Жерлесіміз Серік Тұрғынбекұлы – 80 жаста!
Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов қазақтың әйгілі ақыны, жерлесіміз Серік Тұрғынбекұлын 80 жасқа толған мерейтойымен құттықтады. Облыс әкімі елордада тұратын жыр құлагеріне телефон арқылы лебізін жеткізіп, деніне саулық, ұзақ ғұмыр тіледі.
Ал, Астанаға өңір басшысының атынан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов, Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай облысындағы өкілі Жанұзақ Аязбеков арнайы құттықтап барып, ақынның иығына шапан жапты.
«Сіз киелі Торғай өлкесінен шыққан қазақтың ардақты қаламгерісіз. Елге, жерге, тұлғаларымызға арнаған талай шығармаңызды руханиятымызға қосылған сүбелі үлес деп санаймын. Өлеңізге жазылған әндер халық арасына кеңінен тарады. Ұлттық баспасөзіміз бен телевизиямыздың дамуында қолтаңбаңыз бар қарымды қаламгерсіз. Шығармашылық жолыңыз ерен еңбекке толы. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шалқар шабыт, отбасыңызға амандық, шуақты күндер тілеймін», – деді аймақ басшысы құттықтау лебізінде.
Ақын да өз кезегінде мерейтойымен құттықтап, сый-құрмет көрсетіп жатқан облыс басшысына, ел азаматтарына ерекше ризашылығын білдірді.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Халықаралық Түркітілдес елдер поэзиясы фестивалінің лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Серік Тұрғынбекұлы 1946 жылы 1 наурызда Жангелдин ауданы Тосын құмының Төлеген қыстауында дүниеге келген.
1964 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Жангелдин аудандық «Жаңа өмір» газетінің редакциясына қызметке орналасқан. Қазақ радиосында аға редактор, республикалық «Лениншіл жас» газетінің Торғай, Қостанай облыстары бойынша меншікті тілшісі, Халық творчествосы үйінде фольклор бөлімшесінің жетекшісі, Қазақ телевизиясының әдеби-драмалық хабарлар Бас редакциясында редактор, Қазақ КСР Баспа, полиграфия, кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде аға редактор, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі болып істеді. «Ақиқат» журналында, Мәдениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық алқасында, Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жастар театрында түрлі қызметтер атқарды. Елордаға көшіп келгеннен кейін Астанадағы С.Сейфуллин мұражайының директоры болып еңбек етті.
Жерлесіміз ондаған жыр жинақтарының авторы. Ақын өлеңіне жазылған әндер халық арасына кеңінен тараған. Бірнеше жыр жинақтарының авторы, аударма саласында бірқатар еңбектері бар. Ақынның аудармасымен А.Твардовскийдің лирикалық өлеңдері «Перзент сыры» деген атпен, «Бауырлас жырлар» сериясы бойынша П.Богдановтың «Москва үшін шайқас» поэмасы оқырмандар қолына тиді.
Шұға АҢСАҒАН
Қоғамның өркендеуі – ең алдымен отбасының беріктігінен басталады. (далее…)
Редакциямызға Айнагүл Қожабаева хабарласып, бауыры Қуанышбай Қиалбековтің өмірін сақтап қалған дәрігерлерге алғыс білдірді. (далее…)
Жангелдин ауданындағы ахуал бақылауда. Қостанай облысында көктемгі су тасқынына қарсы кешенді дайындық шаралары пысықталып, барлық…
This website uses cookies.