Торғайдың талай тарланын түлеткен Тәуіште жаңа спорт кешені ашылды

Жангелдин ауданының Жаркөл ауылдық округіне қарасты Тәуіш ауылында жаңа спорт-сауықтыру кешені ашылды.

Торғайдың талай саңлақ балуаны шыққан бұл өңірде енді жас спортшыларға жыл он екі ай жаттығуға мүмкіндік беретін заманауи нысан бар.

Тәуіштің спорт тарихы тереңде жатыр. Торғай даласында, соның ішінде Албарбөгет, Ақтөбе мен Сыр бойына дейін аты жеткен небір алып күш иелері өткен. Солардың бірі – ел аузында «Торғайдың Қажымұқаны» атанған Таңатқан Дүйсекейұлы. Халық жадында оның боз кілемдегі балуандық ерліктері туралы әңгімелер мен аңыздар сақталған.

Бұл дәстүр кейінгі буынға да жалғасты. Тәуіштен шыққан Қонысқара Нұрғалиев – Торғай даласынан шыққан тұңғыш спорт шеберлерінің бірі. Ол өмірінің елеулі бөлігін Қаратүбек орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып өткізіп, ауыл жастарының спортқа қызығушылығын арттыруға еңбек сіңірді. Бүгінде оның есімімен Тәуіште волейбол және басқа да спорт түрлерінен дәстүрлі республикалық, облыстық турнирлер өткізіліп келеді.

Жаңа спорт кешенінің ашылуы – осы дәстүрдің жалғасы.

Нысан «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен салынды. Ашылу салтанатына қордың басқарма төрағасы Ләззат Алтынбекқызы, облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлы, аудан басшылығы мен ауыл тұрғындары қатысты.

Жобаның құны – 152,2 миллион теңге. Ұзындығы 44,6 метр, ені 16,6 метр болатын ангар үлгісіндегі спорт залы жыл бойы пайдалануға арналған. Мұнда баскетбол, волейбол, мини-футбол, қазақ күресі және фитнеспен айналысуға мүмкіндік бар.

«Біз су тасқыны кезінде де елге жәрдемдесіп, ауылда жаңа баспаналардың тұрғызылуына көмек қолын созған едік. Сол кезде тұрғындар ауылға спорт нысанының қажет екенін айтқан болатын. Халыққа берген уәдеміздің орындалғанына өзіміз де қуаныштымыз. Бұл игі істер Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асып жатыр», – деді «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Алтынбекқызы.

Ауыл тұрғындары үшін жаңа спорт кешенінің ашылуы ерекше қуаныш болды. Салтанатты шарада ақсақалдар ақ батасын беріп, шашу шашылды. Артынша ауыл жастары жаңа залдағы алғашқы жаттығуларын бастады.

Бүгінде Тәуіш ауылының қазақ күресі мен белбеу күресіне қатысатын балуандары аудандық, облыстық жарыстарда ауыл намысын қорғап жүр. Аудандық спартакиадаларда Тәуіш құрамасы жалпы командалық есепте жүлделі орындардан көрініп келеді. Жас балуандардың арасында облыстық деңгейдегі ұлттық спорт жарыстарына қатысып жүргендері де бар.

Волейболдан да ауылдың өз дәстүрі қалыптасқан. Қонысқара Нұрғалиев қалыптастырған спорт мектебінің жалғасы ретінде Тәуіш волейболшылары аудан көлемінде үздіктер қатарында.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, жаңа нысан спортпен айналысатын жастардың санын арттырып қана қоймай, Тәуіштің спорттық дәстүрін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Сапар барысында қонақтар биыл ғасырлық мерейтойын атап өтіп отырған Қаратүбек жалпы білім беретін мектебінің тыныс-тіршілігімен де танысты.

Бір кездері Таңатқан балуанның даңқы жеткен, кейін Қонысқара Нұрғалиев секілді ұстаз-спортшылардың еңбегімен спорттық дәстүрі жалғасқан Тәуіш үшін жаңа спорт кешенінің ашылуы – жай ғана жаңа ғимараттың іске қосылуы емес. Бұл – ауылдың спорт тарихын жалғайтын жаңа мүмкіндік.

Ендігі кезекте Тәуіштің боз кілемге шығатын жас балуандары мен спортшыларына жол ашық.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген – Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

admin

Recent Posts

«Торғай қызы» әніне арқау болған Күнжамила Есекейқызы – 90 жаста

Жангелдин ауданында елге сыйлы ардақты ана, «Торғай қызы» әніне арқау болған Күнжамила Есекейқызының 90 жылдық…

17 часов ago

Жангелдин ауданы: Ұстаз еңбегі – ұрпаққа аманат

Ұстаздар күні қарсаңында білім саласында 41 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі педагог Жахан…

18 часов ago

Жангелдиннің Ахаң атындағы екі мектебі «AI Мектеп» жобасына қосылды

Мектеп түлектерін Ұлттық бірыңғай тестілеуге сапалы дайындауға бағытталған «AI Мектеп» жобасына Жангелдин ауданындағы Ахмет Байтұрсынұлы…

5 дней ago

Торғайдағы Қаратүбек мектебі 100 жылдығын атап өтті

Ғасырлық тарихы бар білім ордасынан академиктер, ғалымдар мен елге танымал қаламгерлер түлеп ұшқан. (далее…)

6 дней ago

Жангелдинде үш маманға сұраныс жоғары

Жангелдин ауданында медицина саласындағы кадр тапшылығы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. (далее…)

1 неделя ago

This website uses cookies.