Жангелдин ауданында мал азығын дайындау науқаны қарқынды жүріп жатыр.
Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері қысқы маусымға тас-түйін дайындалу үшін барлық күш-жігерін жұмылдырған.Бұл туралы Жангелдин ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ернұр Иманғалиев хабарлады.
Бөлім басшысының сөзінше, биыл аудан бойынша шөп шығымы жаман емес. Қазіргі уақытта өңірдегі барлық ауылдарда шөп шабу жұмыстары жаппай сипат алған. Орташа өнімділік гектарына 8 центнерден айналып отыр.
«Биылғы жоспарымыз үлкен – аудан бойынша барлығы 131 мың тонна шөп шабуды көздеп отырмыз. Оның 79 мың тоннасы ірі шаруа қожалықтарының, ал 52 700 тоннасы жеке тұрғындардың үлесіне тиесілі. Бүгінгі күнге 107 мың тонна мал азығы дайындалды. Бұл – межеленген жоспардың 81 пайыздан астамы орындалды деген сөз. Қарқын жақсы, күн райының қолайлы сәтін пайдаланып, жұмысты сапалы аяқтауды көздеп отырмыз», – деді Ернұр Иманғалиев.
Науқанның сәтті өтуіне техниканың сақадай сай болуы да үлкен септігін тигізуде. Бүгінде аудан алқаптарында барлығы 298 техника бірлігі үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 192-сі ірі және орта шаруа қожалықтарына тиесілі болса, 106-сы өз шабындығында шөп шауып жатқан жекеменшік иелерінің тракторлары мен агрегаттары.
Аудан бойынша алдыңғы қатарда келе жатқан шаруашылықтардың бірі — Ақкөл ауылында орналасқан «Тасқын» шаруа қожалығы. Қара мал өсіруді серік еткен қожалықта шөп шабу науқаны аяқталуға таяп қалды.
Шаруашылық иесі Құрманғали Аңсаған биылғы табыстың сыры техника мен уақытты тиімді пайдалануда екенін айтады.
«Мал баққанға бітеді, ал малдың қыстан қысылмай шығуы дәл осы жазғы еңбекке байланысты. Биыл шөптің шығымы былтырғыдан әлдеқайда жоғары, берекесі бар. Біздің қожалық негізінен қара мал өсірумен айналысатындықтан, шөптің сапасына қатты мән береміз. Қазіргі таңда 300 тонна мал азығын толық әзірлеп, жинап алдық. Енді жұмысты толықтай аяқтауға жақынбыз. Күннің ыстығына қарамастан, таңмен ерте тұрып жігіттер далада аянбай еңбек етіп жатыр. Қазір 500-550 орама дайындалды. Сақтық шарасы да басты назарда. Өйткені, маңдай термен келген еңбектің қызығын көремін деген шақта шапқан шөпті «тілсіз жау» жалмап кетсе, кім-кімге де оңай тимесі анық. Сондықтан, әр шаруагер еңбегі еш кетпеуі үшін қауіпсіздікті қатаң сақтағаны абзал», – деді қожалық жетекшісі Құрманғали Аңсаған.
Шабындықта шалғы сырылы басталып, мал азығын дайындау барысында басты қаперге алатыны – қауіпсіздік. Ал, біз хабарласқан қожалықтардың шөп шабу техникалары қызу жұмыс үстінде. Тракторшылар өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында өрт сөндіргіш құрал, киіз, сапалақ, күрек секілді керек-жарақтарын өздерімен бірге алып жүр.
Иә, «Шөбі көптің – малы тоқ» деп бекер айтылмаған. Сондықтан, шаруагерлер қазіргі аптап ыстыққа қарамастан, тырбынып жатқаны сол малдың қамы. Ауылдағылардың күнкөрісі соның үстінде. Сол себепті шөп шабуға барлық жерде де айрықша көңіл бөлініп, барды жинап алуға мезгілінде күш салынуы керек.
Мамандардың болжамы бойынша, аудандағы ағымдағы жұмыс қарқыны сақталса, мал азығын дайындау жоспары жақын күндері мерзімінен бұрын толық орындалмақ.
Суреттерді
түсірген автор
Жангелдин ауданында жазғы суға түсу маусымы басталғалы бері құтқарушылар мен құқық қорғау органдары күшейтілген жұмыс…
Жыл басынан бері Жанкелдин ауданы бойынша 4 маман «Жастар практикасы» бойынша жұмысқа тұрды. (далее…)
Көкпардан жасөспірімдер арасында өткен чемпионат. (далее…)
При этом количество сайгаков в Казахстане дошло до 5 миллионов. (далее…)
Ауылдың таңымен бірге оянып, оның әрбір қуанышы мен мұңын жүрегінен өткізетін жандар болады. (далее…)
Әлім Бақытжан Әлімнің кәсіби жетістіктері жоғары бағалануда. (далее…)
This website uses cookies.