Торғай өңірінен басталған бірегей тәжірибе

Қазақстанда соңғы бес жылда балалар құқығын қорғау мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес саласында заңнамалық деңгейде де, практикалық бағытта да ауқымды реформалар жүріп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған бұл бастамалар өңірлерде қалай жүзеге асырылуда?

Қостанай облысында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мүлдем жаңа, бірегей тәжірибе енгізілді. Бұл туралы «Біздің Торғай» тілшісіне берген сұхбатында Қостанай облысының балалар құқығы жөніндегі уәкілі, облыстық кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Несібелі Бәсенова айтып берді.

Несібелі Бәсенованың айтуынша, Қостанай облыстық әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істерін қарайтын арнайы комиссия өз жұмысының форматын түбегейлі өзгерткен. Комиссия құрамындағы 13 мүшенің әрқайсысына нақты аудандар бекітіліп, «кураторлық» жүйе енгізілді.

«Біздің облыста 20 аудан бар. Жұмыстың нәтижелі болуы үшін осы аудандарды кураторларға бөліп бердік. Мен өзіме облыс орталығынан ең алыс орналасқан, таза қазақи орта саналатын үш өңірді – Арқалық қаласын, Амангелді және Жангелдин аудандарын алдым. Біздің жуырда Торғай өңіріне жасаған жұмыс сапарымыз – осы кураторлық жүйенің алғашқы нәтижесі. Мұндай тәжірибе еліміздің басқа өңірлерінде бар шығар, бірақ Қостанайда бірінші рет қолға алынып отыр», – дейді өңірлік уәкіл.

Бұл жұмыс мұнымен тоқтап қалмайды. Келесі аптадан бастап комиссия мүшелері Алтынсарин, Сарыкөл, Денисов және Қарабалық аудандарына арнайы іссапармен аттанбақ. Балалар уәкілі уақыт тауып, бұл сапарларға өзі де қатысып, жергілікті жердегі мамандарға бағыт-бағдар көрсетуді жоспарлап отыр.

Ауқымды жиынға тек педагогтар ғана емес…

Торғай өңірінде өткен ауқымды жиынға тек педагогтар ғана емес, шешім қабылдауға ықпалы бар барлық маңызды тұлғалар жиналды Оған аудан әкімі, прокуратура өкілі, ішкі істер бөлімінің басшы, мектеп директорлары, ауыл әкімдері мен үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) өкілдері қатысты.

Бұл кездесуге дайындық екі-үш ай бойы жүргізілген. Өңірлік уәкіл балаларға психологиялық көмек көрсететін белгілі маман Елена Петренкомен бірге қаладан отырып, бүкіл мектептермен онлайн форматта кәдімгідей терең талдау (анализ) жасаған. Нақты база жасақталып, қиын жағдайдағы балалардың тізімі шығарылды.

Талдау барысында анықталған басты индикаторлар мен мәселелер келесідей «сенімхатпен» тұратын балалар: Ата-аналары қалада немесе басқа өңірлерде жұмыс істейді, бірақ балаларын асырауға, мектепке тасуға жағдайлары болмағандықтан, ата-әжелеріне немесе туыстарына сенімхатпен тастап кеткен. бұл қазіргі таңдағы ең өзекті көрсеткіштердің бірі; Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар (ОБПР); Жалғызбасты аналар мен жалғызбасты әкелер тәрбиелеп отырған отбасылар; Өгей әкемен немесе азаматтық некедегі адамдармен бірге тұратын балалардың қауіпсіздігі; Полицияның және мектепшілік есепте тұрған кәмелетке толмағандар;

«Балық беру емес, қармақ ұстауды үйрету».

«Біздің басты мақсатымыз – балалардың қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз ету. Ол үшін бізде нақты талдау мен тізім болуы керек. Амангелді, Арқалық, Жангелдин жақта мұндай отбасылар өте көп емес, бірақ бар. Ендігі мәселе – оларға мектеп пен жергілікті әкімдік тарапынан қандай нақты көмек көрсетіледі, соны айқындау», – деп түсіндірді Несібелі Бәсенова.

Балалар құқығын қорғаушы өз сөзінде өте маңызды әлеуметтік мәселені көтерді. Ол қиын жағдайдағы отбасылардың дайын көмекке үйреніп, масылдық психологияға бой алдыруы.

