Торғайдың шалғай ауылдарына жоғары жылдамдықты интернет тартылады
Жыл соңына дейін Beeline байланыс желісі мен 4G мобильді интернеті іске қосылады.
Торғай өңірінің шалғайда орналасқан Шилі мен Милісай ауылдарының тұрғындары жыл аяғына дейін сапалы әрі жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді. Бұл туралы Шилі ауылдық округінің әкімі Ербол Досмағамбетовтен хабарласып білдік.
Елді мекендерді сапалы байланыспен қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар қолға алынған. Сарысу ауылында арнайы байланыс діңгегі (тірегі) орнатылуда. Жыл соңына дейін мұнда Beeline байланыс желісі мен 4G мобильді интернеті іске қосылады деп күтілуде. Шилі, Милісай және Көлқамыс ауылдарында үстіміздегі жылы заманауи талшықты-оптикалық байланыс желісін жүргізу жұмыстары жүріп жатыр.

Қазіргі уақытта «СК Фабарит» ЖШС мердігер мекемесі тарапынан оптикалық талшықты интернет тарту мақсатында 2/14 және 10 өлшемді микротүтіктерді орнату жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
«Барлық жоспарланған жұмыстар осы жылдың аяғына дейін толық аяқталып, тұрғындар пайдалануына беріледі», – дейді округ әкімі Ербол Досмағанбетов.
Жоба толық іске қосылғанда, шалғайдағы ауыл тұрғындары сапалы байланыспен қатар заманауи цифрлық қызметтерді де кедергісіз пайдалана алады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді жолдаған – Шилі ауылының әкімдігі
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31