Әдет – ғұрып, салт – дәстүрлер жаңғырған күн
Ертеде ата – бабаларымыз ырым – тыйымдар мен салт – дәстүрлерді ерекше дәріптеген
“Қазақ ырым етсе, қырым кетеді” деген сөз көлденеңнен көк аттылардың айта салғаны болса керек. Күнделікті өмірімізде бір нәрсені ырымдап жасасақ, түбінде қайыры бар екенін жақсы білеміз. Бір жағынан ырымдау – ұлттық салт – дәстүрлер мен әдет – ғұрыптарды қалыптастыруға ықпалы зор. Қазіргі кезде қазақтың кейбір салт – дәстүрлері ұмытылып бара жатқаны да шындық. “Бесік салар”, “Тұсау кесер” дәстүрлерін жиі өткізгенмен басқа маңызды салтымызды ғұрыптау кенжелеп отыр. Ал, оны жас ұрпақтың санасына сіңіру бүгінгі ардақты әжелеріміз бен ақ жаулықты аналарымыздың міндеті.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым – Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамын он күн тойлауды жария етті. Мақсат, елдігіміздің нышанына айналған қайырымдылық шараларды, өткенге тағзым жасауды, игілікті істердің ұйытқысы болуды насихаттау. Осы тұста аудандық мәдениет үйінің ұжымы “Көрісу”, Шежіре”, “Шымырлық пен шеберлік” “Игі істер” күндерін негізге алып, бірқатар игілікті жұмыстарды атқарды. Оған дәлел “Жоралғы” күніне орай аудан орталығындағы ардақты ана, өнер жанашыры, мәдениет саласының ардагері Рыскүл Кәрімқызының шаңырағына барып, Ұлыстың ұлы күні мерекесімен құттықтады. Тайға өңгеріп әкелген қазақы қоржыннан алып, “Жоралғы” жасады. Қазақтың “Жоралғы” салтын жаңғырта келген меймандар наурыз көжеден дәм татты. Рыскүл апамыз алғысын білдіріп, аналық ақ батасын берді.
Жоралғы – қазақ халқының ұлттық әдет-ғұрпындағы кәделердің бірі. Жасы үлкен адамдарға, ағайын-туыстарға немесе сыйлы қонақтарға қалыптасқан дәстүрлерге сай көрсетілетін құрмет. “Жоралғысыз жол болмайды” деп түсінген қазақ халқы ата-баба дәстүрін осылайша қадір тұтқан.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31