Торғайдағы Милісай ауылының тынысы

«Бір бала үшін бір ауыл күресіп жүр»

Торғай даласындағы Милісай ауылы туған жерін сақтап қалуға күш салып келеді. Халық саны азайып, ауылдық округ таратылғаннан кейін тұрғындар елді мекеннің болашағына бейжай қарамады. Бос үйлерді жөндеп, жаңа отбасыларды көшіріп әкелді, балаларға спорт алаңын салып, ортақ нысандарды асармен жаңғыртты. Бүгінде ауылдың басты тірегі – туған жеріне жанашыр тұрғындары.

Жангелдин ауданына қарасты Милісай ауылының тарихы 1974 жылдан басталады. Кезінде Юбилейный кеңшары ретінде құрылған елді мекен 2019 жылы халық санының азаюына байланысты Шилі ауылдық округіне қосылды. Бұл жағдай ауылдың келешегіне алаңдаған жұртты ортақ іске жұмылдырды.

Тұрғындар ауылды сақтап қалудың бір жолы – жаңа отбасыларды тарту екенін түсінді. Осы мақсатта Қызылорда, Түркістан, Шымкент және Ақтөбе өңірлерінен көпбалалы отбасылар көшіріліп, бос тұрған үйлер жөнделді. Ауылда төрт жаңа баспана бой көтерді.

Милісайдың тіршілігін жалғастырып отырған маңызды нысанның бірі – Сырбай Мәуленов атындағы жалпы білім беретін мектеп. 2008 жылы жаңа ғимаратқа көшкен білім ордасы ауыл балаларына 11 жылдық білім береді.

– Халық ауылды сақтап қалуға барын салып жатыр. Көпбалалы отбасыларды көшіріп әкеліп, оқушы санын тұрақтандыруға тырысып келеміз. Ауылда тіршілік үзілмеуі үшін бәріміз бірлесе жұмыс істейміз, – дейді мектеп директоры Толқын Абдрахманова.

Ауылға қоныс аударған жас мамандар да елді мекеннің тынысына үлес қосып жүр. Ақтөбеден келген Ерден дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып еңбек етсе, жұбайы тәрбиеші болып жұмыс істейді. Олар «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы арқылы Милісайға қоныстанған.

Түркістан қаласында дүниеге келген Аида Үсенбай да осы бағдарлама арқылы ауылға келіп, еңбек жолын бастаған. Жас мамандар үшін ауылдағы әріптестерінің қолдауы мен балалардың жетістігі жаңа ортаға бейімделуге көмектескен.

Милісай тұрғындары ортақ мәселелерді бірлесіп шешуге дағдыланған. Ауыл азаматтары мен кәсіпкерлердің, мектеп түлектерінің қолдауымен бұрын тозығы жеткен тойхана жөнделіп, қайта пайдалануға берілді. Балалардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін футбол алаңы салынды. Оған шамамен 4,5–5 миллион теңге жұмсалған.

Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Батыр боламын» жобасы аясында күрес залы ашылды. Ауылда намазхана, монша және демалыс орны да бар.

Мұндай жұмыстардың артында ауыл тұрғындарының ортақ мүддесі тұр. Бірі қаржылай көмек көрсетсе, енді бірі құрылыс жұмыстарына қатысады. Ал мектеп түлектері туған жерімен байланысын үзбей, білім ордасына және ауылдың ортақ қажеттіліктеріне қолдау білдіріп келеді.

Милісайдың әлеуеті әлеуметтік нысандармен ғана шектелмейді. Ауыл маңында егін және мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтар жұмыс істейді.

2025 жылғы мәлімет бойынша, «Күнсұлу» шаруа қожалығы 2 мың гектарға, ал «Новонежинка» ЖШС 9 302 гектарға егін еккен. Шаруашылықтар бидай, арпа және сафлор өсіреді. Сонымен қатар ауылда ет бағытындағы мал шаруашылығымен айналысатын алты шаруа қожалығы бар.

Қолда бар деректерде ауылдағы мал саны 622 ірі қара, 557 ұсақ мал және 223 жылқы деп көрсетілген. Ақбас тұқымды ірі қара өсіретін «Баракат» шаруа қожалығы да жергілікті шаруашылықтың дамуына үлес қосып келеді.

Тұрғындар жергілікті жердің жерасты суын да ерекше атап өтеді. Бірқатар отбасы өз аулаларына құдық қазып, үйлеріне су тартқан.

Ауыл халқының ең өзекті мәселелерінің бірі – ұялы байланыс пен интернеттің жоқтығы. Қазіргі уақытта мектепке орнатылған Starlink спутниктік интернеті білім беру ұйымының қажеттілігін қамтамасыз еткенімен, бүкіл ауылдың байланыс мәселесін толық шешпейді.

Интернеттің қолжетімсіздігі тұрғындардың мемлекеттік қызметтерді пайдалануына, балалардың білім алуына және күнделікті ақпарат алмасуына кедергі келтіреді.

Облыстық ақпараттандыру басқармасының мәліметінше, ауылдың жер бедері мен халық санының аздығы байланыс инфрақұрылымын орнатуды қиындатады. Милісайды ұялы байланыспен қамтамасыз ету мәселесін 2027 жылдың соңына дейін шешу жоспарланғаны хабарланған.

Бұл мәселенің шешілуі ауыл тұрғындары үшін маңызды. Өйткені шалғай елді мекендерде тұратын азаматтар да сапалы байланыс пен заманауи қызметтерге қол жеткізуге тиіс.

Милісайдың бүгінгі тынысы ауылды сақтап қалуда халықтың бірлігі мен бастамасының қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Тұрғындар жаңа отбасыларды қабылдап, үйлерді жөндеп, балаларға жағдай жасауға күш салып келеді.

Ауылда мектептің есігі ашық, егістікке дән себіліп, мал өріске шығады. Ең бастысы, туған жерінің болашағына бейжай қарамайтын халқы бар. Ендігі міндет – осы бастамаларды жүйелі мемлекеттік қолдаумен ұштастырып, Милісайдың тұрақты дамуына жағдай жасау.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттер ауыл тұрғындары мен ауыл әкімдігінен алынды.

admin

Recent Posts

Бас мүфти Торғайда ұлт қайраткерлерінің музейлері мен кесенелеріне барды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қостанай облысына іссапары барысында Торғай…

1 день ago

Жангелдин ауданында су тасқынының алдын алу үшін 7 миллион теңге қаржы қажет

2027 жылғы көктемгі су тасқынына дайындық облыс әкімдігінде өткен аппарат кеңесінде талқыланды. (далее…)

2 дня ago

Жангелдинде мектеп аулалары алма бақтарына айналады

Туған жерді түлету ағаш отырғызудан басталады. (далее…)

3 дня ago

Торғайдың талай тарланын түлеткен Тәуіште жаңа спорт кешені ашылды

Жангелдин ауданының Жаркөл ауылдық округіне қарасты Тәуіш ауылында жаңа спорт-сауықтыру кешені ашылды. (далее…)

1 неделя ago

«Торғай қызы» әніне арқау болған Күнжамила Есекейқызы – 90 жаста

Жангелдин ауданында елге сыйлы ардақты ана, «Торғай қызы» әніне арқау болған Күнжамила Есекейқызының 90 жылдық…

1 неделя ago

Жангелдин ауданы: Ұстаз еңбегі – ұрпаққа аманат

Ұстаздар күні қарсаңында білім саласында 41 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі педагог Жахан…

1 неделя ago

This website uses cookies.