Мемлекеттік қызмет ардагері Ләззат Зейнекина жайлы бір үзік сыр.

Қай дәуірде болмасын, ел игілігі үшін маңдай терін төгіп, адал еңбегімен жұрттың алғысына бөленген жандардың орны қашанда ерекше. Сондай еңбекқор да абыройлы тұлғалардың бірі – Ләззат Зейнекина. Он жылдан астам уақыт Жангелдин ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы қызметінде болды. Саналы ғұмырын халыққа қызмет етуге арнаған ардақты жан.

Ата-әже үміті болған қыз

1962 жылдың 30 наурызында Ақшығанақ ауылында дүниеге келген Ләззат Жақсылыққызы алты балалы отбасында өсіп-жетілді. Ата-анасының тұңғышы болғанымен, өзінен бұрын өмірге келген Ахмет есімді ағасы шетінеп кеткен екен. Содан кейін ырымдап, оның кіндігін Қапар есімді азаматқа кестіріп, амандығын тілеген.

– Әжем мен атамның баласы болып өстім. Марқұм әжем мені үй ішінен қызғанып, қасынан тастамайтын. Шешемнің атын атап, өмір-бақи солай атап кеттім. Әжем папам мен анамнан қызғанатын. Ата-анам да үлкендердің көңіліне қарап, мені «балам» деп еміреніп көрген жоқ, – деп еске алады Ләззат апай.

Өзінен бұрынғы сәби шетінеп кеткен соң, шаңырақтың үміті болып дүниеге келген Ләззат әулеттің тұңғышы саналды. Есімін сол кезеңдегі белгілі әнші Ләззат Сүйіндікован құрметіне қойған.

Әжесінің еркесі, атасының алақанына салып өсірген немересі болған ол жастайынан жауапкершілік пен ізетті бойына сіңіріп өсті. Бала күнінен көрген мейірім мен сенім оның бойына табандылық пен қайсарлық дарытты.

Еңбекпен шыңдалған жылдар

Еңбек жолын ауыл мектебінде аға пионер жетекшісі болып бастаған жас маман көп ұзамай қаржы саласына бет бұрды. Қарағанды есеп-кредит техникумында «Мемлекеттік банк есебі» мамандығын игеріп, кәсіби жолын банк жүйесінде жалғастырды. СССР Мемлекеттік банкінің бөлімдерінде бухгалтер, бас экономист, бас бухгалтердің орынбасары қызметтерін абыройлы атқарды. Кейін Агропромбанк пен Ұлттық банк жүйесінде де жауапты лауазымдарда еңбек етті. Білімін жетілдіру мақсатында Алматыдағы Қазақ мемлекеттік басқару академиясы оқу орнында «Банк және сақтандыру ісі» мамандығын алып, экономист біліктілігін иеленді. Бұл – оның үнемі ізденісте болғанының дәлелі.

Қызмет барысында Астанаға, басқа қалаларға жұмысқа шақыртулар болды. Алайда ол туған жерін тастап кетпеді. Анасы мен бауырларын, ел-жұртын қимай, Торғайда қалуды таңдады.

«Кезінде банк саласында қызмет істеп жүргенде, ҚР Ұлттық банкінің Торғай облысындағы басқармасының бас есепшісі марқұм Күләйма Ахметова «Астанаға сала бойынша қызметке шақырған, одан кейін де басқа қалаларға қызмет ұсынылса да анамызға, бауырларыма қарайлап, бармадым» деп айтып отыратын. Кейін бір кездері Астанада Күләйма Ғалымқызын іздеп барғанымда маған: «Ләззат, Торғайдасың ба? Саған Торғай 2 том кітап жазатын болды ғой!» деп әзілдейтін, сонда мен: «мейлі, үшінші томды қосып жазсын!» деп жауап беруші едім. Сөйтіп елден кеткім келмеді», – дейді кейіпкеріміз.

Әлеуметтік саланың жүрек үні

2000-жылдардан бастап Ләззат Жақсылыққызының еңбек жолы әлеуметтік саламен тығыз байланыста өрбіді. Жангелдин ауданы әкімінің орынбасары, экономика және қаржы бөлімінің, ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметтерін атқарып, кейін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін басқарды.

Бұл сала – жай есеп пен құжат емес, тірі тағдырлар тоғысқан алаң. Мүмкіндігі шектеулі жандар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар – оның күнделікті жұмысының өзегі болды. Заң шеңберінде көмек көрсету – міндет. Ал сол көмекті жүрекпен сезіну – сирек қасиет. Ләззат Жақсылыққызы осы екеуін ұштастыра білді.

Демалыс уақытында ол Абай жолы романын қайта парақтағанды ұнатады. Қазақы болмысты, салт-дәстүрді, тарихи танымды терең түсінуге деген ықыласы оның ішкі мәдениетінің айғағы.

Өмірдің мәні туралы ол: «Әр адам өз ғұмырын қадірлей білсе, қоғамға қажет бола білсе – өмірінің мағынасы да сонда», – деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.

Бұл – оның бүкіл ғұмырына арқау болған ұстаным.

2023 жылы құрметті зейнеткерлікке шыққанымен, Ләззат Жақсылыққызы қоғамдық өмірден қол үзген жоқ. Керісінше, бұл кезең оның ел игілігі жолындағы жаңа белесімен жалғасты. Ол ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалінің иегері, көп жылғы қажырлы еңбегінің лайықты бағасын алған ардақты жан.

Бүгінде Ләззат Жақсылыққызы аудан көлеміндегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, түрлі бастамалардың бел ортасында жүр. Әсіресе, әйелдердің қоғамдағы рөлін нығайту, олардың белсенділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқаруда.

Ол Қазақстанның Әйелдер Күштері Альянсының белді мүшесі. Сонымен қатар, өткен жылы ауданда құрылған Әжелер алқасының төрайымы болып сайланды. Ұйым аясында өңір әйелдерінің құқықтық сауатын арттыру, әлеуметтік мәселелерін көтеру және жас буынға тәлім-тәрбие беру бағытында мол тәжірибесімен бөлісіп келеді.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Редактор

Recent Posts

Жангелдиндегі әр үшінші қылмыс – мал ұрлығы

Өңіріміз мал ұрлығы жөнінен де «қызыл аймаққа» еніпті. (далее…)

8 часов ago

Торғай төрінде ұлттық спорт ұлықталды

Қазақ күресінің әдіс-тәсілдері көрсетілді. (далее…)

1 день ago

Торғайда кілем тоқуды серігіне айналдырған Қарлығаш апа

Торғай топырағында ұлттық өнердің тамырын тереңге жайып, оны бүгінгі ұрпаққа аман жеткізіп отырған аяулы жандар…

1 день ago

Ақынын әкімі ардақтаған ел бақытты

Жерлесіміз Серік Тұрғынбекұлы – 80 жаста! (далее…)

2 дня ago

Әлемнің мәні – әйелде Торғайда өткен ашық диалог

Қоғамның өркендеуі – ең алдымен отбасының беріктігінен басталады. (далее…)

3 дня ago

Қарабатырдағы ерекше мұражай

Ауыл тарихының алтын қазынасы. (далее…)

6 дней ago

This website uses cookies.