Киелі мекеннің кешегісі мен бүгінгі келбеті.

Қасиетті Торғай даласының Қызбел қырқасы алыстан қарағанда қыз мүсінін елестететін табиғи бедерімен ерекшеленеді. Орта тұсынан жіңішкеріп, бөгенге ұқсайтын бұл жон жергілікті халық санасында анадайдан танылатын киелі өлке.

Түгін тартсаң – тұнған тарих

Қызбелдің күрең топырағынан түлеп ұшқан тұлғалар ұлт рухының биік тұғырына айналған. Бір ғана Міржақыптай арыстың кіндік қаны тамған мекен екені бұл өңірдің киегерлігін айқындап тұр. Арғы замандардан жеткен Өтей, Қарсақ батырлар, Оспан қожа, Назар абыз сынды аңызға айналған есімдер, бертіндегі Күдері Жолдыбайұлы, Сейдәзім Қадырбай, одан бергі сөз зергерлері Сейіт Кенжеахметов, Қайсар Әлім, әйгілі академиктер Сәбит, Сайлау Байзақовтар, Фазылхан Бәйімбетов, Асқар Закарин, қоғам қайраткері Нариман Қыпшақбаев бастаған тұлғалар шоғыры – осы даланың дара болмысын айқындап тұр.

1928 жылы бірлестік болған жұрт 1936 жылы ұжымшарға айналды, 1960 жылы кеңшар болып қанат жайды. 1997 мен 2002 жылдардың арасында «Қызбел» қауымдастығы аталып, кейін бүгінгі ауылдық округ ретінде қайта түлеп, Саға, Бидайық, Ошағанды, Ұзынқарасу секілді елді мекендерді өз қанатының астына алды.

Иә, уақыттың табы бұл ауылды да айналып өтпеді. Кеше ғана мыңға жуық тұрғын мекендеген өңірде бүгінде алты жүздің шамасында ғана халық қалған. Дегенмен, бұл – тіршілік тамыры үзілді деген сөз емес. Керісінше, туған жерден тамырын ажыратпаған, қара жердің қасиетін қастерлеген ағайынның қайсарлығының белгісі.

Күнкөріс көзі – мал шаруашылығы

Қызбел өңірінің басты күнкөріс көзі – мал шаруашылығы. Соңғы жылдары асыл тұқымды төл өсіруді жолға қойған шаруалар саны артты. Солардың бірі – Қарғалы Рысбеков. Бір кездері кеңшарда мал дәрігері болып еңбек еткен ол кәсіп ашу үшін Латвиядан герефорд тұқымды сиырлар әкеліп, бүгінде ірі қара санын 200-ден асырды.

– «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 44 млн теңге алып, бір жаңа трактор және 36 млн теңгеге 45 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алдым. Ол кезде бір бас малдың бағасы 780 мың теңге еді. Ет бағытындағы бұл сиырлардың өнімділігі өте жоғары. Ата-бабамыздың кәсібін жалғау – ниетім еді, – дейді ол.
Қарғалы ауыл жастарына да мемлекеттік жеңілдіктерді пайдаланып, туған жерге оралып кәсіп ашуға үндейді.

Ауылдан алыста жүріп, елге қызмет еткендер

Бидайықтағы Міржақып Дулатұлының кесенесі – Тобыл-Торғайдың ғана емес, жалпы қазақ халқының қасиетті орындарының бірі. Міржақып мұрасы – елдің рухани байлығы. Алаш арысының кесенесіне жыл бойы шетелдік және отандық қонақтар үзілмей келеді. Тіпті Мажарстаннан келген туыстары да арнайы зиярат етіп соғып кетіп жүр. Кесене мен мұражайдың күтім-жөндеу жұмыстарына ұрпақтары мен ел жақсылары тұрақты демеушілік көрсетіп отырғанын айрықша атап өткеніміз жөн.

