Мектеп оқушылары тылсым табиғат аясына саяхат жасады
Олар мұнан алған ерекше әсерлерімен бөлісті
Соңғы екі жыл көлемінде А.Байтұрсынов атындағы орта мектебінің оқушылары тамаша табиғаттың тылсым күшімен тілдесіп, кең көлемдегі тақырыптар бойынша эссе, мақалалар жазуды әдетке айналдырды. Сондай – ақ, ғылыми жұмыстарын саралап, облыстық, халықаралық байқауларға қатысып, білімдері мен біліктіліктерін сынап, жүлделі орындарды иеленіп келеді.
Бұл орайда оқушылардың талабын ұштап, талаптандырып жүрген жетекшілері Күлпаш Молдахметова мен Жанагүл Нұрғалиеваның есімін ерекше атап өтуге әбден лайықты. Мәселен, мектеп оқушыларының табиғатқа деген қызығушылықтарын оятып, боздалада босып жүрген жануарларды аялап, оларды қорғау тақырыбында лекциялар оқып, үнемі кеңес беріп отырады. Осының нәтижесінде аталмыш мектептің 10 –сынып оқушысы Айкүміс Қуандық тамыз айында өткен халықаралық «Saiga Conservation Alliance» ұйымының «Жас көшбасшы» жобасына өзінің ғылыми жұмыстарын ұсынып, 1000 доллар көлеміндегі грантты ұтып алған болатын.
Жобаның негізгі мақсаты, дала экожүйесін қорғау және осы бағытта жұмыс істеп жүрген жас табиғат қорғаушыларын қолдау болып табылады. Аталған жобаға Ресей, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Монғолия, Түркіменстан мемлекеттері және Қазақстанның үш облысынан жас табиғат қорғаушылары қатысқан жоба бойынша Айкүміс Қасқырбайқызы үздік атанып, жоғары жетістікке жетті.
Бұған дейін Айкүміс яғни 2018 жылы «Жылқы етінің пайдасы» тақырыбында ғылыми жобасын қорғап, аудандық кезеңінде бірінші орынға ие болып, облыстық кезеңде арнайы номинацияға иегері атанған еді. Биыл тағы да байқауда бағын сынға салып, «Өлкеміздің туризм мүмкіншілігі» ғылыми жобасы бойынша жүлделі екінші орынды жеңіп алды. Әңгіме барысында Айкүміс мектепті ойдағыдай аяқтап, болашақта эколог мамандығын таңдайтындығын тілге тиек етті. Біттеген арманына жетіп, қалаған мамандығының егесі атанса, өзінің туған жерін көркейтуге үлесін қосып, өзінен кейінгі жас буын өкілдеріне туған өлкесін қадірлеуді үйретіп, саналарына сіңіруді борышым деп санайды. Қазіргі таңда грант иегері нәтижелі жұмысын бастап, мектеп оқушыларымен бірге «Менің кішкентай саяхатым» тақырыбында «Алты-Сай» экосаябағына саяхатқа шықты.
Қорықшылар өз көліктеріндегі бақылау құралдары арқылы көл жағасында орналасқан мұнарадан жоталы даладағы ақбөкендерді көруге мүмкіндік жасады. Мектеп оқушылары табиғат аясындағы саяхаттан алған әсерлерін сыныптастарымен бөлісіп, әсерлі әңгімелерін айтып берді. Осындай қызықты саяхаттар жыл аяғына дейін жалғасын табады. Мектеп оқушыларының саяхат жасап, жер атауларының тарихымен танысуға қолдау көрсеткен экосаябақ директоры А.Тимошенкоға және табиғат қорықшылары А.Путилинге, Р.Салемгереевке, Е. Тимошенкоға, Қ.Махинге, Т.Нұрмұханбетовке, Е.Молдахметовке ата – аналар мен ұстаздардың алғысы шексіз. Бүгінгі күні «Ақбөкен достары» клубының 14 мүшелесі табиғат қорғаушылармен тығыз қарым – қатынаста.
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31