Еліміздің түкпір-түкпірінде қарапайым еңбегімен елдің алғысына бөленіп, ауыл өмірін алға сүйреп жүрген жандар аз емес
Солардың бірі – Қостанай облысының Қалам-Қарасу және Шұбалаң ауылдарын қысы-жазы жарықпен қамтамасыз етіп отырған тәжірибелі электрик Қанат Ақышев. Қаншалықты қауіпті екендігіне қарамастан, күн сайын жеке басы мен денсаулығын қатерге тігетін Қанат ағамыздың еңбегіне ауыл тұрғындары дән риза. Бүгінде 63 жасқа қараған кейіпкеріміз ширек ғасырға жуық уақытын осы салаға арнап, еңбек адамының шынайы үлгісін көрсетіп келеді.
Қанат Ақышев 1963 жылы 6 маусымда Шұбалаң ауылында дүниеге келген. Оның өмір жолы бірден энергетика саласынан басталған жоқ. Кеңес өкіметі тұсында және Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ауылдық мектепте шаруашылық меңгерушісі болып қызмет атқарды. Алайда, 2002 жылдың басында ауыл өмірін түбегейлі өзгерткен бұрылыс болды.
«2002 жылдың 10 қаңтарында сол кездегі ауыл әкімі Қанат Тұрмағанбетов хабарласып, кеңсеге шақырып: «Ауылға тілін білетін, істің көзін табатын адам керек, халық сізді сұрап жатыр» деді. Осылайша, мектептегі жұмысымды тапсырып, ауыл электригі қызметіне кірістім», – деп еске алады Қанат аға.
Бастапқы жылдары білікті маманға ауылдағы Қуантай есімді туыс ағасы бағыт-бағдар беріп, токтың қыр-сырын, «фазалардың» айырмашылығын үйреткен. Кейіннен Қанат Ақышев аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы Арқалық политехникалық колледжінде үш айлық арнайы курсты бітіріп, кәсіби куәлік алады.
Кейіпкеріміздің айтуынша, алғашқы 11 жыл бойы ол штаттан тыс болып жұмыс істеген. Ол кезде ауылдың инфрақұрылымы өте тозған еді.
«Ескі ағаш бағандар болатын. Бірі құлап, бірінің сымы үзіліп, қыс көзі қырауда үлкен қиындықтар туатын. Ол кезде халық айына 100 теңгеден жинап беретін, Торғайдан арнайы адамдар келіп есеп айырысатын. Кейде жарықтың ақшасы 4-5 мың теңге болып кетіп, халықтың төлей алмай қиналатын кездері де болды», – дейді ол.
Үлкен бетбұрыс 2014-2015 жылдары басталды. Ауылға жаңа әкімдердің келуімен және мемлекеттік бағдарламалардың аясында ескі ағаш тіректерді заманауи тас бағандарға және қысқа тұйықталуға төтеп беретін оқшауланған кабельдерге ауыстыру жұмыстары басталды. Мердігерлермен бірге тізе қоса қимылдаған Қанат аға ауылдың жаңа энергетикалық жүйесін өз қолымен тартысты. 2015 жылдан бастап ол ресми түрде тұрақты жұмысқа орналасты.
Бүгінде Қалам-Қарасу мен Шұбалаң ауылдарында жарыққа қатысты мәселе жоқ. Жергілікті әкім Берік Мұхамбединнің қолдауымен көшелерді жарықтандыру толық шешілген.
«Қазір ауылымызда 53 көше шамы бар, барлығы да қаз-қатар істеп тұр. Әкімдік шамдарды уақытылы жеткізеді, мен оны бағандарға шығып орнатамын. Осыдан үш жыл бұрын ауыл сәні үшін көк және қызыл түсті шамдар алдырдық, соны орнатқаннан кейін ауылымыз түнде өте әдемі көрінетін болды. Жақында көрші Сужарған ауылына да барып, сондай шамдарды тағып бердім. Еңбегімді бағалап, мадақтау қағазын табыстады», – дейді кейіпкеріміз мақтанышпен.
Энергетика саласында еңбек етіп келе жатқан кейіпкеріміздің осындай кәсіптік шеберлікке жетуі оның өз ісіне деген сүйіспеншілігінен болса керек.
«Егер екінші мәрте мамандық таңдау мүмкіндігі берілсе, ойланбастан қайтадан осы мамандықты таңдар едім», – дейді ол.
– Себебі адал қызмет жарық тұтынушылар алдындағы жауапкершілік міндетімді арттырса, сол еңбектің тәтті жемісі көңілімді марқайтады, биік мақсаттарға жетелейді. Әрқашан еңбегім еленіп, шынайы ықыласым бағаланып жатады. Сондықтан мен өз жұмысымды алдымен сүйіспеншілікпен және жауапкершілікпен атқаруға тырысамын, – дейді кейіпкеріміз.
Электрик жұмысынан бөлек, Қанат Ақышев 2015-2023 жылдар аралығында ауылды жаздық сумен қамту ісін де өз мойнына алған. Халық болып жұмылып сатып алған моторды іске қосып, 25 тонналық бөшкені толтырып, ауыл үйлеріне су жіберу, ағаштарды суару жұмыстарын да қатар атқарып келген.
Қанат ағаның отбасы да ауылдың дамуына үлес қосып отырған жандар. Жары Ақмарал Әбдірәсілқызымен 1986 жылы шаңырақ көтерген. Ақмарал ханым да жолдасымен құрдас, ұзақ жылдар бойы Ғафу Қайырбеков атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етіп, осыдан екі жарым жыл бұрын зейнет демалысына шыққан.
Бүгінде ерлі-зайыптылар бала өсіріп, немере сүйіп отыр. Қызы Арайлым Әулиекөл ауылында тұрады, анасы секілді мұғалім. Ұлы Жанай ауылдағы ветеринарлық станцияда жүргізуші болып еңбек етеді. Келіні Ботагөз де мектепте өз мамандығы бойынша мектепке дейінгі даярлық тобының тәрбиешісі. Жанасыл, Жания және Жанбота есімді 3 немересі ата-әжесінің қуанышына айналған.
Иә, қазір жарықсыз бір күніңді де өткізу мүмкін емес. Тіпті, жылудың өзі электр қуатының күшімен беріледі. Қызметтің қанша жерден қауіпті екендігіне қарамастан, күн сайын жеке басы мен денсаулығын қатерге тігетін Қанат сияқты ағаларға халықтың айтары тек алғыс қана. Олай болса, бір күні мың қуатқа татитын жарықтандырушы ағаға әрқашан жарығыңыз сөнбесін деп тілек айтып қоштастық.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ, суретті түсірген – автор
Торғай өңірінде заң мен тәртіпті күзетіп қана қоймай, аймақтың рухани және мәдени өміріне серпін беріп…
Әнұран ойнағанда қолын жүрегіне қоятын төрт жасар патриот (далее…)
Жанкелдин ауданында балалар мерекесі қалай өтті? (далее…)
Жангелдин ауданында 2026 жылғы жазғы сауықтыру науқаны аясында оқушылардың демалысын ұйымдастыру жұмыстары қызу жүріп жатыр.…
7 баласы бар отбасы Шилі ауылының тіршілігін қалай жандандырды? (далее…)
Бүгінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы туралы білмейтін адам кемде-кем (далее…)
This website uses cookies.