Бүгінде Сужарған ауылында мал басын көбейтіп отырған жандар аз емес
Қазақ халқы ерте заманнан қолына құрық ұстап, ата кәсібін жалғап мал баққан. Сол кезден – ақ, күнкөрістің барлығы төрт түлікке байланысты екенін дәлелдеген. Қазақ халқы әу бастан мал баққан, сол арқылы жан баққан халық. Кең байтақ даласының шөбі шүйгінді, жері құнарлы. Төскейін төрт түлікке толтырып, ел ырызығын еселейтін ауылшаруашылығының берік тағанына айналған мал шаруашылығына қолайлы ол біздің аймақ. Кезінде жазда жайлауға, қыста қыстауға қарай қоныс аударып, мал жаюға ыңғайлана өмір сүрген ата-бабамыз бұл кәсіпке ерекше мән берген. Жесең – ас, кисең – киім, төрт түлікті ғасырлар бойы тіршілігіне басты таяныш етіп келгендігі де сондықтан болар. Ал, бүгінде ата кәсіпті ұстанғандар жетерлік. Бірақ, күтім мен қарауына келгенде желкемізден жалқаулық басып, алыстан бақылап отыруды әдетке айналдырдық. Алты ай жаз бойы малды қараусыз ең далаға жібереміз. Керек кезінде малымыз еске түсіп, шегірткедей шырылдап, жер жаһанды шарлап, жөнкіліп іздейміз. Қазір даланың қасқырынан адамның қасқырының айласы асып тұрған заман. Бір жылдары даланың қасқырлары төрт түлік малдың еркін жайылып, боздалада жүруіне кедергі келтірді. Кейін әуесқой аңшылар аэрошана мен (қозғалтқыш күшімен қозғалатын пропеллер жәрдемімен жүретін шана) қасқыр аулап, олардың түбегейлі болмаса да сап тыйылуына себепші болды. Сол, сол – ақ екен адамның қасқырлары әккіленіп, өрісте жүрген малды мылтықпен атып алу дәстүрі қалыптасты. Заң органдарының қызметкерлері тиісті шара қолданып, аяқ – қолдарына тұсау салды. Сайып келгенде осының барлығы өзіміздің кінәміз. Себебі, қолымыздағы азын – аулақ малды кезекпен бағуға арналанымыз немесе еріншектік басым. Мысалға, аудан орталығын алатын болсақ. Жаз айында бір күн қой кезекті өткізіп бергені үшін 3000 теңге төлейді. Біздің тепсе темір үзетін атбалдай азаматтарымыз көлеңке жерде, үкіметтің балаға төлейтін әлеуметтік жәрдемақысын алып, төбеге қарап, шырт түкіріп жатқанды зор санайды. Жыл сайынғы ауыл, ауылдық округтердің әкімдерінің есеп беру кезеңінде сиыр малын кезекпен бағу жөнінде жиі айтылады.
Бұл ұсынысты жергілікті тұрғындар қостағанмен көпшілік ортадан суырылып шығып, мен бағамын деген адам әлі күнге табылмай келеді. Егер мал кезекпен бағылса, ұры – қарадан, жоғалудан жүдә аман болар еді. «Айта – айта, Алтайды – Жамал апай қартайды» деп билік өкілдері айтудан кенде емес. «Оны білетін бала қайда» дегендей өз – өзімізге жанымыз ашымаса, екі сиыр, бес ешкі, төрт қойымыз кімге керек. Осы мәселені кеш болмай тұрып ойланғанымыз абзал. Малды кезекпен бағу үрдісін жол бойындағы Сужарған ауылынан үйреніп, үлгі алсақ артық болмас. «Мал баққанға бітеді…». Бұл ауыл әкімі Берік Әубәкіровтың ұстанымы.
