Торғайда жаңа үйлерге асфальт жол төселеді
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Жангелдин ауданына жаңа тұрғын үйлердің айналасын абаттандыруды тапсырды.
Қостанай облысында тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді. Жангелдин ауданында да жаңа баспаналар салынып, ескі үйлер қайта жаңғыртылуда. Бұл мәселе облыс әкімдігінің отырысында қаралды. Жиында аудан әкімі Дінмұханбет Бидашев атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндады. Ал облыс әкімі Құмар Ақсақалов Торғай ауылында жаңадан салынып жатқан үйлердің көшесіне келесі жылы асфальт төсеуді тапсырды.
Облыс бойынша соңғы жылдары құрылыс саласының көлемі айтарлықтай өскен. Мәселен, 2022 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 187 млрд теңгені құраса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 476 млрд теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр. Яғни 2,5 есеге артқан.
Тұрғын үй құрылысына да басымдық берілуде. Соңғы үш жылдан астам уақытта облыста шамамен 1,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Нәтижесінде 418 көппәтерлі және 2186 жеке тұрғын үй салынды. 20 мыңға жуық отбасы баспана жағдайын жақсартқан.
Биыл өңірде 520 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру міндеті тұр. Он айдың қорытындысы бойынша жоспардың 86,4 пайызы орындалған.
Жангелдин ауданының әкімі Дінмұханбет Бидашевтің айтуынша, 2023 жылдан бері ауданда 46 жаңа тұрғын үй салынып, 13 бір және екі қабатты тұрғын үй қайта құрылымдаудан өткен. Жалпы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 6024 шаршы метрді құрайды.
2026 жылдың алғашқы он айында тұрғындар өз қаражаты есебінен 301 шаршы метр баспана салған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43,3 пайызға жоғары.
Әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін жеке кәсіпкерлердің қаражаты есебінен 14 екі пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жалпы ауданы 1680 шаршы метр болатын бұл үйлерде 28 пәтер қарастырылған.
Қазіргі уақытта 20 пәтердің құрылысы аяқталған. Оларды сатып алу бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Қалған сегіз пәтердің құрылысын 1 желтоқсанға дейін аяқтау жоспарланған.

Сонымен қатар Торғай, Көкалат, Көлқамыс, Ақшығанақ және Саға ауылдарында тұрғындар өз қаражаты есебінен сегіз үй салып жатыр. Милісай ауылында үш тұрғын үй пайдалануға беріліп, құжаттары рәсімделуде.
Ауданда алдағы жылдарға арналған тұрғын үй жобалары да бар. Атап айтқанда, 2027-2028 жылдары Торғай ауылындағы Алтынсарин көшесі, 23-мекенжайда орналасқан 12 пәтерлі тұрғын үйді қайта жаңғырту жоспарланып отыр.
Бұл – кезінде иелері тастап кеткен ғимарат. Қазіргі уақытта оның 11 пәтері тұрғын үй қорына сатып алынған. Қалған бір пәтерді 2027 жылы сатып алу көзделген. Одан кейін ғимаратты қайта құрылымдауға қажетті құжаттар әзірленеді.
Бұдан бөлек, 2027 жылы жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жеті жер учаскесі берілген. Бұл жерлерде алдағы жылдары жаңа үйлер салу жоспарланып отыр.
Жиында облыс әкімі Құмар Ақсақалов Торғай ауылындағы жаңа тұрғын үйлердің айналасын абаттандыру мәселесіне де тоқталды. Облыс басшысы ауылда соңғы жылдары бір көшенің бойында бірнеше жаңа үйдің бой көтеруін оң бағалап, енді сол аумақтың жол инфрақұрылымын жақсарту қажеттігін атап өтті.
– Жаңадан салынып жатқан үйлердің қасына келесі жылы міндетті түрде асфальт жол төселсін. Ана жолы Торғайды аралап жүргенде көрсетіңіздер. Біраз жылдан бері бірінші болып Торғай ауылында бір көшенің бойында жаңа үйлер салынып жатыр. Әрине, бұл тұрғындар үшін жақсы жаңалық. Үйлердің қоршаулары да бар. Енді келесі жылы асфальт жол төселсін, – деді Құмар Ақсақалов.
Осылайша, Торғайда тұрғын үй құрылысымен қатар, инфрақұрылымды дамытуға да көңіл бөлінбек. Ендігі міндет – жаңадан бой көтерген баспаналардың айналасын абаттандырып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31