Торғайда жабық хоккей корты пайдалануға берілді
Ауылда қысқы спортқа жаңа мүмкіндік.
Жангелдин ауданының Торғай ауылында көпфункционалды жабық хоккей корты пайдалануға берілді. Жаңа спорт нысаны ауыл тұрғындарына, әсіресе жастарға қысқы спорт түрлерімен тұрақты айналысуға мүмкіндік береді.

Жоба облыстық бюджет есебінен жүзеге асқан. Нысан құрылысына 232 миллион теңге бөлініп, мердігер ұйым 2023 жылы мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы анықталған. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталып, өткен жылдың шілде айында толық аяқталған.
Жанкелдин ауданының әкімі Дінмұханбет Бидашевтің айтуынша, бұған дейін өңірде қысқы спорт түрлерін дамытуға арналған инфрақұрылым жеткіліксіз болған. Сондықтан халықтың сұранысын ескере отырып, бұқаралық спортқа қолжетімділікті арттыру мақсатында жаңа спорт нысандарын салу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Жергілікті тұрғындар да жаңа нысанның ашылуын қуанышпен қабылдады. Олардың айтуынша, мұндай спорт алаңдары жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, ауылдан жаңа спортшылардың шығуына жол ашады.
Қазіргі уақытта хоккей кортында мұз қатыру жұмыстары жүргізілген. Енді спорт нысаны жергілікті тұрғындардың игілігіне ұсынылып, қысқы спорт түрлерін дамытуға қызмет етпек.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттер жергілікті тұрғындардан алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31