Біз 2018 жылдан бері малды кезекпен бағып келеміз. Ауыл тұрғындарының басын қосып, малды кезекпен бағу жөнінде ұсыныс айттым. Ауыл ақсақалдары мен орта буын өкілдері қостап, нәтижесінде қорытынды шығарды. Ауылымыз екі бөлікпен аталады. Ескі ауыл және Жаңа ауыл. Қазіргі таңда ауыл бойынша 1671 бас ірі қара малы бар. Оның 571 басы аналық. Ескі ауылдың тұрғындары ірі қара малдарын жаз бойы және қар қалын түскенше бағып беру жөнінде Алтынбек Сағынтайұлына ұсыныс жасады. Ай сайын үй басы 5000 теңгеден төлеп отырады. Есептеңіз 20 үйдің малын бағып отыр. Жастардың қалтасында пісте алып шағатын ақшасы болмаса, ысқырып, көшенің гүлі болып жүргені кімге керек. Азда болса жұмыссыздық санын азайтып, бір адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Жаңа ауылдың бір бөлігі кезекпен бағуды әдетке айналдырып алды. Екінші бөлігін яғни 15 үйдің малын ауыл азаматы Жұматай Наханов бағып отыр. Бұл азаматқа да үй басы 5000 теңгеден ай сайын уақытылы төлеп келеді. Малды кезекпен бағудың пайдасы зор. Біріншіден, ит – құстан, жоғалу мен ұрлықтан аман сақтаймыз. Екіншіден, қысқы мал азығын азда болса үнемдейміз. Биыл қыс ерте түсті. Кейбір ауылдар малдарын қолдарына ұстап отыр дейді. Жем – шөп қымбаттаған уақытта, осы бастан малды қолға ұстағанымыз қолайсыздық тудырары сөзсіз. Мұз қатқан кезде малдардың суаттан су ішулері қиын. Біз бұл мәселеніде оңтайлы шештік. Былтырғы жылдан бері ауыл азаматтары Ақберген Қабылдин мен Айтбек Ахметбек күніне екі мезгіл суат ойып тұруға жауапты тұлға болып бекіді. Осы екі азаматқа үй басы 1000 теңгеден еңбекақы ретінде төлейді. Ірі қара малын кезекпен бағуды бір қалыпқа келтірдік. Алдағы жылы жылқы мен бұзау бақтыруды жоспарға енгізіп қойдық. Мен ауыл тұрғындарының ұйымшылдығына дән ризамын. Қай іске болса да жұмыла кірісіп кетеді. Жастары да елгезек. Кеңес үкіметінің тұсында қызмет жасаған еңбек ардагерлері Есенбай Ғабдуахитов, Ғабдол Мұқанов, Мұхтар Тайшин, Қабылшақ Досекеев, Ислам Мақатов, Балтабай Өміржан, Қуандық Мұхамеджанов ауыл өңіріндегі жұмыстарға білек сыбана кірісіп кетпесе де ақыл – кеңестерін айтып, бағыт – бағдар беріп отырады. «Алтын», «Күміс» алқа иегерлері, ақ жаулықты аналарымыз әр мереке сайын ортамыздан табылып, тілектестіктерін білдіріп, салт – дәстүріміздің қадір – қасиетін жас отбасыларға әңгімелеп беруден жалыққан емес. Басты тілегім, жергілікті тұрғындардың ауызбіршілігі мен ұйымшылдығы тарқамаса екен. Маған қолдау көрсетіп, үнемі демеу болып отыратын үлкен кісілеріміз аман болсын.
