Жангелдин ауданының экономикасында ауыл шаруашылығы жетекші орын алады.
Өңірде мал шаруашылығын дамыту, егіншілік өнімділігін арттыру, асыл тұқымды мал басының үлесін көбейту және шаруашылықтардың техникалық базасын жаңарту көзделген. 2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша салада бірқатар көрсеткіштер қалыптасып, өндірістік әлеуетті арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Аудан әкімі Дінмұханбет Бидашев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі көрсеткіштеріне тоқталды.
«Осы жылдың тоғыз айында ауданда 52 093 бас ірі қара мал тіркеліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,7 пайызға өсті. Оның ішінде аналық мал басы 30 330 басты құрап, 3,3 пайызға артты. Жылқы саны 20 871 басқа жетіп, өсім 5 пайызды құрады. Ал қой-ешкі саны 66 964 басты құрап, өткен жылмен салыстырғанда 5,4 пайызға төмендеді. Аудандағы түйе саны – 162 бас. Мал шаруашылығында өндірілген өнім көлемі 9 млрд 890,5 млн теңгені құрады. Малдың тұқымдық сапасын жақсарту да назардан тыс қалған жоқ. Ірі қара малдың барлық санаттары бойынша есепке алынған 23 672 аналық бастың 2 276-сы тұқымдық түрлендіру жұмыстарына қатыстырылды. Қамту үлесі 9,1 пайызды құрады. Алдағы уақытта асылдандыру жұмыстарын күшейтіп, сапалы мал басының үлесін арттыру міндеті тұр», – деді аудан әкімі.
Егін шаруашылығында да жұмыстар жүйелі жүргізілуде. 2026 жылы аудан бойынша 17 шаруа қожалығы мен 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік жалпы көлемі 42 745 гектар жерге егін екті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 пайызға жоғары. Күзгі егін жинау науқаны толық аяқталды.
Нәтижесінде дәнді дақылдардың орташа түсімділігі гектарына 8 центнерді құрап, жалпы 23,4 мың тонна өнім жиналды. Майлы дақылдардың 18,3 мың гектары орылып, орташа түсімділік гектарына 6 центнер болды. Жалпы өнім көлемі 11 мың тоннаны құрады. Егін жинау науқанына 829 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді.
«Мал қыстату кезеңіне дайындық жұмыстары да жоспарға сәйкес жүргізілді. 2025-2026 жылдардағы мал қыстату кезеңіне 1,5 жылдық есеппен 197,6 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланып, бұл міндет толық орындалды. Оның ішінде шаруа қожалықтары 113,1 мың тонна, жеке тұрғындар 84,5 мың тонна мал азығын жинады. Жоспар екі бағыт бойынша да 100 пайызға орындалды», – деді аудан басшысы.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өндірістік мүмкіндіктерін арттыруда техниканы жаңарту маңызды рөл атқарады. Мемлекеттік «Жеңілдікті лизинг» және «Қазақстанда жасалған» бағдарламалары арқылы жыл басынан бері 1 фронталды жүктиегіш пен 15 дөңгелекті трактор сатып алынды. Жаңа техникалардың жалпы құны 228,7 млн теңгені құрады.
Жер ресурстарын тиімді пайдалану бағытында да жұмыстар атқарылуда. Ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру мақсатында 15 маусымда 7 лот бойынша конкурс өткізілді. Конкурсқа ұсынылған жер көлемі 19 мың гектарды құрап, қорытындысы бойынша 7 жеңімпаз анықталды. Сонымен қатар 2026 жылдың тоғыз айында электрондық аукционға 8 жер учаскесі шығарылды.
Ауыл шаруашылығы саласын дамытуда мемлекеттік қолдау бағдарламаларының мүмкіндіктерін пайдалану да өзекті мәселе болып отыр. Қазан айының соңында Қостанай облысы әкімдігінде өткен аппарат кеңесінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов Жангелдин ауданынан «Игілік», «Жайлау» және «Береке» бағдарламалары бойынша бірде-бір өтінім түспегеніне назар аударып, бұл бағыттағы жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті
Аталған бағдарламалар асыл тұқымды мал сатып алуға, жаңа фермалар салуға және жайылымдық мал шаруашылығын дамытуға бағытталған. Сонымен қатар кепілдік қамтамасыз ету жеткіліксіз болған жағдайда, «Даму» қоры арқылы несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдік беру мүмкіндігі қарастырылған.
Осы мәселеге қатысты аудан әкімі Дінмұханбет Бидашев бағдарламалардың іске қосылу мерзіміне түсініктеме берді.
Оның айтуынша, бағдарламалар 2026 жылғы жоспарды бекіту кезінде енгізіліп, тиісті ережелері шілде айында ғана бекітілген. Сондықтан шаруашылықтардың құжаттарын рәсімдеу және өтінімдерді тиісті қаржы ұйымдарына ұсыну жұмыстары әлі де жалғасуда.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Үкіметі мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын мақұлдаған болатын. Аталған құжат отандық асыл тұқымды мал шаруашылығының әлеуетін нығайтуға, табынның генетикалық сапасын жақсартуға және саланы жүйелі түрде жаңғыртуға бағытталған.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Денисов ауданында жастарды жұмыспен қамту деңгейі артқан. (далее…)
Название, которое переводится как «Голос степи», точно отражающее суть: простор Родной земли, уважение к традициям…
Жангелдин ауданында халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету және алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жүйелі…
Туған жердің табиғатын түлетуге бағытталған игі бастамаға Құрылтай депутаттары қолдау білдіріп, аудан тұрғындары жаппай атсалысты.…
«Таза Қазақстан» жұмыстары жалғасуда. (далее…)
Жангелдин ауданының тарихы ел тәуелсіздігінің қалыптасу кезеңімен сабақтас. (далее…)
This website uses cookies.