Өмір адам үшін бір аялдайтын бекет іспетті. Сен танитын адамдардың да қарасы күннен күнге сейіліп, кеше ғана қасыңда жүрген замандастарың, дәмдес болған бауырларың, қазір қасыңнан табылмауда.
Бірге оқып, бірге жүрген қимас достарыңнан көз жазып қалғанда, дүние-дәурен сахнасы алдында еркіңнен тыс тосылып қалады екенсің. Шіркін! Өмірдің өзі ғажап болғанымен, зу етіп өтетіні әрине өкінішті… Қамшының сабындай қайран тірлік бір күні шарт сынары әмбеге аян.
Кеше ғана ортамызда күліп-ойнап, жарқылдап әзілдесіп жүрген Бейбіт жолдасымыздан қапыда айырылып қалдық. Туралап келген сұм ажал, ортамызды ойсырайтып кетті. Оның өмір жолы күтпеген тұстан ерте үзілді. Өлім түгілі өкпеге қимайтын есіл дос жайлы ендігі жерде тек естелік айтамыз деп кім ойлаған?.. Өмірдің жұмбақтығы да осы болар, ақ кебінді біреуге ерте, біреуге кеш киеді. Бейбіт Қабылқасымұлы 1975 жылы 26 қазанда А.Байтұрсынұлы (бұрынғы Қарасу) ауылында дүниеге келді.1992 жылы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебін бітірді. 1993-1994 жылдары аралығында Отан алдындағы әскери борышын өтеді. Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы мемлекеттік университетіне оқуға түсіп,1998 жылы «биология және дене шынықтыру» пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша диплом алды. Алғашқы еңбек жолын Ақкөл ауылындағы орта мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастады. Кейін ұстаздық жолын аудан орталығындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінде жалғастырды. Білімін шыңдап, тәжірибе жинақтап өмірінің соңына дейін білім беру бөлімінде спорт әдіскері болып қызмет атқарды. Өмірден алған мол тәжірибесін, оқығаны мен тоқығанын үйлестіре отырып, болашақ ұрпақтың сапалы білім мен тәрбие алуына барынша қабілеті мен күш-жігерін аянбай жұмсады. Сондай-ақ, жастарға жаңаша жол салуда тыңғылықты еңбек етті. Өзінің адалдығымен, аңқылдаған ақ көңілдігімен, көпшілдігімен қызмет істеген ұжымына сыйлы да қадірлі болды. Өзі қалаған, өзін өсірген, бағалаған осы саладан ешқашан ажыраған жоқ.
Бұйырған берекетін 22 жыл еңбек еткен адал қызметінен тапты. Отбасы тіршілігінде де ынсапты, қанағаты мол еді, дүние-мүлікке құмар болған жоқ. Дос-жарандарының арасында жүргенде, ешбір уақытта анау жоқ, мынау керек демейтін. Жоққа шыдамдылық танытып, азды қанағат етті. Қашанда ешкімге ауыр сөзі жоқ, бір Алланың разылығы үшін дұға тілеп, бес уақыт намазын оқыды. Бір сөзбен айтсақ барымен базар етіп отыратын жан еді. Бейбіт замандасымыз әкеден қалған өнегелі істі жалғастырып, қолынан келгенше балаларын баулып, жақсы білім беруге, адал еңбек етуге тәрбиеледі. Бұл күндері үлкен баласы Бейбарыс Арқалық политехникалық колледжінде білім алуда. Мәдина Арқалық педагогикалық колледжінде оқиды. Дархан, Әли, Қайсар Ш.Уәлиханов орта мектебінің оқушылары. Кенжесі Мирас 2 жаста. Адамның жан жолдасы, серігімен тату өткізген шақтары өмірдің бір белесі ғой… Кейбір бастаған істері мен армандарын аяғына дейін жеткізе алмай да кеткен болар. Дегенмен өмір жалғасады, тірі пенде тіршілігін жасап, оның ізгі ойларына түйін жасайтын артында қалған жары Әлия мен балалары әрқашанда аман болып, бақытты ғұмыр кешуді Алла нәсіп етсін дейміз. Бейбіт досымыздың ортамыздан кеткеніне де 40 күн толып отыр. Зымырап өтер уақытқа қандай жағдай болмасын көндігу оңай емес екені мәлім. Біз енді жолдасымызды еске алумен ғана жұбана аламыз. Өткен күннен қалатын тек қана естелік. Қашанда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, кейінгі буынға қамқорлық танытқан досымыздың жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады. Иманың жолдас болсын, жатқан жерің жайлы да жарық болсын. Топырағың торқа, жаның жәннаттан орын алсын. Бақұл бол, бауырым!
Әмірхан БАҚТЫБАЙҰЛЫ
Өнегелі өмір ұрпаққа аманат (далее…)
Тиянақты түсінік жұмыстары (далее…)
Ауылым – алтын бесігім (далее…)
Ауылда ауқымды құрылыс басталды (далее…)
Ауылдың сәні – елдің берекесі (далее…)
Освободят от сдачи декларации 90% работников частных структур, пенсионеров, домохозяек и студентов (далее…)
This website uses cookies.