Торғайда Ұлыстың ұлы күні тойланды
Тұрғындар ұлттық тағамдар мен киіз үйлер көрмесі арқылы мерекенің көрігін қыздыра түсті
Жангелдин ауданы орталығында өткен «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты мерекелік іс-шара таңғы сағат 11:00-де басталып, ұлттық нақышта безендірілген сахна мен театрландырылған көріністер арқылы көрермендерді шаттыққа бөледі. Халық театры әртістерінің Наурыз көрінісі қойылымында Саққұлақ, Қожанасыр және Алдаркөсе кейіпкерлері арқылы мерекенің мән-мағынасы арта түскендей. Әзіл мен ой-пікірлер халықты күлкіге бөле отырып, ұлттық дәстүр мен бірліктің маңызын көрсетті.
Мерекелік думанды жаршылар да сүйіншілетіп бастап жатыр. Сахнаға шыққан Наурыз қыз көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, жаңару мен жақсылықтың символы ретінде жүрекке жылы лебізін арнады.

Аудан орталығында 8 киіз үй тігілген, мерекеге келген тұрғындар наурыз көже, бауырсақ және ұлттық тағамдар ұсынылған. Әндер мен күйлер орындалып, би мен ойын-сауық арқылы жиналған көпшілік көтеріңкі көңіл-күйге бөленіп жатыр.
Қай заманнан Қыдыр ата мен Ұмай ана Ұлыстың ұлы күнінің мәнін тереңдете түседі. Қыдыр ата елге ырыс пен береке тілесе, Ұмай ана аластау рәсімі арқылы жамандықтан арылуға шақырады. Осының арқасында көрермендер мерекенің рухын сезініп, ұлттық дәстүрлердің терең мағынасын ұғынды.
Ресми бөлімде Жанкелдин ауданының әкімі Дінмұханбет Бидашев құттықтап, Наурыз мерекесінің халқымыз үшін ұлттық бірлік пен татулықты нығайтудағы маңызын атап өтті. Елге тыныштық мен береке тілеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауылдардағы игі бастамалар мен жаңа нысандар туралы баяндады.

Мерекелік шараның бір ерекшелігі ретінде сахнада өткізілген пантомима қойылымында екі палуанның күресін бір адам – Арман Дәулеттің орындауы.
«Көңіл күйіміз ерекше. Аудан тұрғындарынан бөлек, басқа жақтарға көшіп кеткен жерлестеріміз де біздің мерекелік шарамызды тамашалауға келіпті», – деп бөлісті аудандық әжелер алқасының төрайымы Ләззат Зейнекина.
Той барысында ең үздік киіз үй, үздік ұлттық киім және ұлттық тағамдар бойынша байқаулар ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді аудандық ішкі саясат бөлімі ұсынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31