісті инфрақұрылым салынды. Бұл қаржының қомақты бөлігі қайтарылған активтер қорынан бөлінсе, 64 миллион теңгесі облыстық бюджеттен қаралды. Бүгінде Шилідегі су мәселесі күн тәртібінен толық түсті.

Тағы бір өзекті бағыт – мал өлекселерін өртейтін орындардың жайы. Аудан таза мал шаруашылығына бағытталғандықтан, санитарлық талаптарға сай биотермиялық шұңқырлар ауадай қажет. Биыл бес елді мекенде мал өлекселерін көметін қорым салынатын болады. Қазіргі уақытта жер телімдерін рәсімдеу жүріп жатыр.

Біз үшін ешбір өтініш ескерусіз қалмауға тиіс. Мемлекеттік органдардың міндеті – мәселені дер кезінде аңғарып, оның оңтайлы шешілу жолын табу. Жергілікті атқарушы органдар азаматтардың жоғары сатыдағы инстанцияларға шағымдануын күтпей-ақ, мәселені өз деңгейінде жедел шешу керектігін терең ұғынуы қажет.

– Жангелдин ауданында ұялы байланыс пен интернет сапасы біршама жақсарғаны байқалады. Бұл бағыттағы ілгерілеушілік қандай?

– Иә, ауылдарды мобильді байланыспен қамтамасыз ету мақсатына облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта тек Милісай ауылында байланыс жоқ, бірақ бұл бойынша облыс әкімінің нақты тапсырмасы бар. Қазіргі таңда осы бағытта қарқынды жұмыс істеп жатырмыз. Тұтастай алғанда, аудандағы елді мекендердің басым бөлігі байланыс желісіне қосылған. Тек ауылдар арасындағы тас жол бойында байланыстың үзілетіні рас. Жақын арада бұл мәселе де шешімін табады деп ойлаймыз. Себебі қазір біздің аудан арқылы Орталық-Батыс аймаққа шығатын үлкен транзиттік жол торабы тартылып жатыр.

– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының талабы бойынша әкімдер, министрлер мен мемлекеттік мекеме басшылары әлеуметтік желілерде белсенді болып, халықтың арыз-шағымына жедел жауап беруі тиіс. Алайда, сіздердің желідегі парақшаларыңыздан тікелей байланыс телефондарын көре алмадық. Бұған не айтасыз?

– Орынды сын. Шын мәнінде, осы уақытқа дейін жеке парақшамызда байланыс нөмірлері көрсетілмей келгені рас. Бүгінгі таңда бұл олқылықтың орны толтырылып, азаматтардың тікелей хабарласуына мүмкіндік беретін барлық байланыс деректері толықтай жарияланды.

– Биылғы жылдың басынан бері қанша өтініш түсті және олардың сипаты қандай?

– Биылғы өтініштердің барлығы дерлік заңды түрде, яғни «Е-Өтініш» бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы жазбаша форматта келіп түсуде. Ағымдағы жылы «Жангелдин ауданы әкімінің аппараты» ММ-не 128 өтініш түсті. Оның ішінде 66-сы өтініштер, 62-сі ұсыныстар және өзге де мәселелер бойынша.

Мемлекеттік органмен қаралған өтініштер саны – 67. Оның ішінде қолайлы әкімшілік акт қабылданғаны – 1, қолайсыз әкімшілік акт қабылданғаны – 7, өтініштерге жауап берілгені – 52, тоқтатылғаны – 4, басқа мемлекеттік органдарға жолданғаны – 52.

Аудан әкімінің жеке қабылдауында 25 азамат болды. Азаматтар тарапынан көтерілген негізгі мәселелер мал шаруашылығымен айналысу мақсатында жер сұрау, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағыттарына қатысты болды.

Жеке қабылдауға келген барлық азаматтарға тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заңнама талаптарына сәйкес жауаптар берілді.

– Сұқбатыңызға рақмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз.

Сұқбаттасқан – Александра СЕРҒАЗИНОВА

Редактор

Recent Posts

Қызылордадан Торғай даласына

7 баласы бар отбасы Шилі ауылының тіршілігін қалай жандандырды? (далее…)

6 часов ago

Торғай өңірі: Сарысу ауылының әр үйіне таза ауыз су тартылды

Жангелдин ауданына қарасты Сарысу ауылында көптен күткен ауыз су мәселесі шешімін тауып, елді мекен тұрғындары…

6 дней ago

Торғай өңірінің намысын қорғаған

Әсел Дүйсенбі «Үздік оқытушы – 2026» атанды. (далее…)

1 неделя ago

Торғайда өткен «Музей түні» Ыбырай мұрасы ұлықталды

Халықаралық музейлер күніне орай Торғай өңіріндегі Ы.Алтынсарин мемориалды-педагогикалық музейінде дәстүрлі «Музей түні» мәдени шарасы өтті.…

1 неделя ago

Жанкелдин ауданында «Соңғы қоңырау» соғылды 10 оқушы «Алтын белгіге» үміткер

Жанкелдин ауданында мектеп бітіруші түлектер үшін соңғы қоңырау соғылды. (далее…)

1 неделя ago

This website uses cookies.