Торғай даласында кертағылар екінші рет төлдеді

Торғай даласында қайта жерсіндірілген кертағылардың саны артып келеді. Бұған дейін Қазақстанға әкелінген түз жылқыларының арасынан алғаш рет екі бие төлдеді. Қос құлын да қазір енелерімен бірге жүр. Мамандар олардың жағдайын тәулік бойы бақылауда ұстап отыр.

Ғылыми ортада Пржевальский жылқысы деген атаумен белгілі кертағыларды тарихи мекеніне қайтару жұмыстары соңғы екі жылда қарқын алды. Чехия мен Германиядан жеткізілген жануарлар «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы «Әліби» реинтродукциялау орталығына орналастырылған. Бүгінде олардың жалпы саны жиырмадан асты. Енді Торғай топырағына бейімделген түз жылқыларының табиғи жолмен көбейе бастауы мамандар үшін маңызды жаңалық болып отыр.

«Бұл – кертағыларды Қазақстанның тарихи мекеніне қайта әкелу бағдарламасы аясында қазақ даласында дүниеге келген алғашқы құлындар. 22 тамызда «Әліби» реинтродукциялау орталығында Тесса есімді бие төлдеді. Арада сегіз күн өткен соң, 30 тамызда Умбра атты тағы бір бие құлындады. Қазір қос құлын да енелерімен бірге. Олардың жағдайын резерват мамандары мен Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ұйымының қызметкерлері тұрақты бақылап отыр», – дейді «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының экологиялық ағарту маманы Алтын Тұрғын.

Мамандардың айтуынша, құлындардың да, енелерінің де жағдайы жақсы. Төлдердің жетілуі қалыпты деңгейде. Арнайы мониторинг тобы жануарларды смарт-құрылғылар мен дүрбілердің көмегімен алыстан бақылап келеді. Өйткені кертағылар адам жақындағанын ұната бермейді. Сондықтан мамандар жануарлардың табиғи тіршілігіне кедергі келтірмей, сырттай бақылауға басымдық береді.

Былтыр кертағылардың жұптасуы қыркүйек айында тіркелген болатын. Биелердің қазіргі уақытта төлдеуі де сол кезеңдегі табиғи көбею циклімен сәйкес келеді. Мамандар мұны жануарлардың Торғай даласына біртіндеп бейімделіп келе жатқанының оң белгісі деп бағалайды.

Кертағыларды Қазақстанға қайта жерсіндіру жұмыстары 2024 жылы басталған. Сол жылы елге жеті жылқы әкелінсе, өткен жылы тағы жеті жануар жеткізілді. Ал биыл олардың қатарына сегіз кертағы қосылды. Осылайша тарихи мекеніне қайта оралған жануарлардың саны біртіндеп көбейіп, енді олардың Торғай даласында өздігінен төлдеуі жүзеге асып отыр.

Жобаның негізгі мақсаты – кезінде осы өңірді мекендеген кертағыларды тарихи ортасына қайтарып, олардың табиғи жағдайға бейімделуіне мүмкіндік жасау. Ұзақ мерзімде тұрақты әрі өздігінен көбейетін популяция қалыптастыру көзделген.

Торғай даласында дүниеге келген алғашқы екі құлын – осы ауқымды жұмыстың алғашқы нақты нәтижелерінің бірі. Мамандар үшін бұл оқиға кертағыларды тарихи мекеніне қайтару бағдарламасының жаңа кезеңге қадам басқанын көрсетеді. Әзірге құлындарға ат қойылған жоқ.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суретті түсірген «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватынан алынды

Редактор

Recent Posts

«Торғай» құрамасы «SUPER LIGA» жартылай финалында

Жақында Қостанай қаласында облыстық «SUPER LIGA» Жайдарман ойындарының жартылай финалы өтті. (далее…)

1 день ago

«Албарбөгет» бөгетіне көпфакторлы тексеру жүргізіліп жатыр

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қостанай облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі бірқатар су…

1 день ago

Жангелдин ауданының мал шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмысы сынға алынды

Қостанай облысы әкімдігінде өткен әлеуметтік-экономикалық дамудың тоғыз айлық қорытындысына арналған жиында өңір экономикасының өсімі мен…

2 дня ago

Торғай төріндегі төтенше қызметтің тірегі

Қосылбай Құтмағанбетов – ширек ғасырға жуық уақытын өрт сөндіру қызметіне арнаған тәжірибелі маман. (далее…)

4 дня ago

Жангелдин ауданында су тасқынына қарсы екі нысандағы жұмыс әлі басталмаған

Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында 2027 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық барысы қаралды. (далее…)

1 неделя ago

Торғайдағы Милісай ауылының тынысы

«Бір бала үшін бір ауыл күресіп жүр» (далее…)

1 неделя ago

This website uses cookies.