Жанкелдин ауданының өнерпаздары тағы бір мәрте жеңіспен оралды
Өнерге әркімнің бар таласы
Жуырда Қостанай қаласында «Тобыл – толқыны» атты екінші ашық қалалық байқау фестивалі өтті.
Бұл байқаудың ерекшелігі екі бағытта ұйымдастырылған. Мәселен, облыстық қазақ ұлттық оркестрінің негізін қалаған Еңбек сіңірген қайраткері, шебер күйші, кәсіби дирижер Назымбек Молдахметов атындағы халық аспаптары мен ансамбльдер арасында және Қазақстан Республикасы мәдениет саласының еңбек сіңірген қызметкері, ҚР халық білімінің үздігі, Қостанай қаласы мен Аманкелді ауданының «Құрметті азаматы» Қалибек Деріпсалдин атындағы ән орындаушылар байқауында бақ сынаған үміткерлер Қостанай өңірінің қала және аудандарынан арнайы келген.
«Байқауға келген өнерпаздардың барлығы облыстық, республикалық фестивалдердің жеңімпаздары. 6 ансамбль, 16 домбырашы, 7 әнші өнер байқауының шырайын келтірді. Біздің ауданнан барған өнерпаздарда ешкімнен қалыс қалған жоқ. Торғай жерінің киелі өнерін асқақтатып жүрген өнерпаздар жоғары деңгейде өнер көрсете білді. Қазылар алқасының тарапынан да мақтау сөздерді көп естідік. Алдағы уақытта республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, ел мерейін үстем қыламыз», – дейді «Ғасырлар пернесі» халық ансамблінің жетекшісі Алмас Сейілхан.
Сонымен өнер байқауының қорытындысы бойынша «Ғасырлар пернесі» халық ансамблі 3 орынды иеленіп, 100 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Ал, домбырашылар байқауында Перизат Қалабай жүлделі екінші орынды жеңіп алып, 70 мың теңгенің егесі атанды. Ән орындаушылар байқауында өнер көрсеткен Алмас Нұрлан номинация иегері болды.
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31