Қостанайда зияткерлік квиздің жеңімпаздары анықталды

Қостанайда Торғай өңірінің тарихы мен мәдени мұрасына арналған «Таным жолы – Торғайдан» облыстық зияткерлік квизінің финалы өтті. Байқауға облыстың аудан-қалаларынан келген үздік 10 команда қатысты.

Жоба жастардың туған өлке тарихына қызығушылығын арттыру, тарихи сананы қалыптастыру және зияткерлік әлеуетін дамыту мақсатында ұйымдастырылған. Байқаудың алғашқы кезеңдеріне 70-тен астам команда қатысып, екі іріктеу кезеңінен кейін финалға ең үздік 10 команда жолдама алды.

Финалдық кезең Л.Н.Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өтті. Қатысушылар төрт кезеңде бақ сынады. Олар тест тапсырмаларын орындап, күрделі логикалық сұрақтарға жауап берді. «Гибридтер» деп аталатын шығармашылық кезеңде екі ұғымды біріктіруге арналған тапсырмалар ұсынылса, блиц-турда қатысушылардың жылдамдығы мен білім деңгейі сыналды.

Квиздің барлық сұрақтары Торғай өңірінің тарихына арналды. Қатысушыларға тарихи тұлғалар, маңызды оқиғалар, археологиялық ескерткіштер, киелі орындар, табиғи ерекшеліктер мен мәдени мұраға қатысты сұрақтар қойылды.

Жобаны облыстық қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Әділетті мемлекет, біртұтас ұлт және патриотизм» құндылықтарын қалыптастыру және нығайту мақсатында «Synergy» ғылыми-білім беру орталығы» қоғамдық қоры ұйымдастырды.

Қор төрайымы Руслана Бровченконың айтуынша, жобаның ерекшелігі – тарихты жастарға заманауи әрі қызықты форматта ұсыну.

«Біз тарихты зерттеу заманауи, қызықты әрі адамдарды біріктіретін үдеріс екенін көрсеткіміз келді. Қатысушылардың тек дайын деректерді айтып қана қоймай, пікір таластырып, логикалық байланыстарды іздеп, дұрыс жауапқа шынайы қуанғанын көру ерекше әсер қалдырды», – деді Руслана Бровченко.

Финал қорытындысы бойынша бірінші орынды Федоров ауданының командасы иеленді. Екінші орын Рудный қаласының командасына бұйырса, үшінші орынды Алтынсарин ауданының «Алтын жастар» командасы мен Қостанай қаласының командасы бөлісті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен марапатталды. Бас жүлде иегерлеріне Торғай өңірінің тарихи және киелі орындарына арналған екі күндік танымдық-экскурсиялық сапар сертификаттары табысталды. Сапар барысында жастар тарихи ескерткіштер мен музейлерді аралап, өңірдің рухани мұрасымен танысады.

Байқауда Алтынсарин ауданынан келген «Алтын жастар» командасы да белсенділігімен көзге түсті. Команда мүшелері Торғайды өздері үшін тек тарихи мекен емес, әр барған сайын жаңа қырынан танылатын қасиетті өлке деп санайды.

«Торғайдың тарихы тереңде, сыры көп. Сондықтан Торғайға қанша барып жүрсек те, саяхат жасаудан ешқашан шаршамаймыз. Әр сапар сайын жаңа әсер алып қайтамыз», – дейді команда мүшелері.

«Алтын жастар» атауы да туған жермен байланысты. Команда Алтынсарин ауданынан болғандықтан атауына «Алтын» сөзі қосылған, ал құрамының басым бөлігін жастар құрайтындықтан «Жастар» атауы таңдалған.

Команда құрамында түрлі салада еңбек етіп жүрген бес жас бар. Ұйымдастырушысы әрі бас модераторы – Серік Алпсып. Тілдік және мазмұндық бағытқа Айна Мұратбекқызы жауап береді. Өлкетану мен саяхатқа қызығатын Еламан Өлеңбай, сондай-ақ тарихқа жүйрік, ақындық және әншілік өнерді қатар алып жүрген Серік Әбікен де команда құрамында.

Қатысушылар байқаудың мазмұнына жоғары баға бере отырып, келесі жобаларда ескеруге болатын ұсыныстарын да айтты. Атап айтқанда, мемлекеттік тілдің қолданылу үлесін барлық кезеңде бірдей сақтау қажет деп санайды.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Сурет ұйымдастырушылардан алынды

Редактор

Recent Posts

Құрылтай алғашқы депутаттары болып Қостанай облысынан 4 адам сайланып отыр

23 тамыз 2026 жылы Қазақстанда тарихи маңызы бар оқиға болды. Алғаш рет қазақстандықтар Құрылтай депутаттарын…

2 дня ago

Торғайда этно-реалити жобасының жеңімпаздары анықталды

Үш күнге созылған жоба ұлттық спорт, өнер және салт-дәстүрді дәріптеп, үздіктерді анықтады (далее…)

4 дня ago

This website uses cookies.