Жангелдинде мектеп аулалары алма бақтарына айналады

Туған жерді түлету ағаш отырғызудан басталады.

Жангелдин ауданындағы үш мектептің ауласында алма бақтарын отырғызу қолға алынды. «Менің аулам – менің бағым» облыстық жобасы аясында жүзеге асып жатқан бастама білім ордаларын көгалдандырып қана қоймай, оқушыларды табиғатты аялауға, еңбекке және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға баулиды.
Жобаға Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов және Амангелді атындағы мектептер қатысып отыр. Мектеп ауласында отырғызылған әрбір көшет – болашаққа жасалған инвестиция. Бүгін оқушылар қолымен егілген алма ағаштары ертең жайқалған баққа айналып, мектептің сәнін келтіріп қана қоймай, жемісін де беруі мүмкін.
Бастаманың жүзеге асырылуына Жангелдин ауданының білім саласы өкілдері де атсалысуда. Аудандық бөлім басшысының міндетін атқарушы Алуа Раисова да жобаға қатысып, игі істің маңызын бөлісті.
«Менің аулам – менің бағым» жобасы бес жылға жоспарланған. Оның алғашқы кезеңінде облыстың 85 мектебі, 12 колледжі және үш жоғары оқу орны қамтылып отыр. 2026 жылдың күзінде осы білім беру ұйымдарының аумағына алғашқы мың алма көшетін отырғызу көзделген. Ал бес жыл ішінде облыс бойынша 100 жеміс бағын қалыптастырып, шамамен 3 мың ағаш отырғызу жоспарланған.
Облыстық білім басқармасының басшысы Ардақ Бегатаровтың айтуынша, әр мектептің ауласында алма бағы болуы туралы бастаманы облыс әкімі тамыз кеңесінде көтерген. Осыдан кейін білім басқармасы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің ғалымдарымен бірлесіп, өңірдің климаттық жағдайына бейімделген алма сорттарын таңдауға кіріскен.
Жобаның ерекшелігі – көшет отырғызумен ғана шектелмейтіндігінде. Әр бақтың күтіміне жауапты адамдар бекітіліп, ағаштардың өсуі мен сақталуы тұрақты бақылауға алынбақ. 2027 жылдың көктеміне қарай отырғызылған көшеттердің кемінде 80 пайызының жерсінуі жоспарланып отыр.
Бұл ретте суару жүйесін ұйымдастыруға, жерді алдын ала дайындауға және көшеттерді дұрыс күтіп-баптауға басымдық беріледі. Өйткені ағаш отырғызу – жұмыстың басы ғана, ал оны өсіріп, баптап, жемісін көру үшін тұрақты еңбек қажет.
Жангелдин ауданындағы мектептер үшін бұл бастама оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастырудың да тиімді жолына айналмақ. Балалар табиғатты қорғау туралы білімді кітаптан оқып қана қоймай, көшет отырғызып, оның өсуін бақылау арқылы тәжірибе жүзінде меңгереді. Сонымен қатар ортақ іске педагогтер мен ата-аналар да тартылып, ұрпақтар сабақтастығы мен еңбекке құрмет қалыптаспақ.
Ең бастысы, мектеп ауласындағы алма бағы уақыт өте келе оқушылардың сүйікті орнына айналуы мүмкін. Бірі ағаштың бүршік жарғанын бақылайды, енді бірі алғашқы жемісін күтіп, оның күтіміне жауап береді. Осылайша, әр көшет баланың табиғатпен байланысын нығайтып, өз еңбегінің нәтижесіне қамқор болуды үйретеді.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Суреттерді жолдаған – Жангелдин ауданы білім бөлімі
admin

Recent Posts

Торғайдың талай тарланын түлеткен Тәуіште жаңа спорт кешені ашылды

Жангелдин ауданының Жаркөл ауылдық округіне қарасты Тәуіш ауылында жаңа спорт-сауықтыру кешені ашылды. (далее…)

5 дней ago

«Торғай қызы» әніне арқау болған Күнжамила Есекейқызы – 90 жаста

Жангелдин ауданында елге сыйлы ардақты ана, «Торғай қызы» әніне арқау болған Күнжамила Есекейқызының 90 жылдық…

6 дней ago

Жангелдин ауданы: Ұстаз еңбегі – ұрпаққа аманат

Ұстаздар күні қарсаңында білім саласында 41 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі педагог Жахан…

6 дней ago

Жангелдиннің Ахаң атындағы екі мектебі «AI Мектеп» жобасына қосылды

Мектеп түлектерін Ұлттық бірыңғай тестілеуге сапалы дайындауға бағытталған «AI Мектеп» жобасына Жангелдин ауданындағы Ахмет Байтұрсынұлы…

1 неделя ago

Торғайдағы Қаратүбек мектебі 100 жылдығын атап өтті

Ғасырлық тарихы бар білім ордасынан академиктер, ғалымдар мен елге танымал қаламгерлер түлеп ұшқан. (далее…)

2 недели ago

This website uses cookies.