Жангелдин ауданында Ұлы Жеңіс күні ерлікке тағзым етілді

Көзсіз ерліктің, батылдық пен батырылықтың арқасында жеткен Ұлы Отан соғысының аяқталғанына да 77 жыл толды

Қаншама рухы мықты ата – бабаларымыз от пен оқтың ортасында Отан үшін қаза тапты. Берлинге бергісіз жауды тізе бүктіріп, жеңіс туын желбіретті. Ардагерлердің ерлігі мәңгі ұрпақ жадында. Есімдері ел есінде сақталары сөзсіз. Екі мыңға жуық торғайлықтар сол уақытта қан майданға аттанған. Соғыс аяқталған жылдары елге оралған ардагерлердің саны өте аз болатын. Майдандастарынан айырылған ардагерлер елге келіп, еңбек етті. Батыр рухты майдангерлерге жыл сайын мерекеде құрмет көрсетіліп, мемлекет тарапынан қамқорлыққа алынды. Ал, қазір ортамызда олардың бірі жоқ. Тағдырдың жазуымен келместің кемесіне мініп, мәңгілік мекендеріне аттанды. Артында қалған ұрпақтары батыр бабаларының есімдерін ұлықтаудан еш жалыққан емес. «Ер есімі – Ел есінде» атты ескерткішке тағзым қылып, естелік суреттеріне қарап, көңіл жұбатудан басқа амалдары қалмады. Ендігі құрметтің бәрі соғыс ардагерлеріне теңестірілген ауған соғысының және тылда еңбек еткен ардагерлерге жасалуда. Барында бағалап, қадіріне жету ұрпақ парызы. Ардагерлерді ардақтап, құрмет көрсету жолында ешкімге дес бермейтін торғайлықтар Ұлы Жеңіс күнін орталық алаңда мерекеледі.

Аудан әкімі Шота Оспанов, соғыс ардагерінің жұбайы Кәмпит Шалабайқызы, еңбек және ауған соғысының ардагерлері мәңгілік алау ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, мінәжат етті. Мерекелік шара орталық алаңда орналасқан дала сахнасында жалғасты. Сонымен қатар Ұлы Жеңіс мерекесі күні қос қуаныштың куәсі болдық. Біріншіден кешегі заманның қиын кезеңдерінде коммуналдық саланы басқарып, кәсіпорындардың тұралап қалған жұмыстарын қайта жаңғыртып, аудан экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып, саналы ғұмырын осы салаға арнаған Тыныштық Сейдахметовке лайықты құрмет көрсетілді. Жергілікті қоғамдық кеңесінің келісімімен және аудандық мәслихатының 2022 жылғы 12 сәуірдегі №89 шешіміне сәйкес, Жангелдин ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Оны аудан әкімі салтанатты түрде табыстып, елеулі еңбек жолдарына тоқталды. Аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Тойғанбол Нұрханов аудан ардагерлерінің атынан жылы лебізін білдірді. Аудандық соттың төрағасы Абылай Қожақов тілегін құттықтау хат арқылы жеткізді. Құрмет иесі аудан әкімідігіне, аудандық мәслихат ұжымына алғысын айтып, ел иглігі жолында атқарып жатқан абыройлы қызметтеріне табыс тіледі.

Екіншіден Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен наградталған «Еңбегі сіңген энергетик» Базарбай Жақсыбаевтың құрметіне арналған мемориалдық тақтаның ашылу рәсімі болды. Базарбай Қабдрашұлы 1967 -2013 жылдары аралығында аудан халқына адал қызмет етіп, ел экономикасының өркендеуіне үлес қосқан тұлға. Қазіргі электр жүйесі ғимаратының іргетасын қалаған алғашқылардың бірі. Мемориалдық тақтаның ашылу рәсімінде аудан әкімі Шота Сәбитбекұлы, заманадасы Тыныштық Сейдахметов, қызметтес әріптестері мен ізбасаралары есте қалған естеліктерді көпшілікпен бөлісті. Соңынан ас беріліп, өмірден өткен кісілердің рухына құран бағышталды. Аталған тақтаның орнатылуына бүгінгі уақытта энергетика саласында қызмет жасап жүрген азамат – азамашалар және энергетика саласының ардагері Б.Жақсыбаевтың отбасы мұрындық болды.

Осылайша торғайлықтар үш мерекенің тоғысқан сәтін ерекше атап өтті.

Байбатыр АХМЕТБЕКОВ

Редактор

Recent Posts

Кого освободят от сдачи декларации в 2025 году?

Освободят от сдачи декларации 90% работников частных структур, пенсионеров, домохозяек и студентов (далее…)

1 день ago

This website uses cookies.