
Қарғалыдағы дабыл: мамандар тексеруді бастады ма?
Жангелдин ауданына қарасты Қарғалы елді мекенінде өзен жағалауынан өлі балықтардың табылғаны жөнінде ақпарат тарады.
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жарияланған бейнежазбада өзен маңында балықтардың шоғырланып жатқанын көруге болады. Бұл жағдайға алғаш болып әлеуметтік желі қолданушысы Марат Молдахметов назар аударды.
Қазіргі уақытта қырылған балықтың нақты саны белгісіз. Ресми қорытынды мен зертханалық талдау нәтижелері әлі жарияланған жоқ. Дегенмен мамандардың айтуынша, мұндай жағдай қосымша тексеруді қажет етеді.
Экологтардың пікірінше, осындай жағдайларда уәкілетті органдар тарапынан жедел тексеру жүргізіліп, су сапасына кешенді талдау жасалуы тиіс.
Алдын алу шаралары ретінде қауіпті болуы мүмкін су көздерін уақытша оқшаулау, өзенде аэрация жүргізу, сондай-ақ тұрғындарды сақтық шаралары жөнінде хабардар ету маңызды.
Сонымен қатар мамандар қоғамдық бақылаудың рөлін де атап өтеді. Ақпаратты асыра сілтемей, бірақ назардан тыс қалдырмай жариялау экологиялық қауіптердің алдын алуға ықпал етеді.
Аталған дерекке байланысты 2026 жылғы 12 қаңтарда Қостанай облысы Экология департаментінің зертхана мамандары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Торғай өзеніне тексеру жүргізуге шықты. Тексеру жұмыстары 2025 жылғы 22 қазанда Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен №386 ережеге сәйкес жүзеге асырылуда.
Балықтардың жағдайына қатысты нақты қорытынды зерттеу нәтижелерінен кейін жарияланатын болады. Сондай-ақ Экология департаменті Қарғалы ауылында антропогендік әсер ететін өнеркәсіптік кәсіпорындардың жоқ екенін хабарлады.
Ал аудан әкімі Дінмұхамед Бидашев тараған ақпаратты жоққа шығарып отыр. Оның айтуынша, қазіргі уақытта балықтың қырылу фактісі тіркелмеген.
– Қостанай облысы Жангелдин ауданы Қарғалы елді мекенінде балықтардың шоғырлануы байқалды. Қырылып жатқан балық жоқ. Шоғырлану себебі арнайы мамандар сынама алғаннан кейін белгілі болады. Қазіргі таңда судың ластануы немесе сасу белгілері анықталған жоқ, – деді аудан әкімі.
Зерттеу жұмыстарының нәтижесі алдағы уақытта қосымша хабарланатын болады.
Шұғыла ЖАҚСЫЛЫҚ, иллюстративті фото
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31