Жангелдин ауданының мал шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмысы сынға алынды
Қостанай облысы әкімдігінде өткен әлеуметтік-экономикалық дамудың тоғыз айлық қорытындысына арналған жиында өңір экономикасының өсімі мен алдағы кезеңнің міндеттері қаралды.
Жиында Жангелдин ауданының мал шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысу мәселесі де көтерілді.
Облыста мал шаруашылығын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Биыл осы саланы қолдауға арналған кешенді жоспар бекітіліп, «Игілік», «Береке» және «Жайлау» бағдарламалары аясында жеңілдетілген несие беру тетіктері қарастырылған. Бұл бағдарламалар асыл тұқымды мал сатып алуға, жаңа фермалар салуға және жайылымдық мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, кепілдік қамтамасыз ету жеткіліксіз болған жағдайда, «Даму» қоры арқылы несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдік беру қарастырылған.
Жиында аталған бағдарламаларға Жангелдин ауданының бірде-бір өкілі қатыспағаны атап өтілді. Осыған байланысты ауданның қолда бар мемлекеттік мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, мал шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмысты жандандыру қажеттігіне назар аударылды.
Аудан үшін негізгі міндеттердің бірі – ет бағытындағы мал шаруашылығын өркендету, асыл тұқымды мал басын көбейту және шаруашылықтардың өндірістік әлеуетін арттыру.
Жалпы, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін қамтамасыз ету мақсатында қала мен аудан әкімдеріне экономиканың барлық салаларындағы қосымша өсім көздерін анықтау, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру және жыл қорытындысы бойынша жоспарланған индикаторларға қол жеткізу міндеті қойылды.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Суретті түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31