Жангелдин ауданында қар суы жолдарға қауіп төндіруде
Ағысы қатты қар суы лекерлеп ұстап отырған көтерме жолдарға қауіп төндіріп отыр
Шеген ауылы мен Ақшығанақ ауылдық округі бағытындағы жолдарды су жырып, ел дүрлікті. «Үркейін деп тұрған жылқыға – қиқу салсаң не жорық» деп бекер айтылмаған екен. Әлеуметтік желілерге әуесқой бейнежазбалар тарады. Әр нәрсенің байыбына бармай жатып, сыныққа сылтау іздеп отырған блогерлер сын жазып, жауапты мекемелерді сынай бастады. Бұл уақытта жергілікті билік өкілдері коммуналдық кәсіпорынның техникаларын жұмылдырып, су жырған жерлерді қалыпқа келтіріп жатыр. Көзіммен көріп, фотоға түсіріп келдім. Қарқыны қатты қар суын тоқтату үшін жеке кәсіпкерлердің Камаз автокөліктерін, қосымша күш біріктірді. Жангелдин ауданы әкімінің орынбасары Айдаралы Талпақов, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Талғат Әміров, коммуналдық кәсіпорын басшысы Нұрбек Тілеубаев бозала таңнан іңірге дейін резеңке аяқ киіммен балшық кешіп, мұздай судың бел ортасында жүр.
– Күндіз – түні жол бойындамыз. Қар суының екпіні қатты. Бой бермей тұр. Барлық техникаларды жұмылдырдық. Жердің бәрі езіліп көк саз болып жатыр. Амангелді көшесіндегі бұзылған үйлердің орнынан құм тасып, осында әкеліп жырған жерледі тегістеп, биіктетіп жатырмыз. Екі жұмысты бір атқарып жатырмыз деуге болады. Себебі, төмпешік болып үйіндіге айналған ескі үйлердің орындары тазартылып қалды. Бір жағынан қар суын тоқтатуға пайдасы тиді. Жер құрғап, жаз аяғы кеңігесін арнайы су ағарлар жасап, кемшіліктердің орнын толтырамыз, – дейді аудан әкімінің орынбасары Айдаралы Ақылбекұлы.
Үш жерден жырылған жол қосымша күштің көмегімен қалыпқа келеді деп үміт те сенім де зор. Қысылғанда қыспаққа алмай, керсінше қол ұшын беріп, көмекке келген жөн сияқты.
Байбатыр АХМЕТБЕК
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31