Жанкелдин өнерпаздары аймақтық «Алтын микрофонды» бағындырды
Екі талантты жас аудан намысын қорғап, байқауда жүлделі орындарға ие болды.
Жақында Арқалық қаласында дәстүрлі «Алтын микрофон» аймақтық іріктеу кезеңі жоғары деңгейде өтті. Өнер додасына өңірдің әр түкпірінен келген дарынды балалар қатысып, өз өнерлерін сахна төрінде паш етті.
Аталған байқауға Жангелдин ауданынан 4 жас ерекшелігі бойынша 11 үміткер қатысып, тыңғылықты дайындықпен келгендерін көрсетті. Жас өнерпаздар вокалдық шеберліктерін, сахна мәдениетін және орындаушылық қабілеттерін танытып, көрермендер мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

Байқау нәтижесі бойынша Жангелдин ауданының намысын қорғаған қатысушылар жүлделі орындардан көріне білді. Атап айтқанда, кіші топ санатында Фатима Шыңғысқызы І орынды иеленіп, облыстық кезеңге жолдама алды. Ал Мүшелбай Раян ІІ орынды жеңіп алып, өнерге деген зор ынтасы мен талпынысын дәлелдеді.
«Алтын микрофон» – дәстүрі қалыптасқан, талай таланттың бағын ашқан беделді өнер байқауы. Бұл дода жас орындаушыларға үлкен сахнаға қадам басып, өз мүмкіндіктерін кеңінен танытуға жол ашады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың басты мақсаты – жас дарындарды анықтап, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға қолдау көрсету.

«2023-2024 жылдары байқауға қатысушылар болған жоқ. 2025 жылы 3 үміткер аймақтық кезеңге қатысып, барлығы облыстық кезеңге жолдама алды. Ал 2026 жылы қатысушылар саны 11-ге жетіп, олардың ішінен кіші топ бойынша 2 үміткер облыстық кезеңге өтті. Осындай байқаулар арқылы біз болашақ жұлдыздардың қалыптасуына жол ашамыз», – дейді Жанкелдин аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Гүлназ Ахметжанова.
Бұл жетістіктер – жас таланттардың ғана емес, сонымен қатар олардың ұстаздары мен ата-аналарының да еңбегінің жемісі. Осындай байқаулар жас өрендердің шығармашылық қабілетін шыңдап, олардың болашақта үлкен сахналарға жол ашуына үлкен мүмкіндік береді.
Шұға АҢСАҒАН
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31