Қызбелден шыққан азаматтар туған өңіріне қолдау көрсетуді дәстүрге айналдырған. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ел игілігі үшін жұмыла кіріскен жұрттың ынтымағы айқын сезіледі. Бұл игі бастамалардың басында ауыл әкімі қолға алған «Көркейе бер, Қызбелім!» атты кешенді жоспар бар. Осы жоспар аясында өткен жылы ел азаматтары туған жерге шақырылып, жүрекжарды жүздесулер өтті. Кеудесінде намыс оты маздаған, ауыл тағдырына бейжай қарамайтын азаматтар бастаманы бірауыздан қолдап, нақты іске көшті. Соның нәтижесінде мектеп алдында Міржақып атаның еңселі бюсті бой көтеріп, ауыл кіреберісінде қыран бейнелі айшықты визит-нышан орнатылды. Көшелер жарықтандырылып, дала сахнасы салынып, саябаққа жас көшеттер отырғызылды. Демалыс орындықтары мен балаларға арналған әткеншектер қойылып, ауыл ажары айшықтала түсті. Кәсіпкер азаматтардың демеуімен «Қызбел» тойханасы мен балалар ойын алаңы салынып, ел игілігіне берілді.

Туған жеріне жанашырлықө танытқан азаматтың бірі – стоматолог Байгерей Кәкімов. Ол жыл сайын Қызбелге келіп, тұрғындарға тегін медициналық қызмет көрсетеді. Сонымен қатар мектепте үздік оқитын оқушыларға қаржылай сыйлық беріп, түрлі әлеуметтік жобаларға демеушілік жасап келеді.Ауыл тұрғындары оның кез-келген қайырымдылық істе шет қалмайтынын айтып, алғыс айтады.

«Қызбел – менің туған жерім. Бұл ауылдың адамдары – менің бауырларым. Оларға көмектесу – азаматтық парызым.Бұл ешқандай да даңғазалық емес, ауылға деген біздің перзенттік парыздан туған шын пейілім. Көлденең жатқан бір кірпіш болса да, туған жерімізде қалсын деген ниет», – дейді Байгерей Кәкімов.

Қызбел мектебі алғашында «Арал» деген атаумен 1922 жылы Алаш қайраткері Садуақас Жақаниннің бастамасымен ашылған. Кейін атақты Ақсуат орта мектебіне айналған.

Қазір мектеп Міржақып Дулатұлының есімімен аталады

Өткен жылы мектепке облыстық бюджеттен 76,7 млн теңге бөлініп, шатыры, едендері, есіктері жаңартылды. Жылу жүйесі, мұржа жөнделіп, ішкі сылақ жұмыстары жүргізілді. Оқу кабинеттері интерактивті тақталармен, 28 компьютермен, жаңа зертханалық құрал-жабдықтармен толықтырылды.
Бидайық бастауыш мектебі де биыл 8,8 млн теңгеге жөндеуден өтті. Есік-терезелер жаңартылып, жылу жүйесі толық ауыстырылды, кабинеттерге линолеум төселді, интерактивті тақта орнатылды.

Ал Міржақып атамыздың ұрпағы, Бейімбет Майлин ауданында ауыл шаруашылық саласын өркендетіп отырған кәсіпкер Бақберген Өтеулиннің орны ерекше. Кешегі Гүлнар Дултованың көзін көріп, ақ батасын алған ел ағасы отбасымен ұзақ жылдардан бері Міржақып атамыздың рухына лайықты құрмет көрсетумен келеді. Қызбел атырабындағы қайбір істің ортасынан табыла білген Бақберген Қасымұлы Алаш қайраткеріне арналып өткізілетін шаралардан қалыс қалған емес. Әсіресе, былтыр бірегей тұлғаның 140 жылдық тойына қомақты қаражатын салып, үлкен демеушілік көрсетті. Басқа шаруаны айтпағанда, кесенені жөндеп, травертинмен қаптатып, көк күмбезін орнатты. Міржақып Дулатұлы музей-үйін жаңартты.

Инфрақұрылым – ауыл дамуының күретамыры

Өткен жылы ой-шұңқыр болып жатқан Тоқанайдан Бидайыққа дейінгі 90 шақырымнан астам аралыққа қиыршық тас төселіп, қатынас жақсарды. Ал Саға және Бидайық ауылдарының ішкі жолдары жөнделіп, тұрғындардың көптен күткен мәселесі шешілді. Бұрын жауын мен қар еріген кезде жол қатынасы қиындаса, қазір көшелерге асфальт төселіп, жайлы жағдай жасалды.

