Ауылдағы игілікті істер жүзеге асып жатыр
Акшығанақ ауылдық округінің тұрғындары “Экологиялық екі ай” акциясына өзіндік үлестерін қосып, санитарлық тазалықтарды уақытылы жүргізді
Ауылдық ағайындар үйлерінің маңайына сенбілік жасап, ақтау, сырлау жұмыстарын қолға алды. Сонымен қатар, көктемгі қар суының салдарынан жыраға айналған жерлерді түгелдей тегістеді. Енді абаттандыру жұмыстарына ден қойып отыр. Мәселен, Ұлы Жеңістің 76 жылдығына орай “Жеңіс” саябағына 76 түп қара ағаш көшеттерін отырғызды. Қосымша алма және қара шие ағашын екті.
Жас көшеттер мен жеміс ағаштарын күтіп, баптау үшін ақылы қоғамдық жұмысқа 3 адам тартылған. Ендігі міндет сол адамдардың мойнында. Күзге дейін жапырақтары жайқалып өссе, еңбектің еш кетпегендігі. Өткен жылы туған жер перзенттері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласындағы “Туған жер” кіші бағдарламасын жүзеге асырды. Ауылдың гүлденіп, өркендеуіне атсалысты.
Нұр – Сұлтан қаласының тұрғындары Жандос Бейсенбайұлы мен Асен Қоңырбайұлы бастама жасап, ел азаматтары арнайы есепшот ашып қаржы жинады. Игілікті іс жалғасын тауып, ауыл орталығындағы “Жастар” саябағының сырты қоршалды. Заманауи талғаммен жасалған темір шарбақтар алыстан көз тартып, мен мұндалап тұрады. Аталған саябаққа үйеңкі және 250 түп қара ағаш көшеттері отырғызылып, айналасына округ әкімі мен ауыл жастары тазалық жұмыстарын жасады. Ауылды абаттандыру жұмыстары бұнымен шектелмейді.
Алдағы уақытта “Балалар” ойын алаңы салынады деген жоспар бар. Маусым – шілде айларында “Аймақ” айдары бойынша Ақшығанақ ауылдық округінің бүгінгі тыныс – тіршілігі жайлы газетіміздің кезекті санына жариялайтын боламыз.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31