Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қостанай облысына іссапары барысында Торғай өңіріне барды.
Ол зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының музейлерін аралады. Сондай-ақ Бидайық ауылына барып, Міржақып Дулатұлы мен Кейкі батырдың кесенелерінде Құран бағыштады.
Бас мүфтидің Торғай өңірінің зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу, рухани мұраны сақтау, дін мен дәстүр сабақтастығын нығайту және өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беру мәселелері талқыланды.
Наурызбай қажы Тағанұлы Торғай топырағы қазақ тарихында айрықша орны бар тұлғаларымен қастерлі екенін атап өтті.
«Сіздермен Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, батыр бабаларымыз – Кейкі мен Амангелді Иманов сынды тұлғалар шыққан киелі Торғай топырағында жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Алла Тағала баршаңызға амандық пен күш-қайрат нәсіп етсін», – деді Бас мүфти.
Кездесуде ислам діні мен ұлттық дүниетанымның өзара байланысына да назар аударылды. Бас мүфтидің айтуынша, ғасырлар бойы исламның ізгілікке негізделген құндылықтары қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрпы мен мәдениетіне ықпал еткен.
«Үлкенді құрметтеу, ата-ананы қадірлеу, жетімге қамқорлық жасау, көршімен тату болу, аманатқа адалдық таныту, мұқтажға көмектесу секілді қасиеттер халқымыздың өмір салтынан берік орын алды. Бұл құндылықтар исламның көркем мінез бен ізгі амалға үндейтін қағидаларымен үндеседі», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сондай-ақ ол Құран Кәрімнің «Нахл» сүресіндегі 90-аятты мысалға келтіріп, әділдік пен ізгі амалдың, ағайынға жәрдем берудің қоғам өміріндегі маңызын атап өтті.
Кездесу соңында Бас мүфти ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген азаматтарға ризашылығын білдіріп, өңірдің рухани дамуына бағытталған жұмыстарға береке тіледі.
Сапар барысында Наурызбай қажы Тағанұлы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының музейлерін аралап, тарихи мұралармен танысты. Бұдан кейін Бидайық ауылына барып, Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының кесенесінде Құран оқыды. Жолай Кейкі батырдың кесенесіне де тоқтап, батыр рухына Құран бағыштады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Суреттер облыстық мешіттің баспасөз қызметінен алынды
2027 жылғы көктемгі су тасқынына дайындық облыс әкімдігінде өткен аппарат кеңесінде талқыланды. (далее…)
Туған жерді түлету ағаш отырғызудан басталады. (далее…)
Жангелдин ауданының Жаркөл ауылдық округіне қарасты Тәуіш ауылында жаңа спорт-сауықтыру кешені ашылды. (далее…)
Жангелдин ауданында елге сыйлы ардақты ана, «Торғай қызы» әніне арқау болған Күнжамила Есекейқызының 90 жылдық…
Ұстаздар күні қарсаңында білім саласында 41 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі педагог Жахан…
В этот праздник наурзумцев на сцене было много. (далее…)
This website uses cookies.