Сенбілікке қарабатырлықтар да үн қосты
Қарабатыр ауылында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында сенбілік ұйымдастырылды. Биылдыққа бұл шара ауылда үшінші рет өткізіліп отыр және тұрғындардың бірлігі мен жауапкершілігін көрсететін маңызды іс-шара болып саналады.
Ауыл әкімі Аманжол Қабылханның ұйымдастыруымен өткізілген сенбілікке Қарабатыр жалпы білім беретін мектебінен жиырма шақты оқушы мен ұстаз, балабақшадан он шақты қызметкер, ауылдық мәдениет үйінен бес адам, ауылдық фельдшерлік амбулаториялық пункттен үш адам, әкімдіктен үш адам және қоғамдық жұмысшылар қатысты. Қатысушылар Қарабатыр мен Ливан ауылы арасындағы жол жиегіндегі қоқыстарды тазалап, ауыл ішіндегі көшелерді сыпырып, жапырақтарды жинады.
«Сенбілік аптасына бір мәрте, сәрсенбі күнді өткізілуде. Сенбілік аясында жаяу жүргінші жолдары, жолдардың бойы тазаланып, жол шеттері, ағаштар әктеліп, ауыл орталығы тәртіпке келтірілді. Бұл ретте мемлекеттік қызметкерлер мен білім беру, денсаулық ұйымдардың қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өтуге болады», – дейді ауыл әкімі Аманжол Қабылхан.
Ауыл тұрғындары мен қызметкерлердің бірлескен еңбегі ауылдың көркін арттырып, таза әрі жайлы орта қалыптастыруға үлес қосты. Сенбілік барысында қатысушылардың ынтымағы мен белсенділігі ерекше байқалды, бұл шара қоғамда тазалыққа деген жауапкершілікті арттырады.

Қарабатыр тұрғындарының көңіл-күйі көтеріңкі болды. Ауа райы да ашық аспан астында еңбек етуге қолайлы. Қатысушылар туған ауылдың әрқашан таза әрі көрікті болғанын қалайды. Аумақты тазалауға ауыл тұрғыны, қоғамдық жұмыскер Юрий Хапров да атсалысты.
«Бүгін біз сенбілікке қатысып, «Таза Қазақстан» акциясын қолдап отырмыз. Әрқайсымыз туған жерімізді көркейтуге үлес қосуымыз керек деп ойлаймын. Қыстан кейін көшеде қоқыс көп болады. Ауылдастарды тазалық сақтауға және абаттандыруға шақырғым келеді», – деді ол.
Бір сенбіліктің нәтижесінде қатысушылар көше бойындағы қоқысты жинап, жол жиектерін және іргелес аумақтарды тазалап, қоқысты шығарып, қоғамдық орындарды ретке келтірді.
Сенбілік аясында 41 адам қатысып, екі техника жұмылдырылып, 8 тонна қоқыс шығарылды.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31