Торғайлық ұстаз облыстық марапатқа ие болды.
Қостанайда өткен дәстүрлі тамыз кеңесі білім беру саласындағы жаңа трендтер мен батыл қадамдардың алаңына айналды. Жиында цифрландыру және жасанды интеллектті мектеп өміріне енгізу мәселелері кеңінен талқыланып, өңірдің үздік педагогтері марапатталды. Атаулы шарада қажырлы еңбегімен көзге түскен Жангелдин ауданының ұстазы биік белестен көрінді.
Биылғы кеңестің басты ерекшелігі – заманауи технологиялардың қарыштап дамуы. Жиынды жасанды интеллект негізінде әзірленген Ұмай есімді цифрлық виртуалды жүргізуші жүргізіп, қатысушыларды таңғалдырды. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірдегі білім сапасы артып келе жатқанын атап өтіп, PISA халықаралық зерттеулерінің нәтижесінде облыс көшбасшылар қатарынан көргенін жеткізді. Жаңа оқу жылынан бастап өңір педагогтеріне ChatGPT Edu жасанды интеллект көмекшісін пайдалануға мүмкіндік берілмек.
«Мемлекет басшысы білім сапасы мен жас ұрпақтың дамуына айрықша мән беріп келеді. Бұл бағыт жаңа Ата Заңымызда да көрініс тапты. Бүгінде облыстың білім беру жүйесі 150 мыңға жуық баланы және 36 мыңнан астам қызметкерді қамтиды. Соңғы 3 жылда 15 балабақша, 10 мектеп салынып, 457 нысан жөнделді, оның 30-ы күрделі жөндеуден өтті. Балабақша кезегі 4 есеге, мектептердегі орын тапшылығы 3 есеге қысқарып, 70 мыңнан астам баланың білім алу жағдайы жақсарды.
Биыл тағы 112 нысан жаңартылуда, оның 7-еуі күрделі жөндеуден өтуде. Барлық мектеп жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылған. Соңғы 4 жылда 82 ауыл мектебі заманауи құрал-жабдықпен қамтамасыз етілді. Мұғалімдердің кәсіби құзыретін арттыруға, техникалық және кәсіптік білімді дамытуға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші – 94%, республикада – 83%.
Жаңа оқу жылынан бастап «Цифрландыру жылы» аясында облыс педагогтеріне ChatGPT Edu жасанды интеллект көмекшісін пайдалану мүмкіндігі беріледі. Білім сапасындағы оң динамика халықаралық зерттеулерден де көрінеді. PISA-2022 нәтижесінде облыс үш бағыт бойынша ел көшбасшыларының қатарында: оқу сауаттылығы – 1-орын, математика – 4-орын, жаратылыстану-ғылыми сауаттылығы – 3-орын. Ауыл мектептеріндегі білім сапасы 2023 жылғы 57%-дан 62%-ға өсті. «Таза Қазақстан» бастамасы аясында балалармен бірге ағаш отырғызу, гүлзарлар мен шағын бақтар қалыптастыруды дәстүрге айналдыру маңызды», – деді Құмар Ақсақалов.
Технология мен жасанды интеллект қаншалықты дамыса да, ұстаздың орны бөлек екені жиында ерекше айтылды. Осы орайда, заман талабы мен ұстаздық ұстанымның сабақтастығы туралы ой өрбіткен Жангелдин ауданынан келген ұстаз Әсем Серікбаева жасанды интеллект оқушы мен мұғалімді алмастырмайтынын, тек ойлау көкжиегін кеңейтетін тиімді құрал болуы тиіс екенін жеткізді.
– Менің ойымша, жасанды интеллектіні білім саласына енгізу – заман талабы. Бірақ оған толық сүйеніп кетуге болмайды. Жасанды интеллект педагогті де, оқушыны да алмастырмай, олардың мүмкіндігін арттыратын көмекші құрал болуы тиіс. Бастысы, жасанды интеллект біз үшін ойламауы керек, керісінше, бізге тереңірек ойлауға мүмкіндік беруі тиіс. Дайын жауап алу емес, өз бетінше ойлайтын, зерттейтін және шешім қабылдайтын тұлға қалыптастыру, – деп ой бөлісті Әсем Серікбаева.
Шара соңында салаға сүбелі үлес қосып жүрген бір топ білім беру қызметкері марапатталды. Атап айтқанда, Жангелдин ауданы Қаратүбек жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әсем Дайырова облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
«Бүгін мен үшін ерекше қуанышты әрі толқынысты күн болды. Ұстаздық жолдағы еңбегімнің бағаланып, облыстық деңгейде марапатқа ие болуым – мен үшін үлкен мәртебе. Ұстаз еңбегінің нәтижесі бір күнде көріне бермейді. Күн сайын шәкірттің бойына білім мен тәрбие дарытып, оның жетістігіне қуану – біз үшін үлкен бақыт», – дейді Әсем Дайырова.
Мұғалім бұл табысты тек өзінің ғана емес, әріптестері мен шәкірттерінің және ата-аналардың ортақ еңбегі деп бағалайтынын атап өтті. Айтуынша, көрсетілген сенім алдағы уақытта да мамандығына адал болып, жаңа белестерді бағындыруға үлкен шабыт береді.
Қостанай өңіріндегі бұл басқосу білім сапасын арттыру жолындағы ауқымды жұмыстардың тек бастамасы екенін көрсетті. Ал Жангелділік ұстаздың жетістігі аудан мерейін үстем етіп, жас буынға сапалы білім беру жолындағы табанды еңбектің лайықты бағаланғанын паш етті.
Технологиялық тақырып ауқымды шараның көрме бөлігінде де жалғасын тапты. Мұнда ұстаздар дамытушы ойындармен, цифрлық шешімдермен, робототехникамен және жаңа білім беру форматтарымен танысты. Көрме қатысушыларының арасында Қазақстанның дрон-футбол федерациясы да болды. Федерация президені Әлихан Рыспай бұл жаңа бағытты Қостанай облысында да дамыту жоспарлары бар екенін айтты. Бүгінде елімізде 40-қа жуық команда бар, ал 1-3 қазан аралығында Астанада Қазақстан, АҚШ, Қытай, Гонконг, Корея және Түркия командаларының қатысуымен халықаралық чемпионат өтеді деп жоспарланып отыр.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
Мерейтой аясында ауыл тұрғындары туған жерге тарту жасап, ұлттық спорт пен өнерді ұлықтады. (далее…)
На портале госзакупок объявлен конкурс на приобретение беспилотного летательного аппарата. (далее…)
Асыл тұқымды мал мен ұлттық құндылықтар қатар насихатталды. (далее…)
Жаңа нысан заманауи талаптарға толық сай келеді деп күтілуде. (далее…)
Астана мен Батысты жалғайтын тарихи жол құрылысы Шеген ауылына дейінгі аралықта жүріп жатыр. (далее…)
Жер астынан шыққан қайнар. (далее…)
This website uses cookies.