Торғай төрінде «Кеңшілік оқулары» ұйымдастырылды
Жыр сайысы болашақта ірі әдеби жобаға айналмақ.
Биыл қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ақын Кеңшілік Мырзабековтің туғанына биыл 80 жыл толып отыр. Осы мерейтойға орай ақынның туған топырағы – Торғай жерінде «Кеңшілік оқулары» атты әдеби-шығармашылық байқау өтті. Бұл жыр сайысын – жас дарындардың талантын ұштаған мәні зор әдеби іс-шара деп айта аламыз.
Тағылымды шара Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы және Қостанай облыстық өкілдігі, Жангелдин ауданы әкімдігінің бірлесе ұйымдастыруымен өткізіліл отыр.
Торғай төріне Алаштың ардакүрең ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің директоры, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нұржан Қуантайұлы, жерлесіміз, ақын Мұхарбек Жәкейұлы, Жәнібек Әлиман, Олжас Сәндібек ақындар арнайы келіп қатысты. Қаламгердің әулетінен белгілі әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы мен жұбайы Ләззат Жүнісова, Мағжан Кеңшілікұлы бар. Бұл тұлғалардың Торғай жеріне табан тіреуі кештің рухани салмағын арттырып, жас талапкерлерге үлкен шабыт сыйлады.

Тағылымы мол рухани басқосу Торғай ауылының орталық зиратындағы ақынның мәңгілік мекеніне барып, құран бағыштаудан басталды. Одан әрі Ахаң мен Жақаң музейіне тағзым етумен жалғасты. Негізгі бөлім Н.Ахметбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде жалғасты.
Байқаудың ашылу салтанатында Жангелдин ауданының әкімі Дінмұханбет Бидашев қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың, ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтің атынан тілектестік хаттарды жеткізді.
Кеңшілік Мырзабеков – әдебиет әлемінде өзіндік үні, өзгеше өрнегі бар ақын. Сөз зергерінің жырлары өмірмен өрілген, сырға толы, терең, жүрекке жақын, шынайы, ал нәзік иірімдері адам жанымен астасып жатыр. Ал бұл байқау – өскелең ұрпақтың рухани дамуына, шығармашылық қабілетін шыңдауға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған тағылымды шара. Осы игі бастаманың бірегей тұлға туған қасиетті Торғай жерінде өтуінің зор мәні зор. Жас буын Кеңшілік ақынның мұрасын ұлықтау арқылы білім мен талантты ұштастырып, шығармашылық ізденіске жол салып отыр.
Ақынның ұрпағы атынан сөз алған Амангелді Кеңшілікұлы әке мұрасын ұлықтап жатқан ел азаматтарына алғысын білдіріп, жастарға ақ батасын берді.
«Аман ба туған топырақ,
Аман ба Ақшығанағым?
Ақ деген сөзден жарқырап,
Жеткендей жақсы хабарың»,.. – деп әкем марқұм айтқандай, жылдың басында Кеңшілік оқулары Торғайда өтеді деген жақсы хабар жетті. Сол кезден бастап бәріміздің жүрегіміз лүпілдеп, «қандай деңгейде өтеді екен» деп алақұйын сезімді бастан кешірдік. Бірақ қандай заман болғанына қарамастан, халқы ақынын ұмытпай қастерлеп келеді. Тек Торғай емес, бүкіл қазақ Кеңшілік ақын десе ішкен асын жерге қойып, қадірлейді, ұлықтайды. Бүгінгі мәні зор, тағынасы терең істі қолға алған барша азаматтарға басымды иіп, ризашылығымды білдіремін», – деп тебіренді ұрпағы Амангелді Кеңшілік.
Ақын Ғалым Жайлыбай Сырбай, Ғафу ағаларының шығармаларын жата жастап оқып өскен ұрпақ қатарынан. Ал Кеңшілік Мырзабековтің жанында жүрді, жырларын жаттады, өмірде екеуі аға-інідей болды. Кеңшілік өлеңдері Ғалым Жайлыбай шығармашылығына да үлкен серпіліс әкелді. Бірақ көзі тірісінде Мырзабековтің кітаптарының өзі қаншама қиындықпен жарық көрген екен. Оны біреу білсе, біреу біле бермейді. Мысалы, «Боз бие немесе тың жыртқан жыр» балладасы Кеңес үкіметінің цензуралық көзқарасының кесірінен 18 жыл кезек күткен. Соның шет жағасын біз де көрдік, дейді Ғалым Жайлыбай.

«Кеңшілік өз заманына да, өзінен кейінгі буынға да алапат әсер еткен ақын. Соның айғағы – бүгін оқушыларды үлкен дүниеге бастап отырсыздар. Торғайдың топырағы ұлылардың аманатына адал болсын!», – деді Ғалым Жайлыбай.
Байқау екі бағыт бойынша өтті: «Қарлығаш дәурен» – ақын шығармаларын мәнерлеп жатқа оқу және «Іңкәр дүние» – жас ақындардың төл туындыларын ұсынуы. Қатысушылар 5-11 сынып оқушылары арасынан іріктеліп, өз өнерлерін сахна төрінде жоғары деңгейде көрсетті. Байқаудың қазылар жас өнерпаздардың шығармашылығына әділ бағасын беріп, олардың поэзияға деген шынайы ықыласын жоғары бағалады
«Қарлығаш дәурен» номинациясы бойынша Міржақып Дулатов атындағы жалпы білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы Назерке Серікқызы Бас жүлдені иеленіп, Мырзабековтер әулеті атынан 200 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Аңсаған Қоңқабаев атындағы жалпы білім беретін мектебінің 7-сынып оқушысы Айбат Балтабай І орын алып, Ағытаевтар әулеті атынан 150 мың теңге жүлделі болды. ІІ орын иеленген Н.Иванов атындағы жалпы білім беретін мектебінің 6-сынып оқушысы Зере Қазымбекке Өсеровтар әулеті атынан 120 мың теңге табысталды. Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебінің 5-сынып оқушысы Перизат Серік ІІІ орын алып, Әбіловтер әулеті атынан 100 мың теңге сыйлықпен марапатталды. Сонымен қатар бірнеше оқушыға 50 мың теңгеден ынталандыру сыйлықтары табысталды.
«Іңкәр дүние» жас ақындар номинациясы бойынша қатысқан жас талапкерлердің әрқайсысына 30 000 теңгеден ақшалай жүлде берілді. Бұл номинацияда жас ақындардың шығармалары жоғары бағаланып, қаламгерлер қауымы олардың болашақта үлкен әдебиетке бастар жолына сәттілік тіледі.
Кеште Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінің әдіскері, көркемсөз шебері Қазым Батырлан Кеңшілік ақынның жырларын тебірене орындап, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ Ғалым Жайлыбай бастаған ақындар жыр эстафетасын жалғастырып, Кеңшілік Мырзабековтің өлеңдерін оқып, рухани кештің мазмұнын тереңдете түсті.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттер аудандық білім бөлімінен алынды.
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31
0 просмотров