«Былтыр Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойы қарсаңында облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, Қызбел ауылдық округіне қарасы Саға, Бидайық ауылдарының ішкі жолдары жөнделіп, ел игілігін көруде. Жазда жауыннан, көктемде еріген қардан көшелер саз балшыққа айналып, ауыл ішінде көлікпен де, жаяу да қатынау қиындыққа соғатын. Елдің көптен күткен тілегі орындалып, ауыл көшелеріне асфальт төселіп жатыр, бір сөзбен айтқанда ауыл тұрғындарының өміріне жағымды әсер етуде», – дейді ауыл әкімі Қайсар Нұрғазин.

Биыл Ұзынқарасу ауылында 4 көше, Ошағандыда 1 көшенің жолын жөндеуге техникалық құжаттар әзірленуде. Саға-Ұзынқарасу арасындағы 25 метрлік өткел құрылысы да жоспарда. Саға ауылындағы Жеңіс, Тәуелсіздік, Ғазез Әмірханұлы, Міржақып Дулатұлы, Күдері ақын көшелеріне 93 жаңа бағана орнатылып, 100 Вт жарық шамдары қосылды. Бұл жұмысқа облыстық бюджеттен 19,7 млн теңге бөлінді. Бидайық ауылының Тәуелсіздік көшесіне 5 млн теңгеге23 жарық бағаны қойылды.

Тіршілік көзі мен байланыс – өркениет өзегі

2014 жылы салынған су тазартқыш бекеті алғаш рет 2024 жылы жөндеуден өтті. Насостар мен фильтрлер, желілік құралдар ауыстырылып, қазір ауыл халқы үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етілуде. Фильтрдің ішкі құбырларын жаңарту қажеттігі тұр.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында Саға, Бидайық, Құмшық ауылдарына Beeline 4G антенналары орнатылды. Жобаның жалпы құны – 100 млн теңгеден асады. Сонымен қатар Старлинг технологиясын пайдалана отырып, мектепке, ФАП-қа, учаскелік пунктке интернет қосылды.

Бидайық ауылының санитариясына 8 млн теңге бөлініп, ескі ғимараттар сүрілді, қоқыс шығарылды. 10 млн теңгеге 500 метр еврошарбақ орнатылып, ауылдың келбеті жақсарды. Қосымша мектеп пен мәдени нысандар қоршаулары жөнделді. Тәуелсіздік саябағына 80 түп шырша отырғызылды. Саға ауылына 2 млн теңгеге жаңа орындықтар қойылды.

Қызбелден тіршілік тамыры үзілген жоқ. Туған жерден ажырамаған жұрт қарапайым еңбегімен күнін көріп, ауылдың шырағын сөндірмей отыр. Шүкір, елдің жағдайы дұрысталып, еңсесі көтерілді. Таңмен таласа басталатын еңбек, кешпен бірге келетін береке – Қызбелдің бүгінгі тынысы осындай.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттер ауыл әкімі Қайсар Нұрғазиннен алынды.

Редактор

Recent Posts

Жанкелдин өнерпаздары аймақтық «Алтын микрофонды» бағындырды

Екі талантты жас аудан намысын қорғап, байқауда жүлделі орындарға ие болды. (далее…)

7 часов ago

«Таным жолы – Торғайдан»

Облыстық патриоттық байқауы өтеді. Жоба «Synergy» ғылыми-білім орталығы» қоғамдық қоры тарапынан Қостанай облысы әкімдігінің қоғамдық…

23 часа ago

Тарихи мұрамыздың шырақшысы

Торғай музейлерінің кешенінің басшысы Гүлбану Сәрсекеймен сұқбат. (далее…)

1 день ago

Жанкелдинде 12 мың астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Бірыңғай жер кадастрлық жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасуда. (далее…)

1 день ago

This website uses cookies.