Categories: Без рубрики

“Еріктілер” жылының елімізге тиген пайдасы зор

Аудан жастары игілікті шаралардың ұйытқысы болды

“Волонтер” сөзінің мағынасын бірі білсе, бірі біле бермейді. Бұл сөз қоғамдық жұмыстарға өз еркімен, өз есебінен белсенді араласушы деп айқындалады. Олардың еңбектері ақысыз. Ал, бүгінгі таңда өмірде алар орны ерекше.

Елбасымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 2020 жыл “Волонтерлар жылы” болып жарияланды. Волонтерлік қызмет заңнамасы бойынша еріктілердің негізгі мақсаттары жеке және заңды тұлғаларға көмек көрсету. Азаматтардың денсаулығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау. Қоғамда өзара көмек және мейірімділік сезімін қалыптастыру болып табылады. Оларға әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектесу міндеттелген. Қазіргі таңда өз еркімен көптеген ұйымдар жұмыс атқарып келеді.  Біздің аудан жастары да тысқары қалған жоқ. Мәселен, қарттарға, азаматтардың әлеуметтік санаттарына көмек беріп жүрген жастарды жиі кездестіреміз. Оған 2018 жылы “Жастар ресурстық орталығының” бастамасымен құрылған “Мейірім” мен “Жалын” еріктілер ұйымы дәлел. Негізгі мақсаты өскелең, ұрпақты еңбекке баулып, ел сүйгіштікке тәрбиелеу. Олардың қатарын биылғы жылы бой көтерген “Шын жүректен” жастар тобы толықтырды.

“Волонтерлар жылы” аясында, “Bilim”, “Asyl mura”, “Saulyq”, “Qamqor”, “Sabaqtastyq”, “Taza Álem”, “Úmit” атты 7 жалпыұлттық жоба жүзеге асырылып келеді. Біз бүгін ерікті жастардың ел мен қоғамға тигізіп жатқан көмектері жайлы әңгіме өрбітетін боламыз.

Марғұлан ҚАСЫМБЕК:

“Мейірім” еріктілер ұйымының белсенді мүшесі. Аталмыш жобаның “Asyl mura” бағытында жұмыс жасап келеді. “Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру” бағдарламасын аймақта іске асыру мақсатында, мектеп оқушылары мен аудан жастарын азаматтық жауапкершілігімен, патриоттық сезімдерін, туған жерге деген жанашырлықты қалыптастырудың міндетерін насихаттады. Торғай даласының көрікті жерлері мен тарихи ескерткіштеріне экскурсия жұмысын өткізді.

Ұлжан МӘЛІКҚЫЗЫ:

Қызмет бағыттарының бірі “Saulyq” шеңберінде белсенділік танытуда. Бәріміз білетіндей күллі әлемді жаулаған індетке қарсы күреске өз үлесін қосты. Осы уақытта аудан халқына сақтық шаралары мен жаппай түсінік жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, аудан жұртшылығына қолдан бетперде (маска) тігіп, таратқан еріктілердің қатарынан  көрінді.

Мәдина СЕНБЕКҚЫЗЫ:

“Taza Álem” бағыты бойынша жұмыс жасап келеді. Бүгінде аудандық эко акциялар мен облыстық сенбіліктер қатысушысы. Облыстық “ЭкоLife”, «Taza Aula” атты акцияларда белсенділік танытқандардың ішінде Мәдина Сенбек өз жауапкершілігімен көзге түскен ерікті.

Томирис ҚАНЫБЕКҚЫЗЫ:

“Шын жүректен” еріктілер ұйымының төрайымы.  “Qamqor” бағыты бойынша “Мейірімді бол” қайырымдылық жәрмеңкелер ұйымдастырып, түскен қаражаттарды мұқтаж жандарға берді. Осы бағыт бойынша Томирис Ақтас көптеген іс-шаралар ұйымдастырды.

Жансая АЯНҚЫЗЫ:

“Шын жүректен” тобының SMM-менеджер қызметін атқарады. Барлық әлемді жайлаған індетке байланысты, республикалық “Мың алғыс” атты акциясы өткізілген болатын. Қан майданның шебінде жүрген ақ халатты жандар мен қатар, көмекке мұқтаж мүмкіндігі шектеулі жандарға ірі қара мал еті таратылып, үйлеріне жеткізу жұмыстарында Жансая Сәбитбек жұмысты асқан жауапкершілікпен атқарды. “Оспанқожа Әулие” мешітінің жанынан бой көтерген мешіт асханасының тазалық жұмыстарына Шын жүректенеріктілер ұйымы атсалысу жолында сауапты істен қалыс қалған жоқ. Игілікті шаралардың ұйытқысы.

Мемлекет тарапынан да еріктілер мен жастарды ынталандыру мақсатында байқаулар мен республикалық жарыстар ұйымдастырылып жүр. Бүгінгі күнге дейін көптеген тәрбиелілік мәні бар жұмыс жасап отырған  жастарымыз, облыстық “Алтын кітап-2020” және халықаралық “Жыл волонтері” байқауына қатысып, бақ сынауда. 2018 жылы аудан көлемінде “Үздік ерікті” атағын иеленген біршама жастарға  салтанатты түрде алғыс білдірілді. Биылғы  жылы да жоспарда бар.

Айналаға көз жүгіртіп қарасаң, көмекке мұқтаж жандар көп. Сол жандарды аяққа тұрғызып, демеу көрсету біздің қолымызда. Өмірде әлі күнге дейін мейірімді жандардың бар екенін, кез- келген жағдайда риясыз қол ұшын соза алатынын көрсете білу керек. Болашақ үміт артар жандардың адами қасиеттермен сусындағаны қуантады. Жасаған жақсылықты азды-көпке баламай, бір адамға емес, мың адамға қол ұшын созуды әдетке айналдырсақ екен…

Гүлжан  БӨЛЕГЕН

Редактор

Recent Posts

Кого освободят от сдачи декларации в 2025 году?

Освободят от сдачи декларации 90% работников частных структур, пенсионеров, домохозяек и студентов (далее…)

3 дня ago

This website uses cookies.