Жангелдиндегі әр үшінші қылмыс – мал ұрлығы
Өңіріміз мал ұрлығы жөнінен де «қызыл аймаққа» еніпті.
Былтыр Облыс көлемінде осындай 28 қылмыс тіркелген. Ұзын саны 133 бас ұрланып, олардың алпысы ғана иесіне қайтарылыпты. Арқалық, Амангелді және Жангелдиндегі әр үшінші қылмыс – мал ұрлығы. Бұл туралы облыс орталығында өткен «Заң мен тәртіп» аясында өткен ауқымды жиында көтерілді. Мал ұрлығының басты себептерін Облыстық полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин былай деп түсіндірді:
«Ауылдық жерлерде профилактикалық жұмыстар мардымсыз жүргізіледі. Көптеген шаруа қожалығы аумағында бейнебақылау камералары жоқ. Мал бағымы ұйымдастырылмаған. Барлық дерлік өңірде малшы жалдау мәселеге айналған. «Әкімдік-халық-бақташы» тізбегімен үшжақты келісім жасалмайды. Былтыр бақылаусыз жайылымдардан мал ұрлаудың 17 дерегі тіркелді. Бір айта кетерлігі, көп жағдайда сәйкестендіру жүйесіне тіркелмеген малдар ұрланады. Былтыр болған ұрлықтардың 13-і осыны айғақтап берді. Бұған мал иесінің жауапсыздығы және жергілікті ветеринарлық қызметтің тек жас төлді чиптейтіні себепші болып жатады, – дейді ол.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын сою нысандарының жетіспеушілігі де мәселеге айналып отыр. Тіркеудегі саны – 18. Бұл өте аз. Мал сою пункті Ұзынкөл, Меңдіқара, Денисов, Амангелді аудандарымен қатар Жанкелдинде де жоқ. Тәжірибе көрсеткендей, аулада сойылған мал еті заңсыз тасымалданып, құжатсыз сатылып, қауіпсіздігі тексерілмей, сауда сөрелеріне түседі. Таяуда ғана осындай бес ереже бұзушылық анықталған.
Облыстың бас полицейі мәлімдегендей, малды қараусыз қалдыру кесірінен ұрлық көбейгенімен қоймай, жол үстіндегі оқыс жағдайларға ұрындырып жатады. Былтыр иесіз жүрген мал 11 жол апатына себепші болған. Салдарынан екі жолаушы көз жұмып, 16 адам ауыр жарақат алды.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суретті түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31
0 просмотров