Тасқын судан қауіптенген халықтың қорқынышы сейілген жоқ
Тәуіш ауылының тұрғындары алаңдаулы
Апат айтып келмейді. Елдің еңсесін түсірген тасқын судың зардабы әлі тарқар емес. Күні кеше әлеуметтік желі арқылы «Қоңыраулы» өзені тасып жатыр деген ақпарат тарады. Мұны естіген Тәуіш ауылының тұрғындары бірден іске кірісті. Ауылдағы ер адамдар жұдырықтай жұмылып, қолдарына күрек алып, төрт жерден су жырған «Қисық қарасу» бөгетін қорғап қалу үшін бар күштерін салып жатыр. «Қайыра келе жатқан судың қарқыны қатты» деп дабыл қаққан әуесқой түсірілімнің авторы елдің үрейін ұшырып қойды. Осы орайда, аудан әкімдігінің берген мәліметінде, бөгеттің бұзылған жерлері қалыпқа келтірілген. Сондықтан аса қауіп төнбейтіндігін алға тартты.
– Екі күннен бері бөгеттің қауіпсіздігін қадағалап отырмыз. Қара жұмысқа төзімді ауыл азаматтары бірігіп, тосқауыл қоюдамыз. Қаптарды құмға толтырып, қолымыздан келгенше бөгеу жұмыстарына жедел кірісіп жатырмыз. Ең бастысы елдің амандығы. Сондықтан қолымыздан келгенше, судың алдын бөгеп, елдің қорқынышын бассақ дейміз. Су қарқыны аздап басылғандай. Бірақ, шарасыз күйде отыруға да болмайды. Сақтық шараларына мығым болуымыз керек. Қосымша көмек қажет болса, аудан орталығына жүгінеміз. Ауыл халқы сабыр сақтап, қолдау көрсетіп, демеу болады деген ойдамын, – дейді ауыл әкімі Бақыт Төлебаев.
Тасқын су да тілсіз жаудың қатарында. Әрбір сәтті жіті қадағалап, қауіпсіздік шараларын қамту керек. Егер су қарқыны күшейіп, бой бермейтін болса, Тәуіш ауылының тұрғындары қауіпсіз аймаққа қайтадан көшірілетін болады.
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31