Расында, ауыл әкімі Берік Өтепбергенұлының сөзінің жаны бар. Шағын ауылдың бірлігі мен ұйымшылдығы өте жақсы. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас». Туған жер азаматтары бас көтеріп, ауылдың көркеюіне, абаттандыру мен жазғы, күзгі тазалық жұмыстарына белсене араласпаса жалғыз әкім не істей алады. Жыл басында «Ауылы әкіміне, әкімі ауылына риза» деп мақала жазған едім. Міне енді соның дәлелі. Малды кезекпен бағу өзге үшін емес өзіміз үшін пайдалы. Өрісте жүрген малымыз жоғалса полиция өкілдеріне шағымданып, тауып беруін талап етеміз. Табылмаса түк жұмыс істеп отырған жоқсыңдар деп кінәлаймыз. Егер қорамызда тұрған мал жоғалса шағымдануға құқылымыз. Сондықтан арасы жер мен көктей нәрсеге болама төзімімізді тауыспайық. Оданда Сужарған ауылынан үлгі алайық. Осы ауылға іргелес жатқан (басқа ауылдарды айтпағанда) Қалам – Қарасу ауылдық округінде мал кезек жоқ. Неге көршіге қарап бой түземеске. Тіпті, сиырлары өрісте бұзауларымен бірге жайылып жүреді деп естиміз. Жәйбір рахаттықтан арылып, етек – жеңімізді жинап, ес жиғанымыз жөн шығар. Хош, сонымен Сужарған ауылындағы сапарымның жалғасы ретінде, өрісте мал жайып жүрген бақташымен кездесудің сәті түсті. Орайы келген тамаша сәтті құр жібермей кең дала, ақ қардың үстінде сұхбат құрдым.
Сужарған ауылының тұрғыны Наханов Жұматай Төреханұлы:
– Мен үйде бос отырсам зерігемін. (сәл жымиды) Замандстарыма осылай десем қалжындап, әзілге айналдырады. Кезінде мектеп бітіріп, Отан алдындағы борышымды өтеп келгеннен кейін жастықтың буымен жоғары оқу орнын оқып алу ойыма да кірмепті. Егер оқып алғанымда дәл бүгінгідей қара тайдың үстінде, аяғым салбырап жүрмес еді. Бірақ, Құдайға шүкір ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. 5 балам бар. Үкімет тарапынан тиісті жәрдемақыны алып отырамыз. Жұбайым Тұрсынкүл ауыл мектебінде шаруашылық саласында қызмет жасайды. Қазір бала күтіміне байланысты үйде. Қызымның үлкені Әулиекөл ауданына қарасты Қазанбас ауылында мал дәрігері болып қызмет жасап жатыр. Екінші қызым студент. Екі балам мектепте оқиды. Кенже балам 2 айдан асты. Ошаққа қарап отырғаным жарамас деп ауылдың малын бағуды жөн көрдім. Таңертең сағат 9:00 де мүйізді ірі қара малын өріске шығарамын. Кешкі сағат 6:00 де суатқа беттетемін. Айына 75 000 теңге алам. Барға қанағат. Алла берерін тауыспасын. Ауылда малды кезекпен бағу бір қалыпты жағдайға келгеннен соң ұрлық пен жоғалудан дін аманбыз. Осы жүйеден жаңылыспай жүрсек мал басының саны да көбейеді. Осы жүйенің қалыптасуына мұрындық болған ауыл әкіміне алғысымыз шексіз. Ел азаматтарына да мың алғыс. Жалпы, біздің елдің жігіттері еңбекқор. Жазда кесек құйып, тұз шығарады. Шөп шабу науқанында бірлесіп, бір үйдің баласындай бір – біріне жәрдемдеседі. Сөздің шындығы керек, басқа ауылдар бізді үлгі тұтса еш өкінбейді.
Жұматайдың айтуы жөн. Майда сөзбен бәс тігіп бәсекелеспей, іспен дәлелдейтін бәсекеге қабілетті ауылдардың саны көбейсе, бөркімізді аспанға лақтырып қуанатын едік. Мен үшін әр ауылдың жөні бөлек. Жөнсіз, дәйексіз қалам тербеуден аулақпын. Бір ауылдың атқарған игілікті ісін жергілікті газетке жариялап отыру менің басты міндетім. Ендеше, рухы биік елдің рухани жаңғыруына барлығымыз бір кісідей атсалысайық.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ
Өнегелі өмір ұрпаққа аманат (далее…)
Тиянақты түсінік жұмыстары (далее…)
Ауылым – алтын бесігім (далее…)
Ауылда ауқымды құрылыс басталды (далее…)
Ауылдың сәні – елдің берекесі (далее…)
Освободят от сдачи декларации 90% работников частных структур, пенсионеров, домохозяек и студентов (далее…)
This website uses cookies.