Көрікті ауыл Көлқамыс көпшіліктің көзайымына айналып отыр

Онда тұрғындарға барлық жағдай жасалған

Осылайша мақала жазсам әлде кімдер Көлқамысты мақтаудан аспайсың деп күңк ете қалады. Мақтауға тұрарлықтай іс атқарылып жатқасын сұлу сөзбен сипаттауға тура келеді. Осы ауылда жүріп жатқан инфрақұрылым,  өзгерістер мен  талпыныстар басқа ауылдарда болып жатса неге мақтамасқа. Шағын ауылдың шаруашылығы жыл өткен сайын өркендеп қанат жаюда. Боздаланы ен жайлаған төрт түлік сол ауылдың экономикасының дамуына себепкер. Сол елді – мекенде шоғырланған халықтың бірлігін айтпағанда еңбекқорлығы бір бөлек. Алда – жалда бара қалсаңыз, қалтасына қолын салып, бос жүрген адам көрмейсіз. Барлығы күнделікті күйбен тірлікпен айналысып, шаруашылықтарын шаруалап жүреді. Ал, үйлеріне кірсеңіз қаладағы үйлерден айырмашылығы жоқ. Қолдарын жылы суға малып отыр. Ыстық су, жылы су ағып тұр. Әжетхана, жуынатын бөлме бәрі – бәрі талапқа сай. Үйлердің іші – сыртына заманауи күрделі жөндеу жұмыстары жасалған. Манат Карбозовтың басшылығымен жылына бір немесе екі үй салынып, мемлекеттік бағдарлама негізінде келген жас мамандарға беріліп отырады. Ауыл, ауылдық округтарға “Ақбұлақ” бағдарламасы бойынша ауызсу тартылып жатқанда Мәкең өз қаражатына су тартырды. Бүгінгі күні әрбір үйдің су шүмегін бұрасаңыз таза ауызсудың кермек дәмін тататсыз. Қысқы отын су мәселесі тұрғындар үшін еш қиындық туғызбайды. Манат Кәкімжанұлы бұл жағын ерте қамтып, алдын – ала жоспарлы істі тындырып қояды.Тұрғындар қысқы отын мен мал азығына бас қатырып, уайым шекпейді. Қазіргі таңда шағын ауылда 36 үй, 45 отбасы, 238 адам бар. Заман көшіне ілескен ауыл көркі мен мұндалап, көз тартып тұрады. Бір көшенің оң жақ қанатына жаяу жүргіншілер жол төселген. Жұмсалған қаржы көлемі 3 млн теңге. 33 үйдің төбе шатырына 6 млн теңге қаржы жұмсап, түрлі – түсті металды құрылыс материалдарымен қайта жаңартты. Көктемгі абаттандыру жұмыстары, көшет ағаштарын отырғызу ауыл тұрғындарының күнделікті кәсібі. 1982 жылы салынған А.Нұрманов негізгі мектебіне 2017 жылы аудандық бюджет есебінен қаржы бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Есік – терезелері мен төбе шатыры ауыстырылды. Аталмыш мектепте 65 бала білім алуда. Мектеп толықтай қажетті технологиямен қамтылған. 2019 жылы 5 жас маман “Дипломмен ауылға” бағдарламасымен келген. Оларды бәрі баспаналы. Өздерін қаладағы үйде тұрғандай сезінеді. Ендігі міндеттері сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Осыдан үш – төрт жыл бұрын той дастарханына қоятын күлше нанды (торт) көршілес Амангелді ауданынан арнайы тапсырыспен алып келетінбіз. Кейін өзіміздің елде де шағын наубайханалар ашылып, жақыннан дорбаладық. Ал, ауылдағы ағайындар аудан орталығынан алатын болды. Көлқамыс ауылының халқы туған күндер мен мерекелерде қорасының артындағы көршісінен тапсырыс береді. Ол күлше нанды жесеңіз дәмі таңдайыңнан кетпейді. Көлеміде үлкен. Сөйтсем, Жансая Сапан деген жас ұстаз өз ынта – жігерімен Арқалық қаласынан курстық оқуды оқып алған.

Ұн өнімдерінен түрлі тағамдар пісіріп, машықтанған. Күнделікті пайдаланып жүрген тоқ пешпен пісіру екі адамның бірінің қолынан келе бермейтін іс. Мұны мойындауымыз керек. Сондай – ақ, шаш, тырнақтарды сәндеп, ажарыңызды нұрландырып береді. Кәсіби мамандардан тәжірибе жинақтаған. Аспанға қарап, жұлдызды санап, мемлекеттің балаға төлейтін жәрдемақысына ортақтасып жүрген кейбір азаматтарымыз үлгі алса екен. Қабырға өзенінің бойында орналасқан шағын ауылдың тұрмыс – тіршілігі осындай.