«Біз бұрын қалай көмектесетін едік? «Ақша керек пе – мә, тамақ керек пе – мә, киім керек пе – мә». Мектеп саласындағы қайырымдылық акциялары, 1 маусым, 1 қыркүйек, Наурыз немесе Айт мерекелерінде демалыссыз көмек бердік. Отбасылар соған үйреніп қалған. «Мен көмектеспейік демеймін, әрине, көмектесеміз». Халқымыз иманды, жуырда ғана Құрбан айтта қаншама адам хабарласып, ет пен тамақ үлестіру үшін мұқтаж жандардың мекенжайын сұрады. Ешкімді далада қалдырмайтынымыз хақ», – дейді спикер.

Алайда, уәкілдің айтуынша, басты мақсат – бұл отбасыларды қиындықтан біржола шығарып алу, оларға «балық беру емес, қармақ ұстауды үйрету».

«Менің қорқынышым неде? Мысалы, кішкентай ғана Арқалық қаласында жағдайы төмен 45-50 отбасы бар делік. Онда 60-70 бала өсіп келеді. Егер біз қазір осы ата-аналарға қиындықты қалай жеңу керек екенін, қалай әрі қарай өмір сүру керектігін үйретпесек, ертең мына өсіп келе жатқан 70 бала да дәл сондай жағдайға тап болады. Олар да ата-анасының жолын қайталайды деген үлкен қауіп бар. Олардың да аяқ-қолы сау, басы бар, біз сияқты адамдар. Оларды өз жағдайымен күресіп, өмірді алып кетуге баулуымыз керек».

Психологиялық қолдау механизмі

Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін бүгінде Қостанай өңірінде арнайы 5 психологиялық көмек көрсету орталығы ашылған. Соның бірі Арқалық қаласында жұмыс істей бастады. Бұл орталықтар тек қиын жағдайдағы емес, кез келген мұқтаж отбасыға есігін айқара ашады.

Балалар уәкілі бұл орталықтардың жұмыс істеу алгоритмін жергілікті әкімдіктерге, ауыл әкімдері мен мектептерге түсіндіріп, олардың өзара тығыз байланыста жұмыс істеуін шегелеп тапсырған.

Сонымен қатар, соңғы бес жылдағы заңнамалық өзгерістер аясында өңірлерде балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі арнайы басқармалар ашылып, құқық қорғау органдары, әкімшілік және білім беру мекемелерінің басын қосқан біртұтас жүйе қалыптасты.

Жазғы каникул және балалар қауіпсіздігі

Қазіргі таңда комиссия мүшелері мен кураторлар үшін ең жауапты кезең – жазғы каникул кезіндегі балалар қауіпсіздігі. Несібелі Бәсенова маусымның аяғы мен шілденің ортасына дейін барлық ауылдарды аралап, балалардың тұрмыс жағдайын бақылауды аяқтауды жоспарлап отырғанын жеткізді.

«Қазір өте қауіпті кезең. Каникул уақытында балалардың терезеден, балконнан құлап кету деректері жиілейді, өкінішке орай, жасөспірімдер арасында суицид мәселесі де бар. Біз бұл механизмдердің бәрін қатаң ұстауымыз керек. Балаларды жай ғана қорғап қана қоймай, тұрақты түрде профилактикалық жұмыс жүргізу маңызды. Ендігі үлкен дайындығымыз 1 қыркүйек – Білім күніне бағытталады. Сол уақытқа дейін әр отбасын қиындықтан шығару бағытындағы жұмыстарды тоқтаусыз жалғастырамыз», – деп түйіндеді сөзін Қостанай облысының балалар құқығы жөніндегі уәкілі.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді жолдаған – Несібелі Бәсенова

Редактор

Recent Posts

Торғайдағы ағаш көпір халықтың несібесіне айналды

Торғай өзенінің бойында орналасқан, ғасырға жуық тарихы бар ескі ағаш көпір осыдан екі жыл бұрын…

4 дня ago

Нұргүл Сәулен: «Қоғам үнсіз қалмауы тиіс»

Құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары туралы Жангелдин аудандық сотының судьясы Нұргүл Сәулен айтып берді (далее…)

5 дней ago

Торғай даласына Чехиядан тағы да Пржевальский жылқылары әкелінді

Торғай өңіріне Чехиядан Пржевальский жылқыларының кезекті партиясы жеткізілді. Жабайы жылқының әлемдегі жалғыз түрін сақтап қалуға…

6 дней ago

Миллион теңге грант, жаңа саябақ және ауызбіршілік

Қалам-Қарасу қалай «Үлгілі ауылға» айналды? (далее…)

1 неделя ago

Торғайлық электрик Қанат Ақышев жайлы бір үзік сыр

Еліміздің түкпір-түкпірінде қарапайым еңбегімен елдің алғысына бөленіп, ауыл өмірін алға сүйреп жүрген жандар аз емес…

1 неделя ago

This website uses cookies.