Бүгінгі Шилі ауылдық округінің тыныс – тіршілігі қандай?
Қазіргі таңда ауылдардың әлеуметтік жағдайлары бір қалыпты. Ауыл тұрғындарының ата қонысы болған, бұрыннан ел болып келе жатқан ауылдарда ұйымшылдық, ынтымақ-бірлік бар. Мұндай ауылдарда көпті көрген ақсақалдардың, үлкендердің ақыл-кеңесімен, елге жаны ашитын, туған жерінің гүлденуіне ұйытқы болатын азаматтардың біртұтастығы.
“Ауылым — алтын бесігім” деп туған еліне қолдан келгенше көмек бергісі келетін азаматтар жетерлік. Олар шамалары келгенше жәрдемдесіп келеді. Ауылдардағы ескерткіштер мен тарихи орындарды қайта қалыпқа келтіруде. Көшелерді жарықтандыруға, спорттық және балалар алаңын салуға мүмкіндіктерінше көмектесіп, ауылдың көркейуіне үлес қосып жүр. Ауылдың болашағы сол жерді қоныстанып отырған тұрғындарға тікелей байланысты. Күнкөрістің басты көзі кәсіп. Сонымен қатар, мал шаруашылығы дамыған ауылдың болашағы зор. Бүгін біз аудан орталығынан 127 шақырым қашықтықта орналасқан шалғайдағы Шилі ауылдық округі жайында әңгіме өрбітеміз.
Қыс ерте түсіп, көктем кеш келетіндігі болмаса, жері құнарлы, шөбі шүйгін, мал шаруашылығын өркендетуге өте қолайлы жер. Жоталы даласында мыңғырған қой, табынды сиыр, үйір – үйір жылқы өріп жүрсе қандай керемет. Ауылдағы халық саны 410 адамды құрайды. Ал, мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалығы төртеу ғана. Егін шаруашылығын кәсіп қылған бір адам. Әрине, осыншама тұрғыны бар ауылға бұл аздық етеді. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, еңбекке қабілетті 108 адам бар екен. 12 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған. Үкіметтің берген азын – аулақ ақшасын қанағат тұтып, жүре беру әдетке айналған ба? Неге осы адамдар мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, мал шаруашылығын айналысып, кәсіп қылмасқа? Күнкөрістің түп тамыры кәсіпте екенін ұмытпағанымз жөн сияқты. Себебі, Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы, “Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек”, – деп бекер айтты ма? Сондықтан бүгінімізді емес, ертеңімізді ойлағанымыз ләзім. Басқа ауылдарға қарағанда елде көшу мәселесі мүлдем жоқ. Керсінше, “Еңбек ресурсының ұтқырлығын арттыру бойынша өңірлік ерікті түрде қоныс аударуға байланысты” 4 отбасы көшіп келіп, тұрғандар саны 21 адаммен толықты. Отбасы саны 101-ге жетті. 5 нәресте жарық дүние есігін ашты. Ауылда 38 зейнеткер бар. Өмірден алған мол тәжірибелерін бөлісіп, үнемі жастарға бағыт – бағдар беріп отырады. Жоғары және арнаулы орта оқу орындарда оқитын студеттер саны – 20. Болашақта бір – бір мамандық иелері. Келешекте туған жерлеріне келіп қызмет жасаса игі. 9 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады екен. “Алтын алқа”, “Күміс алқа” иегерлері атанған жалпы 15 көп балалы аналар бар. Ауыл азаматы Айбол Әбенов мемлекеттен қайтарымсыз 516000 теңге несие алып, құс шаруашылығын жандандыруда. Мемлекет тарыпынан беріліп тұрған мүмкіндікті ұтымды пайдалану мәселесіне зейін салған жөн.
–Ауыл бойынша қысқы мал азығын дайындау мәселесі көп қиындық туғызбайды. Қазіргі кезде адамдар заман ағымына икемделіп келеді. Бұрынғыдай тіркемеге айрылап шөп тиеу қалғалы қашан. Технологиямен бірге техниканың да дамыған кезеңі. Осыған сай екі шаруа қожалығы шөп буу үшін рулон пресін және 1 беларус тракторын сатып алды. Жергілікті тұрғындарды уақытылы мал азығымен қамтып отырады. Бағасы да тиімді. Биыл орташа есеппен алғанда 15 000 тонна шөп тасып алынды. Жақында екі адам мал шаруашылығын ашу үшін жер алуға өтініш берді. Ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарын қоса есептегенде ірі қара саны – 1650 бас, жылқы – 575 бас, қой, ешкі – 2400 бас. Мал мамандары жылына екі рет әртүрлі ауруларға қарсы екпе жасап, төлдерін сырғалады. Ел азаматтары Тұралы Тұрсынұлы мен Абай Базылбекұлы өздерінің жекеменшік камаз автокөліктерімен Шұбаркөлден 370 тонна көмір тасып, ауыл тұрғындарын қыстық отынмен толық қамтыды. Жеке кәсіпкерлер Сәуле Шоханова, Ербол Неғыматов, Жанар Сейдахметова тұрғындарды азық-түлікпен қамтамассыз етіп келеді. Шилі ауылдық округі бойынша халыққа мәдени және рухани қызмет көрсететін 2 клуб, 2 кітапхана, 2 мектеп, 2 метпункт жұмыс жасайды.
