Торғайда тазалық – тұрақты назарда

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде.

Елімізде қолға алынған Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы аясында өңірлерде тазалық пен көркейту жұмыстары қарқын алып келеді. Соның жарқын мысалы – Торғай ауылы. Бұл елді мекенде санитарлық тазалық пен абаттандыру шаралары жыл бойы жүйелі түрде ұйымдастырылып, ауылдың көркі мен келбетін сақтау басты назарда ұсталып отыр.

Торғайға арнайы келген қонақтар мен жолаушылар ауылдың тазалығына әрдайым оң бағасын беріп жатады. Бұл – тұрғындардың бірлескен еңбегі мен жауапкершілігінің нәтижесі. Мұнда сенбілік жұмыстары тұрақты түрде өткізіліп, әр көше мен әр аула үнемі бақылауда.

Биылғы жылы қыс мезгілі аяқталып, қар еріп, жер қарая бастаған сәттен бастап-ақ тазалық жұмыстары жанданған. Осы уақыт аралығында бірнеше рет жалпыаудандық сенбіліктер ұйымдастырылып үлгерді. Сонымен қатар, облыс әкімінің бастамасымен өткен кең ауқымды тазалық акциясы аясында арнайы жұмыс күні белгіленіп, барлық мекемелер мен ұйымдар белсенді түрде атсалысты.

Ауылдағы әрбір мекемеге нақты көшелер бекітілген. Жалпы саны 40 көшеден тұратын Торғай ауылында қазіргі таңда тазалық жұмыстары толық көлемде жүргізілуде. Қоқыстар жиналып, көшелер ретке келтіріліп, қоғамдық орындар тазартылуда.

Тазалық тек көше тазалаумен шектелмейді. Бұл бағытта тұрғындар арасында да түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әр үйге арнайы чаттар арқылы хабарламалар жолдануда. Әрбір отбасы өз үйінің айналасын таза ұстауға, ауласын жинақтауға міндетті екені ескертілуде. Сонымен қатар, алдағы уақытта үйлердің сыртқы келбетін жақсарту мақсатында әктеу және сырлау жұмыстары да қолға алынбақ.

Қазіргі таңда ауа райының қолайсыздығына байланысты, яғни жаңбырдың жиі жаууына орай әктеу-сырлау жұмыстары уақытша кейінге шегерілген. Дегенмен, күн райы тұрақтанып, жылынған соң бұл жұмыстар жоспарлы түрде басталады. Айта кету керек, кейбір мекемелер бұл істі күтпей-ақ өз бастамаларымен әктеу жұмыстарын бастап кеткен.
Ауыл тұрғындары да бұл игі бастамадан шет қалмай, өз үлестерін қосуда. Олар үй маңын тазалап қана қоймай, балалар ойын алаңдарын ретке келтіріп, ортақ аумақтардың тазалығына көңіл бөлуде. Бұл – қоғамдағы экологиялық мәдениеттің қалыптасып келе жатқанының айқын көрінісі.

Алдағы жоспарлар да ауқымды. Қазіргі таңда жаңбыр салдарынан жер лайсаң болып, кейбір жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік болмай отыр. Соған байланысты өзен жағасын тазарту жұмыстары уақытша тоқтатылған. Алайда жер кепкен соң «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында өзен жағалауларын тазарту жұмыстары басталады. Сонымен қатар, қоқыс полигоны аумағында желмен ұшқан қалдықтарды жинау, айналаны ретке келтіру шаралары да қолға алынбақ.Бұл жұмыстарға тек коммуналдық қызмет өкілдері ғана емес, ауыл тұрғындары мен мекеме қызметкерлері де кеңінен тартылатын болады. Өйткені ауыл тазалығы – ортақ міндет, ортақ жауапкершілік.

Торғай ауылының әкімі Кемеңгер Қарағұловтың айтуынша, тазалық жұмыстары алдағы уақытта да үздіксіз жалғаса береді.

– Ауылымыздың тазалығы – баршамызға ортақ іс. Әр тұрғын өз үйінің айналасына жауапкершілікпен қараса, ауылымыздың көркі одан әрі арта түседі. Алдағы уақытта да барлық мекемелер мен тұрғындарды жұмылдыра отырып, бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырамыз, – деді ауыл әкімі.

Тазалық – мәдениеттің айнасы. Торғай жұртшылығы бұл қағиданы берік ұстанып, туған жердің көркеюіне өз үлестерін қосып келеді.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Редактор

Recent Posts

Торғайлық педагог республикалық олимпиадада топ жарды

Білім мен біліктің сынға түскен алаңында торғайлық жас ұстаз Сымбат Кенжеғали жарқын жетістігімен көзге түсті.…

9 часов ago

Әмина Төлеміс мектепішілік байқауда топ жарды

«Тұлпар мініп, ту алған!» жобасының жеңімпазы аудандық кезеңге жолдама алды. (далее…)

12 часов ago

Жанкелдиндік мемлекеттік қызметшілер кітап бәйгесінде жүлдегер атанды

Қостанайда өткен «Кітап оқитын мемлекеттік қызметкер» облыстық байқауында Жанкелдин ауданының командасы жүлделі үшінші орынды иеленді.…

13 часов ago

Сенбілікке қарабатырлықтар да үн қосты

Қарабатыр ауылында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында сенбілік ұйымдастырылды. Биылдыққа бұл шара ауылда үшінші рет өткізіліп…

6 дней ago

Торғай төсіндегі тұғырлы Қызбел

Киелі мекеннің кешегісі мен бүгінгі келбеті. (далее…)

6 дней ago

This website uses cookies.