Ұлт руханиятының ұлы тұлғасы М.Дулатұлының туғанына биыл 140 жыл
Аталмыш датаны Торғай топырағында республика көлемінде атап өтті. Торғайдың төл перзенттері бас қосқан дүбірлі той жоғары деңгейде ұйымдастырылды, 70 ке тарта кигіз үй түгіліп, республикалық айтыс, жыршы термешілер байқауы тойдың көркін қыздырып көрермендер мен қонақтарға ерекше көңіл күй сыйлады. Екі күнге созылған спорттық ойындар қазақ күресі, ат жарыс, көкпар ойындарын, концерттік бағдарламаларды тамашалауға келген адамның қарасы көп болды.
Бұл шара – Міржақыптың асыл мұрасын кеңінен насихаттап, жаңа дәуірдің саналы азаматын қалыптастыруға бағытталған үлкен қадам болды. Қостанай қаласында ұлы тұлғаға арналған ескерткіш ашылды. Сонымен қатар, туған жеріне-Бидайық ауылындағы кесенесінің ресми ашылу рәсімі өтіп, тұлға рухына құран оқылып, тағзым етілді. Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығына арналған республикалық ғылыми жиын ұйымдастырылды. Конференция секциялық жұмыстармен басталып, пленарлық мәжілісте мерейтойлық құттықтауларға кезек берілді. Жиынды ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, тарих ғылымдарының докторы Еркін Әбіл жүргізді. Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов барша жиынға жиналған қауымға жылы лебізін білдіріп, конференцияның негізгі мақсаты – тек еске алу емес, Міржақып идеяларын зерделеу, жас ұрпақ санасына сіңіру екенін атап өтті.
Конференцияда қазақтың заңғар жазушысы Төлен Әбдік, тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелдиев, міржақыптанушы Марат Әбсәмет және өзге де зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, тұлғаның ұлт руханиятына қосқан еңбектерін баяндады. Конференция барысында Міржақып мұрасы жан-жақты талданып, оның бүгінгі ұрпаққа қалдырған өсиеті, әдеби мұрасы кеңінен сөз болды. Арнайы «Халқын оятқан қаламгер» атты Л.Н. Толстой атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана арнайы әкелген үш бөлімнен тұратын «Ұлтын оятқан қазақ», «Ел ертеңі үшін еткен еңбек», «Елдің ері, Алаштың азаматы»атты тақырыптық көрме көпшілік назарына ұсынылды.
Сонымен қатар жаңа кітаптар таныстырылып, лентасы қиылды. Міржақыптың ұрпақтары атынан елдің айтулы азаматтарына мерейтойлық медальдар табыс етілді. Облыс әкім Бақытжан Нарымбетов облыс әкімінің алғыс хаттарын шара барысында белсенділік танытқан азаматтарға табыстады, әр жылғы туылған торғай перзенттері ат мінгізіп, ақшалай сыйақыларын табыстады. Сонымен қатар, аудан әкімі атынан дайындалған шапандар,мерекелік медальмен арнайы кітаптар жинағы мен естелік статуетка салынға пакеттер жиынтығы тапсырылды. Барша конференциялық шарада демеушілік жасаған азаматтарға аудан әкімінің орынбасары өз атынан алғыс хат табыс етті. Аудан әкімі Дінмұханбет Бидашев конференцияға жиналған қауымға ризашылығын жеткізді. Ұлы тұлғаны дәріптеу, олардың рухына тағзым жасау келешек ұрпақтың аманаты екенін тілге тиек етті.Сондай ақ мерекелік марапаттары мен сыйлықтарын арнайы келген қонақтарға табыстады.
Бұл мерейтой — тек бір тұлғаның емес, тұтас Алаш идеясының, ұлт рухының мерекесі болды. Торғай елі тағы бір мәрте өз ұлының даңқты жолына тағзым етіп, ұлт үшін тер төккен Міржақыптай азаматтың есімін ұлықтады. Бұл шара өткенге тағзым ғана емес, болашаққа бағдар. Ұрпақ санасына ұлттық рухты сіңіру жолында ұлы тұлғаның мұрасы әрдайым бағыт-бағдар бола беретіні сөзсіз.
Аягөз ФАЗЫЛБЕКҚЫЗЫ
Суретті түсірген: автор
Кіре беріс жол қалыпқа келуде (далее…)
Азаматтың жомарты (далее…)
Үздік қызметкерлер марапатталды (далее…)
Ауылда байланыс жақсарады (далее…)
Елді мекеннің әлеуметтік – экономикалық дамуы ілгерлеп келеді Ауданнан 25 шақырым жерде орналасқан Сужарған ауылының…
This website uses cookies.