Әлемдегі экономикалық қиындық кезеңде де Елбасымыз айтқандай, дағдарыстың бәрі өткінші, өтеді де кетеді. Ел Тәуелсіздігі ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгілік. Сондықтан ауылдың өркендеп дамуы жолында еңбек етіп, әлеуметтік – экономикасы ілгерлету біздің басты міндетіміз, – дейді ауылдық округ әкімі Ербол Досмағанбетов.
Ауыл, ауылдық округтар бойынша жас әкімдердің бірі осы Ербол Ғарифоллаұлы. “Жас келсе, іске” деп білек сыбана кірісіп, білмегенін ауыл қарттарымен ақылдасып, шешім қабылдайды. Дегенмен, ұйымдастырушылық қабілеті жақсы. Елді бірлікке шақырып, ауылдың ертеңі үшін қызмет жасауға әзір. Ел перзенттері де қолдап, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде біраз жұмыстарды жүзеге асырды. “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында, “Туған жерге тағзым”, “Рахмет, саған туған ел” кіші бағдарламасын желеу етіп, әр жылғы туған азамат – азаматшалар игілікті іс жасады. 1963 жылғылар Қ.Жармағанбетов мектебінің алдына арка орнатты. 1978 жылғы азаматтар мектеп ауласындағы көрнекті қазақ қаламгерінің ескерткішін қайта жаңартты. Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтарға арналған ескерткішке жөндеу жұмыстары жүргізілген. 1992 жылы туған ел перзенттері мектеп оқушыларына үстел теннисін сыйға тартты. 1986 жылғы азаматтар көше жарықтарын жаңалап, 25 прожектор орнатып берді. Ауылдықтар бас көтеріп, қалталарынан қаражат шығарып, ауыл кафесіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сырт жерде жүрсе де жүректері ел деп соққан ауыл тумалары демеушілік жасап, кафені қажетті ыдыс – аяқтармен жабдықтаған. Сондай – ақ, қазан айында “Шилі мешіті”, Шилі ауылдық округіне қарасты Милісай ауылында “Милісай мешіті” салынды. Бұл да туған жер перзенттерінің жасаған игілікті істері. Айтпақшы, ауылдық ағайындардың көп жылдан бергі армандары орындалатын күнде алыс емес. Өйткені, “Шилі” бөгетінің құрылыс жұмыстары аяқталуға бір табан жақын қалды.
Бөгеттің күрделі құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен 201 млн 316 мың 300 теңге қаржы бөлінді. Мердігер атанған жауапкершілігі шектеулі серіктестік өкілдері қараша айында құрылыс жұмысы толығымен аяқталады деп сендіріп отыр. Іргетасының қаланғанына 85 жыл болған бөгетке, ел тарапынан айтылатын жыл сайынғы “әләуләйлім” жыры бітіп, халық “хәләуләйлім” деп игілігін көретін болды. Бұйырса, спутниктік ұялы байланыс желісі де орнатылады. Күні кеше Алматы қаласынан келген “Beeline” орталығының операторлары осы қуанышты хабарды жеткізіпті. Отандық телеарналарда “Beeline” жарқын жақта өмір сүр”, – деп жарнамалайтын ұялы байланыс шалғайдағы Шиліге жетіп, ондағы халық жарқын жүзбен күлімдеп жүретін болады. Ең бастысы малмен күнелтіп отырған халық үдере көшпесе болғаны. Олай болған жағдайда болашақтың тамырына балта шапқандай боламыз. Өйткені, халық саны азайған сайын, мектептегі бала саны да кемейді. Сайып келгенде, ауылдағы орта мектепті жабуға мәжбүр етеміз. Қысқасы, ұтылатын емес, ұтымды жағын орайластыруымыз қажет. “Таяқтың бір басы саған, бір басы оған тиеді”, – деп кері тартпай, оның екі ұшын – пайдасы бар кәсіп пен мал шарушылығына бағыттағанымыз дұрыс. Шилі ауылы игі бастаманы жыл сайын жалғастырып, бірден бірге сабақтастырып отыратын болса, болашағынан зор үміт күтетініміз анық.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31