Неге мұнда жан-жақтан ағылады?

Балық аулаудың көкесі қыста екен. Бірақ, «қармақ салдым қап, балық, жемтігіме шап балық» деп кез келген жерге қармақ салуға да болмайды. Оған да еп керек, айла қажет. Қабырға, Торғай өзендерінің суы қатып, мұз жамылған уақыттан бастап-ақ, әуесқой балықшылар олжалы болуға асығады.
Сонау Қостанай, Астана жан-жақтан келетіндер де бар. Әсіресе, шортанды көздейді. Шортан оңайлықпен түсе қоймайды. Оны аулау үшін де түрлі айла-тәсілдерді қолдану керек болады. Балық шабағын аулап, қармаққа іліп, шортанды «шақыру» қажет. Қысқы балық аулауға қажетті қармақтың түріне қарасаңыз, бойы екі қарыс, белінде айналмасы бар, ұш пен зілтемірі шап-шағын ойыншық іспетті. Оның да түр-түрі болады екен.

Психолог мамандар балық аулаудың, оның ішінде, қармақпен аулаудың пайдасы зор екенін айтады. Әуелі адам тынығады, содан кейін шыдамға үйреніп, сабырлылыққа бой алдырады, сонан соң ой қорытады. Ептілікке де бейімдейді. Табиғатқа шыққан адам тынығады. Қаланың қауырт тіршілігін ұмытады. Ал, балық аулауда шыдамсыздыққа бой алдыру жарамайды, сабырды серік етіп үнсіз отыру керек. Үнсіз адамның миында ой қорытылады. Балықты ұстау үшін міндетті түрде ептілік қажет.

Бала кезінен балық аулауды жақсы көретін тағы бір кейіпкеріміз – Мұқағали Құрманғали. Ол Ақкөл ауылының тумасы. Қолы қалт еткен, қармақпен балық аулағанды жаны жақсы көреді. Ол көбіне Ұлы Жыланшық өзенінің бойынан балық аулағанды ұнатады. Ақкөл ауылынан 30 шақырымдай қашықтықта.

– Таза ауада, тыныштықта отырып балық аулаудың өзі адамға ерекше демалыс сыйлайды. Бұл жердің суы терең, балық қармағыңа бірден қабады. Қыста балық әлсірейді. Су да суық. Олардың қармақты қапқаны да қызық. Жарты метрлік қармақты әлсіз түртеді. Аңдысын аңдып, «көрінбейтін» балықты мұз астынан шығаруға да ептілік керек,- дейді Мұқағали

Мұз үстіндегі балықшылардың тіршілігінен басты түйгеніміз – үстіңдегі киімің жылы әрі су өткізбейтін болуы қажет. Әйтпегенде аяғыңнан сыз өтіп, суық тигізіп алу қаупі жоғары. Оның үстіне мұз үстінде соққан жел әдеттегіден күшейеді. Балық аулауға бала кезден әуестенген адамдар үшін ауа райының аса қатты кері әсері жоқ. Әлбетте, қарға қадам көрінбейтін қатты боранды күн болмаса, бет пен қолды қаритын аяз бен өңменнен өтер өкпек желге балықшылар өкпелей қоймайды. Ондай күндері шатыр тігіп, қорғанады.

Балық аулауды сүйікті ісі санайтын азаматтың бірі – Азамат Абельдинов. Аманқарағай кентінен арнайы келіп, Шеген маңын, Қабырға өзені мен Торғай өзені бойын жағалап балық аулауды кәсіпке айналдырған. Үнемі қатынап жүрген соң, ол бұл өңірдегі балық аулаудың қыр-сырын жетік меңгерген. Бірнеше шақырым жерден осы қызық үшін жылына 2-3 келуді әдетке айналдырған.

Азамат соңғы рет былтыр қараша айында Шеген ауылы маңындағы өзеннен балық аулағанын айтады.

– Торғай маңындағы табиғат ерекше көркем. Бұл жаққа келген жан ең алдымен тыныштық пен таза ауаның рақатын сезінеді. Ең бастысы, мұнда балық әрдайым жақсы қабады, су айдынында ірі балық молынан кездеседі.

