Жангелдин: Ақкөлде жабайы аңдардың ауылға кіріп кетуі тұрғындарды алаңдатып отыр

Жангелдин ауданына қарасты Ақкөл ауылында жабайы аңдардың елді мекенге жиі келуі тұрғындардың қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық туғызды.

Әсіресе кешкі уақытта көшеге шығу, балалардың сабақтан үйіне қайтуы ата-аналар үшін үлкен уайымға айналған. Тұрғындар қасқыр, түлкі, қабан мен қарсақтың ауыл ішіне кіріп кетуі жиілегенін айтып, тиісті органдардан нақты шара қабылдауды сұрайды.

Ауыл тұрғындарының сөзінше, бұрын түз тағыларын елді мекеннің сыртындағы даладан кездестіру қалыпты жағдай саналса, соңғы уақытта олардың ауыл ішіне дейін кіріп кетуі жиілеген. Бұл әсіресе күз-қыс мезгілінде қауіп төндіреді. Өйткені күн ерте батып, балалар мектептен кеш қайтады. Қараңғы көшелерде жабайы аңдарға тап болу қаупі тұрғындарды алаңдатып отыр.

Ақкөл ауылының тұрғыны Ильяс Жағыпаровтың айтуынша, кешкі уақытта ауыл ішінде жүру қауіпті болып барады. Оның сөзінше, жабайы аңдардың ауылға жақындауымен қатар, көше жарықтарының жиі сөніп қалуы да жағдайды күрделендіріп отыр.

– Кешкілік әсіресе қауіпті. Балалар сағат сегізден кейін сабақтан тарайды. Соңғы уақытта ауыл ішінде қабан, қарсақ, түлкі жүретін болды. Түнде көше жарықтары да дұрыс істемейді, кейде өшіп қалады. Кешегі жағдайды естіп жатырсыздар, қасқырды өлтіргенімен, одан сынама да алынбады. Біз осыған алаңдаймыз. Әсіресе күзгі уақытта мұндай жағдайлар жиі болады. Қауіпсіздігімізге алаңдаулымыз. Аудан әкімдігі тарапынан әзірге нақты шаралар қолға алынбай отыр, – дейді ауыл тұрғыны.

Тұрғындардың айтуынша, мәселе тек жыртқыш аңдардың шабуылымен шектелмейді. Елді мекен көшелерінің жарықтандырылмауы да қауіп деңгейін арттырып отыр. Сондықтан олар ауыл ішіндегі жарықтандыру жүйесін реттеп, жабайы жануарлардың қозғалысын бақылауды күшейтуді сұрайды.
Ақкөл ауылдық округінің әкімі Балғабай Қалиевтің айтуынша, қазіргі уақытта тұрғындардың қолында аңшылық қаруы өте аз. Бұған қоса, қаруға рұқсаты бар азаматтардың барлығы бірдей үнемі ауылда болмайды. Осы себепті жабайы аңдарға қарсы тұрақты әрекет ету оңай емес.

Инспекцияның хабарлауынша, биыл Қостанай облысында жабайы аңдардың елді мекендерге кіріп кету фактісі бірнеше рет тіркелген. Облыстық ветеринария басқармасынан Науырзым және Жангелдин аудандары аумағында қасқырлардың елді мекендер маңынан байқалғаны және малға шабуыл жасағаны туралы екі хат түскен.

Ведомство өкілдері қасқырдың саны реттелетін жануарлар қатарына жататынын жеткізді. Биыл осы мақсатта Науырзым және Жангелдин аудандарына қасқыр атуға шамамен 22 рұқсат берілген.

Ақкөлдегі жағдайға байланысты Жангелдин ауданының әкімі Дінмұхамбет Бидашевке хабарластық.
Аудан басшысының айтуынша, жабайы жануарлардың санын реттеу мәселесі бойынша облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына ресми хат жолданады.

– Жануарлар санын реттеу жөнінде Қостанай облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына ресми хат жолданатын болады. Қазіргі уақытта құзыретімізге сәйкес тиісті хат дайындалып жатыр, – деді аудан әкімі.

Өкінішке қарай, Ақкөл ауылында қасқырдың адамға шабуыл жасауы алғаш рет болып отырған жоқ. Бірнеше жыл бұрын да сыртқа су төгуге шыққан әйелге қасқыр шабуыл жасап, жарақаттаған болатын.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Суреттер ауыл тұрғындарынан алынды

admin

Recent Posts

Торғайда жаңа үйлерге асфальт жол төселеді

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Жангелдин ауданына жаңа тұрғын үйлердің айналасын абаттандыруды тапсырды. (далее…)

21 час ago

Жангелдин ауданында хирург жоқ

Қасқыр талаған тұрғынды бес сағат бойы ауруханаға жеткізді. (далее…)

2 дня ago

Жангелдин ауданында «Құпия сатып алушы» әлеуметтік жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өтті

Жангелдин ауданында мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында «Құпия сатып алушы»…

5 дней ago

Сельчане смогут повлиять на планы развития своих округов и распределение ресурсов

Развитие гражданского общества начинается с вовлечения жителей в решение насущных вопросов на местах. (далее…)

5 дней ago

Жангелдин ауданы: Милісай ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды

Жангелдин ауданында ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында тағы бір маңызды нысан өз жұмысын бастады.…

6 дней ago

Денисов жастарының еңбек нарығындағы белсенділігі артты

Денисов ауданында жастарды жұмыспен қамту деңгейі артқан. (далее…)

6 дней ago

This website uses cookies.