Кезінде совхоз, фермалар ыдырап, халықтың жағдайы күрт төмендеп кетті. Мыңғыртып қой баққан шопандар жұмыссыз сенделіп кетті.  Қошалақ қауымдастығы жабылып, құмның арасындағы қыстақ үйлер иесіз қалды. Ол аздай бағанның басындағы электр сымдары ұстағанның қолында, тістегеннің аузына кетті. Азын – аулақ малымен қалғандар Сужарған ауылы мен Бәйтемірді қоныстанды. Сол уақытта Кәкімжан Карбозұлы жекешелендіру саясатын оңтайлы пайдаланып, “Сыма – К” шаруа қожалығын құрды. Көлқамыс ауылын тұтастай  сақтап қалып, үдере көшкелі тұрған халыққа жұмыс тауып берді. Басшылық қызметті мойнына алып, ауылдың қайта түлеуі жолында аянбай еңбек етті. Есімі көпшілікке танылды. Еңбек ардагері атанды. Омырауына жарқыратып медальда тақты. Қостанай облысының, Арқалық қаласының, Жангелдин ауданының “Құрметті азаматы” деген атақты иеленді. Бұның барлығы өлшеусіз еңбек еткені үшін берген атақ, данқ. Бірнеше рет аудандық мәслихаттың депутаты болды. Мінбелерде сөз сөйлеп, елдің жоғын, мұңын айтты. Бүгінде зейнеткерлікте. Сөздің шындығы керек облыс басшылығы да Үкіметте Кәкімжан ақсақалдың сөзін екі етпейді. Өйткені, ол кісінің елге сіңірген еңбегін бес саусақтай біледі. Әке ізін жалғап ұлы Манат мал шаруашылығын қолына алды. Облыстық мәслихаттың депутаты. Шаруашылықтың шеңберін кеңейтіп, дөңгелетіп отыр. “Туған жерге тағзым” бағдарламасы бойынша бірқатар жұмыстар жасап, ауылды көркейтті. Оны сөзімнің басында айттым. Ендігі әңгіменің төркінін үй салу мәселесіне бұрайын. Қарт журанлист марқұм Әмірхан Абдуллин осы ауылда алғаш зәулімдей үй салғанда “Хан сарайындай үй” деп айдар қойып, сипаттап жазып еді. Міне, биыл дәл сондай тамаша үй тағыда салынды.

Сыртының сипатымен сүйсіндіріп тұрған үйдің ішіне кірсеңіз айналшықтап шығалмай қалуыңыз әбден мүмкін. Заман талабына сай жөндеу жұмыстары жасалған. Қонақ бөлмесінің кеңдігі ат шаптыратын алаңдай. Еденін бассаңыз аяғыңыздан жылу өтіп, бойыңызды шымырлатып жібереді. Қысқасы, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сөзімнің растығын дәлелдеймін десеңіздер барып көруге болады. Мәкең, бұл үйді сқар таудай әкесіне арнап салдырды. Айтпақшы, үйдің бір жақ қабырғасын арнайы бұрыш жасаған. Онда Кәкімжан ақсақалдың еңбегіне қарай алған марапаттары мен орден, медальдары мен төсбелгілері жиыстырылған.

Зәулімдей үйдің алғашқы құтты қонағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әлия Сапарова болды. Торғай жерінен бастау алған сапары Көлқамыс ауылында жалғасты. Жергілікті тұрғындармен кездесіп, ұсыныс – пікірлерін тыңдады. Ауыл ақсақалы Кәкімжан Карбозұлы халық қалаулысының қадамына сәттілік тілеп, өзінің ойын ашық жеткізді. Үкімет басында отырғандар ойларына келгенін айтып, келешегі жоқ ауылдарды жабамыз деген сөздерін тоқтатсын деді. Айтқан сөзін толықтай жоғардағыларға жеткізуін айтты. Расында, барлық ауылдар дәл осы Көлқамыс ауылындай талпыныс жасап, заман көшіне ілесіп, рухани жаңғырып жатса, келешегі жоқ деп қалай айтуға болады. Келешегі кемелденіп келе жатқан ауылдың алдағы жоспарын естісеңіз бас шұлғып таң қаласыз. Алдағы жылы жас мамандарға, жұмыскерлерге арнап тағы да екі үй салады. Сонымен қатар, туризм саласын дамыту бойынша Қабырға өзенінің бойынан үй салып, қазақтың салт – дәстүрін насихаттай отырып, келген туристерді қарсы алып, шұбат, қымыз ұсынып, қонақжайлылықтың үрдісін көрсетуді жоспарлап отыр. Ендеше, жүйелі жоспардың орындалуын Алладан тілеп, шағын ауылдың шаһарға айналғанын көретін болайық.

Байбатыр АХМЕТБЕКОВ

Редактор

Recent Posts

Жангелдин ауданы Көлқамыс ауылына жаңа үйлер салынады

Тасқын судан зардап шеккен ауыл тұрғындары баспаналы болады (далее…)

3 дня ago

This website uses cookies.