Қостанайда Кеңшілік Мырзабектің 80 жылдығына арналған әдеби-сазды кеш өтті

Ақынның мерейтойына Мемлекет басшысы құттықтау жолдады.

Қостанайда қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ақын Кеңшілік Мырзабектің 80 жылдығына арналған «Іңкәр дүние» әдеби-сазды кеші өтті. Туған жері Торғайда басталған мерейтойлық шара облыс орталығында жалғасын тауып, ақынның шығармашылық мұрасы кеңінен дәріптелді.

Кешке Астана мен Алматыдан арнайы келген белгілі қаламгерлер, ақынның замандастары мен ізбасарлары қатысты. Олардың қатарында Алаштың ардакүрең ақыны, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай, жазушы Нұрғали Ораз, «Мұқағали» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов, ақын Қадірбек Құныпияұлы және басқа да әдебиет өкілдері бар.

Мәдени шарада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Кеңшілік Мырзабектің 80 жылдығына арналған құттықтауы оқылды. Президенттің құттықтауын ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жеткізді.

«Кеңшілік Мырзабек – қазақ поэзиясына айрықша қолтаңбасымен келіп, төл әдебиетімізді дамытуға елеулі үлес қосқан дарынды тұлға. Оның сыршыл жырларында туған жерге деген сүйіспеншілік, ел тағдырына деген жауапкершілік және адам болмысының терең иірімдері шебер суреттелді. Ақынның азаматтық үні мен көркемдік ізденісі ұлттық сөз өнерінің өрісін кеңейтті», – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Құттықтау хат ақынның ұлы, белгілі әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлына табысталды.

Кеште Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов та ақын шығармашылығына тоқталды.

«Кеңшілік Ағытайұлы – соңында оқырман сүйіп оқитын жыр мұрасы қалған дарын иесі. Поэзия әлемінде туған жерді, елдің тарихын, адамның жанын терең жырлап өтті. Жерлесіміз журналистика саласына зор үлес қосты. Аударма еңбектері әдебиетімізге жаңа серпін әкелді. Оның жырлары мен өнегесі ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, рухани мұра болып қала бермек», – деді облыс әкімі.

Кеңшілік Мырзабектің шығармашылығы туралы сөз алған ақын Ғалым Жайлыбай оның қазақ поэзиясындағы орнын ерекше атап өтті.

«Кеңшілік – ұлттың ақыны. Үлкен ақын. 45 жасқа жетер-жетпес ғұмырында осындай биікке көтерілді. Кез келген өлеңін оқысаңыз, жаның жайлауына қонғандай әсер аласың. Ол «Иманжүсіп», «Қоянды жәрмеңкесі», «Біржан сал», «Сарытерек сағынышы» секілді үлкен поэмалар қалдырды. Сондықтан ұлы ақынды жиі-жиі еске алып тұру керек», – деді Ғалым Жайлыбай.

Кеш барысында ақынның замандасы, досы Серікбай Оспанұлы да Кеңшілік туралы естеліктерімен бөлісіп, өлеңдерін оқыды.

Ақынның ұлы Амангелді Кеңшілікұлы әкесінің шығармашылығын ұлықтап, мерейтойды жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан ел азаматтарына алғысын білдірді.

«Биыл әкемнің 80 жылдығы жоғары деңгейде өтіп жатыр. Ол үшін алдымен Президентімізге зор ризашылығымды білдіремін. Облыс басшысы Құмар Іргебайұлына да алғысым зор. Торғайды, Арқалықты көтеруге сіңіріп жатқан еңбегі ерекше. Ізгі жұмыстарға көз қуанып, көңіл тояды. Кешке жиналған барша жұртқа басымды иемін», – деді Амангелді Кеңшілікұлы.

Әдеби-сазды кеште Кеңшілік ақынның жырларын І.Омаров атындағы қазақ драма театрының әртістері, «Кеңшілік оқулары» байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ Қостанайдағы №27 Абай атындағы мектептің оқушылары оқыды. Ақынның сөзіне жазылған «Ғашықтық – азап», «Телефоннан тіл қатшы маған» әндері орындалды. Кеш соңында Тобылға арналған «Толқиды Тобыл» әні шырқалды.

Кеңшілік Ағытайұлы Мырзабек 1946 жылы Жангелдин ауданының Ақшығанақ ауылында дүниеге келген. 42 жыл ғұмыр кешкен ақын артында «Іңкәр дүние», «Дүбірлі дәурен», «Сәруар», «Балалық шақ балладалары», «Дәуір – дастан», «Бір мысқал» секілді жыр жинақтарын қалдырды. «Балалық шақ балладалары» кітабы үшін 1987 жылы Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлықтың лауреаты атанды.

Биыл «Қазақ әдебиеті» газеті ақын шығармашылығына арнайы бір нөмірін арнады. Ал «Мұқағали» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов басылымның алдағы бір саны Кеңшілік Мырзабектің шығармашылығына арналатынын жеткізді.

Кеңшілік Мырзабектің 80 жылдығына арналған кеш ақын мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізу, оның шығармашылығын кеңінен насихаттау бағытындағы маңызды рухани шара болды. Ақынның жырлары туған жерімен, халқымен бірге жасай бермек.

(Толығырақ газеттің келесі санынан оқи аласыздар)

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Редактор

Recent Posts

Жангелдинде егін орағы аяқталды

Жангелдин ауданында биылғы егін жинау науқаны аяқталды. (далее…)

23 часа ago

Торғайдағы Көлқамыстың шебері

Жеті баланың әкесі техникадан түрлі көлік құрастырады. (далее…)

1 неделя ago

Жангелдин ауданы: Ауыл мектебіне жасанды интеллект не береді?

Қостанай облысындағы ауыл мектептерінде жасанды интеллектіні қолдану үрдісі бірте-бірте еніп келеді. (далее…)

1 неделя ago

This website uses cookies.