Жанкелдин ауданы, Тәуіш ауылында ерекше кеш болды

Ақынын ардақтаған ауыл

Айтыс ақтаңгеріне туған жер төсінде құрмет көрсетілді.

Қазақтың ұлттық өнері айтыс тарихына ақтаңгер ақын Айбек Қалиевтің есімі алтын әріптермен жазылғалы қашан. Қасқайып тұрып ханға дат айтқан күні алты алашқа аты мәлім болды. Аузын ашса ақиқат айтатын ақынын қазақ халқы төбесіне көтерді. Халықтың мұң – мұқтажын өлеңге қосып, керең билікке жеткізді. Екі рет облыс болып, қайта жабылған киелі Торғай жерін отты жыр, орақ тілімен суреттегенде, мазақ еткендерден маза кетті. 30 жыл айтыс сахнасында қазақ халқының жырын жырлады. Айбек Киікбайұлы текті Торғай жерінің ғана емес алты алаштың аяулы ақыны. Барша қазақтың мақтанышы.

Жуырда республикалық ақындар айтысында «Алтын домбыра» иегері атанды. Ақтаңгер ақын жеңімпаз болғанда барша халық бөріктерін аспанға атып, сүйіншіледі. «Мақтан Торғай, қуан Торғай, шаттан Торғай» деп әлеуметтік желілерде ұрандады. Астана төрінен абыройлы жеңіспен оралған ақтаңгер ақынға Арқалық қаласының тұрғындары ерекше құрмет көрсетіп, думандатып қарсы алды. Астына ат, үстінек шапан жапты. Ақынға деген құрмет күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов, Қостанай жұртшылығының атынан астына темір тұлпар мінгізді. Айбектің жеңісі барша қазақ халқына ортақ екенін осында аңғаруға болады. Ақынға деген ерекше құрмет туған жері Тәуіш ауылында ерекше болды.

Ауыл әкімшілігі мен мектеп ұжымы тағылымды іс – шара ұйымдастырды. «Алтын домбыра» иегері, ақтаңгер ақын Қаратүбек жалпы білім беретін мектебінде оқыған. Айбектің шашбауын көтеріп келген барлық меймандар аталған мектептің тыныс – тіршілігімен танысты. Одан кейін дала сахнасында «Ожан» баба ұрпақтары қос ақынға құрмет көрсетті. «Айбекке алтын домбыра керек емес, алтын домбыраға Айбек керек» деп бір ғана сөзбен ердің құнын өсірген із басар інісі, айтыскер ақын, 2024 жылы «Алтын домбыра» иегері атанған қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан ауылдық ағайындардың шексіз алғысына бөленді. Бас ақын мен жас ақынның иығына шапан кигізіп, астарына сәйгілік мінгізді. Артынша, тағылымды іс – шара ауылдық клубта жалғасты.

Арқалық қалалық Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық университетінің «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» білім беру бағдарламасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты әрі әріптесі Айсәуле Дүйсебекова ақтаңгер ақынның балалық шағына шолу жасап, айтыс өнеріндегі ерекшеліктерін кеңінен баяндады. Айтыскер ақын, сазгер Марғұлан Оспанов «Айтыс» әнін «қонақ кәде» ретінде орындап берді.

Кеш барысында көршілес Амангелді ауданынан, Қостанай өңірінен, Арқалық қаласынан келген меймандар ақжарма тілектерін арнап, ізгілікті ілтипаттарын білдіріді. Сарысу негізгі меткебінің директоры Жақан Әуезханұлы сөз қадірін түсінген азамат. Әрбір сөздің мағынасына мән беріп, рухыңды жігерлендіреді. Сахна төрінде отырған қос ақынға ағалық лебізін айтып, Мейірбек бауырымыздың иығына шапан шапты. Ақтаңгер ақынның қарындасы, айтыскер ақын Злиха Кенжеғозина жүрек – жарды тілегін арнаумен жеткізді. «Ақынға қара сөзден, өлең оңай» деп қазақтың қара домбырасын қолға алған Мейірбек Сұлтанхан:

Таңдайыңнан төгілген шер болмаса,
Маңдайыңнан төгілген тер далбаса.
Шабыттанып жырлар ма ек елдің мұңын,
Делебеңді қоздырар дем болмаса.
Патшаға шындықты кім айтар еді,
Ақтаңгер Айбек дейтін ер болмаса.
Алтын алған Айекең қайдан шықсын,
Сіздердей алтын құрсақ ел болмаса. -деп ауылдық ағайындардың мәртебесін бір көтеріп тастады.

Тағылымды кеш қорытындысын ақтаңгер ақын, «Алтын домбыра» иегері Айбек Қалиев түйіндеді. Ауылдастары мен бауырластарына алғысын айтты.

«Мен сіздерден сүйінші алайын деп дәмеленіп келген жоқпын. «Алтын домбыра» алып, жер бетіндегі жерлестерімді қуаныттым. Енді жер астындағы ата – бабалар рухына тағзым жасап, құран оқытып, ас беруге келдім. «Өлі жебемей – тірі байымайды», – деді.

Ақтаңгер отбасының атынан ауыл орталығындағы шатханада ас беріп, барша ата – баба рухына құран бағыштатты.

Байбатыр АХМЕТБЕК,
Суретті түсірген: автор

Редактор

Recent Posts

Жанкелдин ауданынның мың бұралған бишілер облыс жұртшылығын тәнті етті

«Еркеназ» би ансамблі облыстық байқауда жүлдегер атанды (далее…)

3 недели ago

Астана төрінде Жанкелдин ауданының отбасылық өнерлі жұптары ән кешін берді

Ән әлемінің айнасы Қазақстанның әр өңірінде, тіпті шет мемлекетте жүрген талантты, өнерлі жастардың көбісі киелі…

4 недели ago

This website uses cookies.