Жангелдин ауданы: Екі оқушы республикалық жеңіс төрінде!

«Ақберен» байқауында аудан намысын қорғаған қос шәкірт те жүлделі оралды.

Торғай топырағы тағы бір қуанышқа кенелді! Өнері мен өрісі бөлек, талабы таудай жас өрендеріміз республикалық деңгейдегі байқауда топ жарып, аудан мерейін асқақтатты. Ақмола облысының Щучинск қаласында өткен «Ақберен» республикалық өнер байқауында Жангелдин ауданының Шоқан Уәлиханов атындағы Торғай жалпы білім беретін мектебінің қос оқушысы жүлделі орындарға ие болып, елге олжалы оралды.

8-10 қараша күндері өткен байқауға Қазақстанның барлық өңірінен 100-ге жуық дарынды оқушы қатысты. Сөз өнері мен шешендік шеберлік, көркемсөз оқу және әдеби ойлау қабілеті сынға түскен додада Қостанай облысының намысын бес оқушы қорғады. Солардың қатарында ауданымыздың атынан барған 11-сынып оқушылары Серікбол Мәдина мен Ибраев Данияр да бар.

Аудандық және облыстық кезеңдердің жеңімпаздары атанып, республикалық сынға жолдама алған қос талапкер бұл жолы да үмітті ақтады. Мәдина «Эссе және әдеби ойлау» номинациясында, ал Данияр «Көркемсөз оқу» номинациясында бақ сынап, республикалық байқаудың жүлдегерлері атанды.

Бұл жеңістің орны ерекше. Өйткені қос оқушы үшін «Ақберен» байқауының республикалық кезеңіне қатысу – алғашқы тәжірибе. Соған қарамастан, олар өз білімдері мен өнерлерін жоғары деңгейде көрсетіп, алғашқы республикалық сапарларын жарқын жетістікпен қорытындылады.

Жас жүлдегер Серікбол Мәдина болашақта журналист болуды армандайды. Оның айтуынша, республикалық байқау жаңа ортада өзін танытып, білімін сынауға үлкен мүмкіндік берген.

– Республикалық байқауға бірінші рет қатысуым. Ең алдымен, осындай жоғары деңгейдегі додаға қатысу мен үшін үлкен тәжірибе болды. Әрине, жүлделі орынға ие болғаныма қуаныштымын. Бұл байқау маған өз білімімді сынап қана қоймай, жаңа ортада өзімді көрсетуге мүмкіндік берді. Мен үшін ең бастысы – алған орным ғана емес, осы жолда жинаған тәжірибем мен үйренгенім. Алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыруға тырысамын, – дейді Мәдина.

Шәкірт жетістігі – ұстаз еңбегінің жемісі. Қос оқушының байқауға дайындығына жетекшілік еткен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сымбат Кенжеғалиқызының еңбегі зор. Оқушыларының қабілетін танып, талабын ұштап, республикалық деңгейдегі додаға дайындаған ұстаз үшін де бұл жеңістің орны бөлек.

Биылғы «Ақберен» байқауында Қостанай облысының өзге қатысушылары да жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының 10-сынып оқушысы Қайырбай Айсере «Шешендік өнер және сөз сайысы» номинациясы бойынша III орын иеленсе, Қостанай ауданындағы Қадыр Кәрімов атындағы жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Болат Аяжан ерекше жетістігі үшін грамотамен марапатталды.

Қос шәкірттің қос жүлдесі – ауданның білім саласындағы жетістігінің тағы бір жарқын көрінісі. Бұл жеңіс жас ұрпақтың бойындағы талап пен таланттың, табанды еңбектің нәтижесі. Торғайдан түлеген өрендердің алар асуы әлі алда. Жеңісті жолдары жалғасын тауып, биік белестерді бағындыра берсін!

Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Суреттерді жолдаған – Сымбат Кенжеғали

admin

Recent Posts

Жангелдин ауданы: Шалғай ауылдарға да жылдам интернет жетеді

Жангелдин ауданында цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. (далее…)

9 часов ago

В Костанайской области восстанавливают популяцию куланов и лошадей Пржевальского

В государственном природном резервате «Алтын Дала», расположенном в Амангельдинском и Джангельдинском районах Костанайской области, продолжается…

1 день ago

Жангелдин ауданында тоғыз ауылда ветеринариялық пункт салынып жатыр

Биыл Жангелдин ауданында мал шаруашылығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ветеринариялық қызметтің қолжетімділігін арттыру бағытында жұмыстар…

2 дня ago

Жангелдин ауданында үш ауылда медициналық пункт салу жоспарланып отыр

Торғай өңірінде хирург пен фельдшер мамандарына сұраныс бар. Алдағы екі жылда Тәуіш, Көкалат және Ақшығанақ…

2 дня ago

This website uses cookies.