Торғайда 30 жыл бойы бір орында тапжылмай қызмет етіп келе жатқан мемлекеттік қызметші туралы не белгілі?
Ауылдың таңымен бірге оянып, оның әрбір қуанышы мен мұңын жүрегінен өткізетін жандар болады.
Олар үлкен мінберлерде көрінбесе де, қарапайым халықтың шынайы тірегіне айналған. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – отыз жылға жуық уақыт бойы мемлекеттік қызметте тапжылмай еңбек етіп келе жатқан хатшы Жаңыл Бекмағамбет. Ол қазір Жанкелді ауданы, Шеген ауылы әкімінің аппаратында бас маман қызметін атқарады.
«Біздің Торғай» тілшісі Торғай өңіріндегі ауыл өмірінің ыстық-суығына төзіп, мемлекеттік қызметтің жүгін арқалаған кейіпкердің өмір жолы мен еңбек күнделігін парақтап көрді.
Алғашқы қадам
Жаңыл Бекмағамбет 1966 жылы 19 тамызда Ақшығанақ ауылында дүниеге келген. 1983 жылы мектеп бітірген жас қыздың жоғары оқу орнына бірден жолы бола қоймайды. Алайда, бұл оның сағын сындырған жоқ – туған ауылында әртүрлі салада еңбек етіп, өмірлік тәжірибе жинақтады. Көп ұзамай, 1985-1987 жылдары Қарағанды есеп-кредит техникумын бітіріп, мамандық алады.
Тұрақталған өмір мен нағыз еңбек мектебі 1996 жылы басталды. Дәл осы жылы ол Аманкелді ауылдық кеңесіне (қазіргі әкімшілікке) хатшылық жұмысқа орналасады. Биыл оның осы бір орында тапжылмай қызмет етіп келе жатқанына тура 30 жыл толмақ.
Ауыл хатшысының бір күні
Ауылдық жердегі хатшының міндеті тек қағаз толтырумен шектелмейді. Жаңыл апайдың айтуынша, заман қиындаған тоқсаныншы жылдары ол аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек ұйымдастыру үшін комиссиямен бірге әр үйді жаяу аралап, тұрғындардың тыныс-тіршілігін көзімен көрген.
«Ілгеріде туу туралы куәліктерді де, жәрдемақы құжаттарын да өзіміз тіркейтінбіз. Қазір ХҚКО жүйесі енгелі қағазбастылық сәл азайды. Дегенмен, қазіргі негізгі қызметіміз – ауылдың бүкіл тыныс-тіршілігі. Салық жинау, статистика басқармасына мал есебін беру, жан санағы, тұрғындар қозғалысы, көп балалы аналарды «Алтын алқа», «Күміс алқаға» ұсыну, мәдени іс-шаралар, тіпті төтенше жағдай кезіндегі жұмылдыру жұмыстарының бел ортасында өзіміз жүреміз», – дейді ол.
Кейіпкеріміз халықпен тікелей жұмыс істеудің психологиялық салмағы бар екенін де жасырмады. «Біреуге ұнайсың, біреуге ұнамайсың. Әсіресе, салық жинау мен мал санағы науқаны кезінде қиындықтар туындап жатады», – дейді ол ағынан жарылып.
Тылдағы тірек – отбасы
Мемлекеттік қызмет пен отбасы тізгінін тең ұстау – әрбір әйел затына үлкен сын. Жаңыл Бекмағамбет бұл белестен артында сүйеу болған асқар таудай әулетінің арқасында өткенін айтады.
«Әйел адамға ауылда мемлекеттік қызметте жүру әрине қиын. Ол үшін сені түсінетін жарың мен алтын құрсақты енең болуы керек. Менің жолдасым Сәбит Бекмағамбет үнемі қолдау көрсетіп отыратын, өкінішке қарай, ол кісі 2016 жылы дүниеден озды. Ал ата-енем менің жұмысыма әрдайым түсіністікпен қарады. Атам Қайырбек Бекмағамбет көп жылдар бойы дәрігер болған, халыққа қызмет көрсетудің машақатын жақсы білетін. Енем де: «Жұмысыңнан кешікпе, үйді өзім-ақ жинаймын» деп, менің алаңсыз қызмет етуіме жағдай жасады», – деп кейіпкеріміз өткен күндерді еске алды.
Бүгінде Жаңыл апай екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген аяулы ана. Балалары анасының мемлекеттік қызметтегі жолын қумағанымен, қоғамның дамуына өз үлестерін қосып жүр. Үлкен қызы Асылтас – Астана қаласындағы №105 мектептің бастауыш сынып мұғалімі. Екінші қызы Құлпынай – елордадағы №109 «Келешек» жалпы орта білім беретін мектебінде әлеуметтік мұғалім. Ортаншы ұлы – бұған дейін шекара қызметінде ел қорғаса, қазір жеке кәсіппен айналысады. Төртінші перзенті – ауылда қалып, спорт әдістемешісі болып еңбек етуде.
Ауылдың өзекті мәселесі – жол азабы
Әңгіме соңында ауыл хатшысы өзі күнделікті көріп жүрген өңірдің ең ауыр әрі өзекті мәселесін де айналып өтпеді. Ол – инфрақұрылым және жол азабы.
«Ауыл мен аудан орталығының арасындағы жол мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Бұл – тұрғындардың қатынауына, жедел жәрдемнің жетуіне, қысқы мезгілдегі тіршілікке үлкен қолбайлау. Ендігі бүкіл үмітіміз – алдағы уақытта қолға алынады деген жаңа жобаларда», – деп түйіндеді сөзін Жаңыл Бекмағамбет.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суретті жолдаған – Жаңыл Бекмағамбет
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31