125 жылдық ұстаздық өтілі бар әулет Торғайда тұрады

Торғайда тұратын Хамитовтар отбасын нағыз ұстаздар әулеті деп атай аламыз.

Отағасы Нұрлан Сәбитбекұлы мен жұбайы Жұмагүл Бейсенқызы, ұлдары Нұрсұлтан, Ерсұлтан мен келіндері Тоты, Сымбат, қыздары Гүлжан, Тоғжанның педагогика саласындағы барлық жұмыс өтілін қосқанда 125 жыл екен! Бір үйдің жандары дене шынықтыру, бастауыш сынып, психолог, қазақ тілі мен әдебиеті, биолог, биотехнолог мамандары. Нұрлан аға мен Жұмагүл апа қырық жылдан астам шәкірт тәрбиелеген тәжірибелі педагогтер. Ұл-келіндерінің алды он жылдан астам, кейінгілері енді ғана еңбек жолын бастап келе жатыр.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз осы әулеттің бәйтерегі, саналы ғұмырын білім мен тәрбие саласына арнаған – Нұрлан Хамитов. Өз ісіне адал, көпке үлгі болар азамат қырық жылдан астам білім саласында қажырлы еңбек етіп, бүгінгі күні зейнеттің рахатын көріп отырған асыл жар, ардақты әке, ақылман ата. Алдыңғы буынның тәлімін көрген, талай шәкіртке тәрбиесін берген ұлағатты ұстаздың есімі Жангелдин ауданы жұртшылығына жақсы таныс.
Нұрлан Сәбитбекұлы 1962 жылдың 13 шілдесінде қасиетті Торғай селосында дүниеге келген. 1969 жылы Торғай орыс мектебінің табалдырығын алғаш аттап, 1979 жылы осы білім ордасын ойдағыдай тәмамдайды.

Мектеп бітірген сол жылы Целиноград инженерлік-құрылыс институтына оқуға түсіп, 1984 жылы «ауылшаруашылығы құрылыс инженері» мамандығы бойынша жоғары білім алып шықты. Еңбек жолын Торғай селосындағы ПМК-1505 құрылыс мекемесінде құрылыс шебері қызметінен бастайды. Алайда тағдыр оны көп ұзамай білім саласына жетелеген екен. Сол жылы аудандық агрошаруашылық мекемесі басшылығының бұйрығымен Торғай селосындағы №157 кәсіптік-техникалық училищеге ұстаздық жұмысқа жіберіледі.

«1996 жылы аталмыш оқу орны Ш.Уәлиханов атындағы кәсіптік-техникалық мектеп болып қайта құрылған кезде, осы білім ордасында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде қызметімді жалғастырадым. Кәсіби шеберлігімді арттыру мақсатында үш жылдан кейін Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсіп, 2004 жылы «дене шынықтыру пәні мұғалімі» мамандығын меңгеріп шықтым. Үнемі өз ісіме жауапкершілікпен қарау – мен үшін үлкен жауапкершілік», – дейді ел ағасы.

Кейін Нұрлан Сәбитбекұлы аудандық білім бөлімінде әдістемеші болып еңбек етіп, сала дамуына өз үлесін қосады. 2005 жылдан бастап он алты жыл бойы Ұлттық тестілеу орталығының Торғай селосындағы филиалына директорлық етіп, бұл жауапты қызметті абыроймен атқарды. Сонымен қатар, өткен жылдың қыркүйек айына дейін Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ беріп келді. Жалпы педагогика саласындағы еңбек өтілі – 42 жыл.

Ұлағатты ұстаздың ұзақ жылғы еңбегі жоғары бағаланып келеді: Ұлттық тестілеу орталығы атынан бірнеше алғысхаттар мен мақтау қағаздарымен марапатталды. Сондай-ақ Қостанай облысы білім және ғылым ұйымдары қызметкерлері кәсіптік одағының төсбелгісіне және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының 30 жылдық мерейтойлық төсбелгісіне ие болды.

Өмір жолында бағыт-бағдар берген тәлімгерлерін Нұрлан Сәбитбекұлы әрдайым ерекше құрметпен еске алады. Наурызбай Ақышев, Шүкір Шынбергенов ағайларына, сондай-ақ Айман Смағұлова, Рая Халықова апайларына, Бақыт Мизамбеков ағасына деген ризашылығы шексіз.
Жастарға айтар ақылы да салмақты: өз мамандықтарының нағыз шебері болуға ұмтылу, бір орында тоқтап қалмай, білімін үнемі жетілдіру. «Қазір технология қарыштап дамыған заман. Интернет пен жасанды интеллектіні тиімді пайдаланып, заман ағымына ілесу керек», – дейді ол.

Нұрлан Хамитов – өнегелі отбасының тірегі. Өмірлік жан жары Жұмагүл Бейсенқызымен төрт перзент сүйді. Балалардың алды аяқтанып, немерелі болып отырған ата мен әже.

Өткен күзде Нұрлан Хамитов зейнеткерлік демалысқа шықты. Әріптестер тарапынан оқу жылын аяқтап тастаңыз деген ұсыныс болған соң, алдағы мамыр айының соңын күтпекші. Әйтпесе тәжірибелі мұғалім «Жастарға жол беру керек» деген ұстанымды берік ұстанады. Дегенмен, зейнеттегі өмірін де белсенді өткізіп жүр: немерелеріне қарап, сабақтарына көмектеседі, балабақшаға апарып-алып келеді. Бос уақытында таза ауада жолдастарымен бірге балық аулағанды жаны сүйеді.

Еңбекке адалдықты, ұстаздыққа деген шынайы жауапкершілікті өмірлік қағидасына айналдырған Нұрлан Сәбитбекұлының атқарған қызметі – кейінгі буынға өнеге боларлық игі іс.

Шұғыла ЖАҚСЫЛЫҚ
Суреттер кейіпкердің өзінен алынды

Редактор

Recent Posts

Торғай өңірі: Сарысу ауылының әр үйіне таза ауыз су тартылды

Жангелдин ауданына қарасты Сарысу ауылында көптен күткен ауыз су мәселесі шешімін тауып, елді мекен тұрғындары…

3 дня ago

Торғай өңірінің намысын қорғаған

Әсел Дүйсенбі «Үздік оқытушы – 2026» атанды. (далее…)

4 дня ago

Торғайда өткен «Музей түні» Ыбырай мұрасы ұлықталды

Халықаралық музейлер күніне орай Торғай өңіріндегі Ы.Алтынсарин мемориалды-педагогикалық музейінде дәстүрлі «Музей түні» мәдени шарасы өтті.…

4 дня ago

Жанкелдин ауданында «Соңғы қоңырау» соғылды 10 оқушы «Алтын белгіге» үміткер

Жанкелдин ауданында мектеп бітіруші түлектер үшін соңғы қоңырау соғылды. (далее…)

5 дней ago

В Джангельдинском районе отремонтируют водоочистное сооружение

В селе Аралбай проведут текущий ремонт водоочистного сооружения, на эти нужды из бюджета выделено более…

1 неделя ago

This website uses cookies.