Көбіне шортан мен алабұға ауланады. Өзім ұстаған ең ірі балықтың салмағы 5-6 келіге дейін жетті. Мұнда жылдың қай мезгілінде барсаңыз да, олжасыз қайтпайсыз, балық тұрақты түрде түседі. Торғай жері – ең алдымен нағыз балық аулау мен тамаша демалысты қатар қалайтындар үшін таптырмас мекен. Әсіресе, жаңадан бастап жүрген балықшыларға бірден ұнайды. Табиғаты көркем, жағдайы қолайлы, ал әсері ұмытылмас. Қыста балық аулау үшін мұз оятын құралдан бөлек арнайы күрке қажет. Күркенің ішінде жылынып, осы жерде қармаққа ілінген балықтардан балық сорпасын әзірлейміз. Осының барлығы қала тірлігінен жалыққан адамға үлкен ләззат сыйлайды. Су жағасының өзі көңіліңді көтереді. Балық аулау – адамды шыдамдылыққа, төзімділікке баулиды, – деп бөлісті Азамат.

Иә, әзірге мұз қалың. Қыр астында көктем. Алайда, балықшылар кейде қызық қуамыз деп жүріп, қауіпке бас тігеді. Әсіресе, мұз бетіне көлікпен шығу арқылы. Әрине, сақтық шараларын ескерту көбіне-көп төтеншеліктерге жүктелген. Олар да тынымсыз тіршілік үстінде. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары балық аулап, демалудың арты қайғылы оқиғаға айналмас үшін әуесқой балықшыларға мұздағы қауіпсіздік ережелерін сақтау керектігін ескертеді.

– Қысқы балық аулау кезінде қауіпсіздік шараларына баса мән беру керек. «Сақтықта қорлық жоқ». Мұздың жұқа және жетілмеген жерлеріне шығуға, мұздың қауіпті учаскелерінде топталып жиналуға болмайды. Ойыққа, жарықшақтарға жақындау, өткелдер үшін бөлінген орындардың шекарасынан тыс көлік құралдарымен мұзға шығу да өміріңізге қауіп тудырады. Мұз үстінде от жағуға, 20 сантиметрден аз қашықтықта мұзды оюға және қоқысты қалдыруға жол берілмейді. Оқыс оқиға орын алған жағдайда «112» немесе «101» телефон нөміріне қоңырау шалу керек,- дейді облыстық төтенше жағдай департаментінің мамандары.

Қыста балық аулау – өзінше қызық. Біреулер оны хобби көреді. Ал біреулер сонау алыстан азғантай олжа табу үшін келеді. Қалай дегенмен, демалыс күні күйбең тірлікті тастап, бір мезгіл сырт жаққа шыққанға не жетсін?!

Шұғыла ЖАҚСЫЛЫҚ

Редактор

Recent Posts

Суға түсу маусымында қауіпсіздік қалай бақылануда?

Жангелдин ауданында жазғы суға түсу маусымы басталғалы бері құтқарушылар мен құқық қорғау органдары күшейтілген жұмыс…

10 часов ago

Шөп шабу науқаны қызу жүріп жатыр

Жангелдин ауданында мал азығын дайындау науқаны қарқынды жүріп жатыр. (далее…)

1 день ago

Туған жер – Торғайға

Жыл басынан бері Жанкелдин ауданы бойынша 4 маман «Жастар практикасы» бойынша жұмысқа тұрды. (далее…)

3 недели ago

Бас жүлдені «Торғай» командасы иеленді

Көкпардан жасөспірімдер арасында өткен чемпионат. (далее…)

3 недели ago

Свыше 90 тысяч сайгаков обитают на территории Костанайской области

При этом количество сайгаков в Казахстане дошло до 5 миллионов. (далее…)

3 недели ago

Торғайда 30 жыл бойы бір орында тапжылмай қызмет етіп келе жатқан мемлекеттік қызметші туралы не белгілі?

Ауылдың таңымен бірге оянып, оның әрбір қуанышы мен мұңын жүрегінен өткізетін жандар болады. (далее…)

4 недели ago

This website uses cookies.