Жанкелдин ауданыдағы тарихи мұражайға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінді

Күрделі жөндеу көрмеген мұражай

Осыдан 32 жыл бұрын салынған Шақшақ Жәнібек тарихи мұражайына биыл ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осы уақытқа дейін күрделі жөндеу жұмыстары мүлдем жасалмаған. Жергілікті билік өкілдері қаншама рет ұсыныс айтып, облыстық басқармаларға хат жолдағанмен әлі күнге шешімін таппай келеді. Мүмкін олар Тархан Жәнібектің кім екенін білмейтін шығар. Болмаса міндетті түрде батыр бабамыздың мерейтойы болуы керек пе? Сөздің шындығы керек, Ахмет атамыздың 150 жылдық мерейтойы болмағанда аудан орталығындағы мұражайы күрделі жөндеуден өтпес еді.

Енді биыл қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойы. Бидайық ауылындағы кесенесіне қайта жөндеу жұмыстары жасалады деп күтілуде. Жәнібек бабамыздың мұражайына күрделі жөндеу жұмыстарын жасаса, еш артықшылығы болмас еді. «Айта айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегеннің кебін кигелі қашан. Әлде облыстық басқармалардың құлақтары естімеуге айналған ба? Аталған мұражайдың сыртын қаптап және төбесін қайта жасау үшін облыстық бюджеттен 45 млн теңге қаржы бөлінген. Жетім қыздың тойындай қылып, жөндеу жұмыстарын жасағандарына жол болсын. Бұл мәселені республикалық деңгейде көтеріп, Торғай халқының атынан күрделі жөндеу жұмыстарын жасау жөнінде хат жолдау керек. 18 жылдан кейін Жәнібек бабамыздың 350 жылдығы. Оған дейін бұл мұражайдың не боларына кім кепіл?

«Шақшақ Жәнібек — қазақ халқының батыр биі, Әбілқайыр хан тұсында ел бірлігін сақтап, әділет жолында аты шыққан тарихи тұлға. Оның есімі Торғай даласының тарихында алтын әріппен жазылған. Мұражайда Жәнібек бидің өмірі мен ерлігіне, сондай-ақ XVIII ғасырдағы қазақ қоғамының тыныс-тіршілігіне қатысты құнды жәдігерлер сақталған. Бұл мекеме ұрпаққа ұлттық рухты жеткізуші рухани орда болып саналады. Биыл облыстық бюджеттен 45 миллион теңге көлемінде қаражат бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланды. Наурыз айында мемлекеттік сатып алу порталы арқылы конкурс жарияланып, оның нәтижесінде “Строй-Монтаж KZ-01” ЖШС жеңімпаз болып танылды. Жөндеу жұмыстарына қатысты келісімшарт 2025 жылдың 11 сәуірінде жасалып, оның жалпы сомасы 35 145 900 теңгені құрады. Жөндеу жұмыстары мұражайдың техникалық қауіпсіздігін күшейтіп, келушілер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Аудан халқы бұл жаңалықты жылы қабылдап, тарихты құрметтеудің нақты көрінісі ретінде бағалап отыр», – дейді Торғай мұражайларының директоры Гүлбану Сәрсекей.

Құрылыс жұмыстарының сапасына мән беріп, үнемі қадағалап отыру керек.

Байбатыр АХМЕТБЕК

Редактор

Recent Posts

Участок автодороги в Костанайской области станет платным с 28 апреля

И.о. министра транспорта подписал приказ от 11 апреля 2025 года, согласно которому участок республиканской трассы…

4 дня ago

This website uses cookies.