
Жанкелдин ауданында “Аналар кеңесі” ұйымы тағылымды іс шара өткізді
Ырым-тыйым құндылықтары
Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде аудандық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Қазақ ырым-тыйымдары – рухани тәрбие бастауы» атты іс-шара өтті.
Дәстүрлі түрде келе жатқан тағылымды іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Аталмыш шара қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтарын жаңғыртуға, жастарға ата-баба өнегесін дәріптеуге арналды. Кеш барысында қазақ ырым-тыйымдарының тәрбиелік мәні кеңінен талқыланып, ұлттық мұраны ұлықтаған көріністер қойылды. Әуезді әндер орындалып, көрермендерге рухани азық сыйлады. Осындай тәрбиелік мәні бар шаралар жиі өтіп, қазақы салт дәстүріміз жаңғырып отырса өскелең ұрпаққа берері мол. Интернетке тәуелділік, ұялы телефонның баланың болашағына кері әсері жайлы әңгіме өрбіді. Аналар кеңесінің мүшесі Әсем Серікбаева ырым тыйымдардың тәрбиелік мәні туралы кеңінен тоқталды. Аталмыш шара барысында тек қазақы салт дәстүрді дәріптеп қана қоймай, қоғамдағы белең алған мәселелерді қамтыды. Аудандық білім бөлімінің әдіскері Раушан Жаппарова оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, ұялы байланысқа тәуелділікті қадағалау жөнінде кеңінен баяндап, бейнекөрсетілімді көрермендер назарына ұсынды.
Расымен, қоғам дертіне айналып бара жатқан үлкенмен -кішінің интернетпен ұялы телефонға телміруі, құмар ойындарына деген тәуелділік, соңы өзіне қол жұмсауға әкеп соғуда. Баланы еркіне тым қатты жібермей, әлеуметтік желіде кіммен сөйлесетіні, қандай ойын ойнап, не қарайтынын толығымен ата-ана қадағалауға алу керек. Жұмыс барысымен күйбең тірліктен балаға уақыт бөлмеу, кейін өкінішке әкеп соғуы әбден мүмкін. Сол себепті балаға уақыт бөліп, қазақы дәстүрімізді кеңінен бойына сіңіріп өсіру жаман әдеттен аулақ болуға зор ықпалын тигізеді.
Шара барысында көрермендермен ұлттық құндылықтарға байланысты қызықты ойындар ұйымдастырылды. Бұл кештің ерекшелігі – барлық қатысушылардың ұлттық киімде болуы. Әжелер ақ жаулықтарын тағып, кимешек кисе, жастар ою-өрнекпен безендірілген сәнді шапан мен камзол киді. Аналар кеңесінің төрайымы Кәмпит Мұхамедзәкірқызы бұл шараның маңыздылығын атап өтіп, ұлттық дәстүріміді дәріптеуге арналған шараға мұрындық болған қатысушыларға алғысын білдірді.
«Ұлы даланың ұрпағы ретінде біз салт-дәстүрімізді сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуге міндеттіміз. Қазақтың ырым-тыйымдары – халқымыздың өмір сүру дағдысы, табиғатпен үндестігі, адамгершілік қағидаларының айқын көрінісі. Осындай тағылымды іс-шаралар арқылы жастарға ұлттық тәрбиенің маңызын түсіндіріп, олардың бойына ізгі қасиеттерді сіңіруге тырысамыз. Бүгінгі кешке атсалысқан барша ұйымдастырушылар мен қатысушыларға, аналар кеңесінің мүшелеріне алғысымды білдіремін. Ұлттық құндылықтарымыз әрдайым жаңғырып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жетсін»,-деді Кәмпит Елеутова.
Бұл шара – ұлттық мәдениетімізді жаңғыртудың, қазақи құндылықтарды дәріптеудің жарқын үлгісі болды. Жангелдин аудандық аналар кеңесі алдағы уақытта да осындай тағылымы мол жиындарды ұйымдастыруды жалғастырмақ. Кешке жиналған қауым рухани демалып, көтеріңкі көңіл күйде тарқасты.
Аягөз ФАЗЫЛБЕКҚЫЗЫ
Суретті түсірген: Алмас БАТЫРХАН
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31