Нәзік жандылардың еңбегі ертеңгі ұрпаққа үлгі
“Ана – бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді” деген қағидатқа сүйенсек, аяулы жандардың қоғамнан алатын мадақ еншісі өте зор
Әңгіменің төркінін әріден бастайын. Кешегі зұлмат соғыс заманында елде қалған аналар егде тартқан қариялармен бірге қара жұмысқа жегілді. Құндақтағы сәбиін оң қолына ұстап, сол қолымен шығыр тартты. Енді бірі перзентін арқалап, кетпенмен жер жыртты. Қыстың қақаған аязы мен ақ түтек боранында өгіз шанамен орманнан отын тасыды. Отбасындағы тірлік пен даладағы жұмысты қатар атқарды. Колхоз, совхоздың малын бақты.
Таңнан кешке дейін дамылсыз еңбек етіп, бір кесе бидайға шүкіршілік етті. Елде қалып, қан майданда оқ пен оттың ортасында жүрген жауынгерлердің қамын жасады. Тауқыметтің зардабын тартып, егемендікке бейнетпен жетті. Бұл күнге жетпей жер жастанғандары қанша ма? Ал, қазір еркіндікте өмір сүріп жатырмыз. Ашам десең кәсіп, жасаймын десең жұмыс бар. Тепсе темір үзетін атбалдай азаматтар қос қолға күрек ұстауға ерінеді. Тіпті, “4000 теңге беремін мал кезекке барып кел десең, мұрнын тыржитып, өзіңе ақиып қарайды”. “Ол ақшаны үйде жатып, табуға болады” деп керкейтіндері де бар. Сайып келгенде үйде жатып табатын ақшасы, балаларға берілетін жәрдемақы немесе біржолғы әлеуметтік көмек. Яғни мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау. Үкімет жалқаулардың жағдайын ойлап, жұмыссыздарды жұмыспен қамтып, қоғамдық жұмысқа тарту мәселесін жүзеге асырды.
Мерзімдік болса да 2 – 3 айға дейін еңбекақы беріледі. Жазда көлеңке де, қыста пештің түбінде жататын кейбір отағалары оған да көнбей қойды. Есесіне, отбасы мен балалардың қамын үшін әйелдер қауымы оң қолға күрек, сол қолға сыпырғыш ұстап, көшеге шықты. 33 градус ыстыққа шашылған жапырақ пен желге ұшқан қағаздың соңында безек қағып жүр. Осының барлығы жанұяның қуанышы мен бақыты үшін. Торғай ауылы орталығындағы қоғамдық жұмысқа тартылған 27 адамның 15 әйелдер. Олар үнемі көше тазалықтарына баса мән береді. Істеген істерінде бір мін жоқ.
Сегіз сағат жұмыстарын жауапкершілікпен аяқтайды. Қыс айларында қар мен жаяу жүргіншілер жолындағы мұздақтарды тазалайды. Еңбекпен тапқан нәпақаларына азық – түлік, балаларымыз қатардан қалмасын деп киім – кешек алып береді. Азын аулақ алған айлықтарын үнем деп шайлықтарына жеткзеді. Бұл суреттегі әйелдер қауымы отбасының тірлігі үшін қандай жұмыс болса да арланбайды. Себебі, ел қатарлы өмір сүріп, айрандай ұйыған отбасының түтінін түзу шығару аналық парыздары. Бұл кісілер жанұяның тірлігін қамти жүріп, ауданымыздың қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, әлеуметтік – экономикамыздың ілгерлеуіне үлес қосып жүрген аяулы жандар.
Байбатыр АХМЕТБЕК
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31